» » Құн және құнсыздық

Құн және құнсыздық



Мерекелік демалыста қалаға бардым. Күн оншалықты ызғарлы болмаса да салқыны бет тоңдырарлық. Ауа райының ығына қарай көбелек қанат ақша қар жапалақтап жауып тұр. Көшеде сапырылысқан қалың адам бірі үйіне асықса, енді бірі белгілеген уақытынан кездесуіне кешігіп барады. Қала іші қашан да тынымсыз тіршілік емес пе? Осының бәрін сырттай бақылап жұрт соңында мен де ілби басып жүріп келем.
Бағдаршамға жақындап қызыл белгіге тоқтағаным сол еді, бағана түбіндегі қоқыс жәшікке көзім түсті. Жылтыр қағазға оралған гүл шоғы қоқыста жатыр. Ауызбен айта салатын екі-үш түйір емес, кәдімгі бір құшақ қып-қызыл роза гүлі. Сабағынан қиылғанына көп болмаса керек, жапалақтап жауған қар оның бойындағы жылуға су болып еріп, иісін одан әрі айналаға шашып тұр. Обал-ай! Кімге ұнамай қалдың екен? Әрлі-берлі өткендер нәзік өсімдіктің бұлай жатқанын миығына қыстырғаны былай тұрсын, тіпті жаны ашығандары сезілмейді. Қайтсін үйреншікті жағдай ғой. Мұндай жағдай кездеспей жүр деймісіз? Қазір қоқысқа тасталған бесікті, баланы да жұрт көріп жүр емес пе? Оның қасында бұл не тұрады. Сонда да мына көрініс мені бей-жай қалдырмады. Гүл – махаббаттың, сезімнің, сыйластықтың символы дейміз. Алайда мұны көріп сол ойымнан жылулықты байқамадым. Бір қоқыстағы гүл біраз нәрсені аңғартты. Жалпы біз бойымыздағы адами құндылықты жойып алғандаймыз.
Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсыновтың «Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамайды» дегені әсте ойға оралады. Иә. Расымен қоғам үшін деп айналаға тірлік етуден қалып барамыз. Қазір қуаныш, қайғы да отбасынан аспай қалды. Өз күніңді өзің көр деген саясатты санамызға сынадай сіңіріп алғанбыз. Айналаға, жақын туысқа мейіріммен қараудан алыстадық. Қазір не көп? Қоғамға кері әсерін тигізетін түрлі жайттар белең алуда. Соның ішінде сыйластықтың қадірін бағалаудан қалып барамыз. Туысқа, досқа, әке-шеге деген құрмет бүгінде жағымсыз әрекеттермен орын алмасты. Ата-анадан безініп, оларды қарттар үйіне өткізу без бүйрек бала үшін үйреншікті іс болды. Екі жастың арасындағы сезім бүгінде баянсыз бақытқа ұласып, соның салдарынан ажырасу бүгінде қоғам дертіне айналуда. Жастар ғаламтор арқылы танысып, бір көрген адамын өзінің өмірлік жарына балап, алданып қалуынан немесе жеңілтек жүріс пен ішкіліктің зардабынан тастанды сәбилер көбейді. Бүгінде адамда адамгершілік жойылып, кеудедегі менмендікке басымдық берілді. Міне осының әсерінен қоғамға деген жанашырлықтың сипаты жоғалғандай. Бір сөзбен айтқанда манағы бір көрген көрініс соны ұғындырды.
Жақында әлеуметтік желіде ерекше картина мен болған жағдайға көз ілікті. Ол 1967 жылы 21 қазанда Француз фотографы Марк Рибудың Пентагон ғимаратына қарама-қарсы Вьетнам соғысына қарсы пацифистік демонстрацияда түсірілген суреті. Онда АҚШ Ұлттық гвардиясының Қарулы сарбаздарының мылтығына қарсы қорғансыз күйдегі қыздың гүлді мылтықтың тұмсығына салып тұрғаны бейнеленген. Фотосурет бүкіл әлемге жарияланып, хиппилер арасында «Гүлдер энергиясы» соғысқа қарсы қозғалысының символына айналған. Ал бізде бәрі керісінше. Гүлге нәзік деп қарамағанымыз бен қоймай адами құндылыққа мән беруден ада қалып жатқандаймыз. Ең бастысы өз менімізді қоғам мүддесінен биік қоймайық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
10 қаңтар 2022 ж. 314 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 375

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 455

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930