» » Елге жарық сыйлаған

Елге жарық сыйлаған


ЖАРЫҚ ЖЫЛП ЕТІП СӨНЕ ҚАЛҒАНДА ТЫПЫРШЫП КЕТЕТІНІМІЗ РАС. ІСІҢІЗ ДЕ АЛҒА БАСПАЙДЫ. ЖҰМЫСЫҢЫЗ ДА ТҰРАЛАП ҚАЛАДЫ. БҰРЫН «СВЕТ» ДЕГЕНІҢ УАҚЫТЫМЕН ЖАНАТЫН. ДҮКЕНДЕРДЕ БАЛАУЫЗ МАЙШАМ ТҰРМАЙТЫН. БІЛТЕ ШАМНЫҢ ЖАРЫҒЫМЕН КҮН КЕШТІК. ҚАЗІР БАРЛЫҚ ТЕХНИКА ОСЫ ЖАРЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫ. ӨЙТКЕНІ ЦИФРЛАНДЫҚ. АЛ ОЛ ЖАРЫҚ БІЗГЕ ҚАЙДАН КЕЛІП ТҰР? ӨМІРІНЕ ҚАУІПТІ ЖҮК АРҚАЛАҒАН ЭЛЕКТР ТОРАБЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АТҚАРЫП ЖАТҚАН ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ? БІЗ КӨПТІҢ НАЗАРЫН ЕҢБЕГІ ӨЛШЕУСІЗ, ЕҢБЕКҚОР ЭНЕРГЕТИКТЕРГЕ АУДАРМАҚПЫЗ.
Қызметтік көлік жүйткіп келіп аудандық электр торабына тоқтады. Бұрын алыстан-ақ менмұндалайтын үлкен-үлкен электр бағаналары қазір шағын, жинақы болып тұр. Әрине, оның өзі үрейді үдетпесе, кемітпейді. Өйткені ірі электр бағаналары былай тұрсын, үйдегі «лампочканы» ауыстырудың өзі мұң секілді. Әңгімені әріден бастаған мекеме басшысының айтуынша, алғашында бұл жерде небәрі 13 адам жұмыс істесе, 2 көлік қызметке жарапты.
– 1920 жылы 22 желтоқсанда ГОЭЛРО жоспары, яки ел тарихында электрлендіру негізіндегі халық шаруашылығын дамытудың алғашқы жоспары қабылданды. Аудандық электр торабы 1969 жылы 220/35/10 кВ Жосалы қосалқы стансасына қызмет көрсету мақсатында құрылған. Бертін келе аудан көлеміндегі электр желілерінің ұлғаюына байланысты адам саны да, техника да арта бастады. Қазір электр торабында 60 қызметкер, оның ішінде 10 инженер жұмыс істейді. 9 әртүрлі және арнаулы көлік бар, – дейді аудандық электр торабының басшысы Руслан Еспенбетов.
Ауданға үздіксіз жарық берген торап стансасына бардық. Алыстан қуыршақтай көрінген торап біз жақындаған сайын үлкейіп, биіктеп жатыр. Қысым, мөлшерден артық энергия, әйтеуір кері күш денеңді қысып тастағандай. Еркін тыныстау мүмкін емес. «Мында келіңіздер» деген мекеме басшысы кезекшілікпен осында қызмет атқаратын құраммен таныстырды. Мұндағы кезекшілікте электромонтер Руслан Райымов отыр екен. Жаңа ғимаратқа көшкен қызметкерлердің жұмысы да бұрынғыдай емес, цифрланған. Дегенмен ол бар жұмысты заманауи техника атқарады деген сөз емес қой. Оны кезекшіліктегі қызметкерден байқадық. Біз түсінбейтін әлденені істеп жатыр. Қарауға уақыты жоқ.
Әңгімені әрі қарай жалғаған Руслан Марукаұлы әр қондырғыға күрделі жөндеу жылдық жоспарға сай жүргізіліп келетінін жеткізді.
– Торап балансында 35 кВ 282,0 км, 231,7 км 10 кВ, 290,0 км 0,4 кВ электр желісі, 35/10 кВ 10 қосалқы станса, елді мекендерге тарайтын 10/0,4 кВ 88 қосалқы станса бар. Энергия аурасы қан қысымына әсер етеді. Сол себепті денсаулығына зияны тимес үшін қызметкерлер кезекшіліктен соң екі күн демалады, – дейді электр торабының басшысы.
Биыл аудан көлемінде бірнеше жұмыс атқарылған. Мәселен, 35 кВ әуе желісінің 31 бағанамен, 1500 шақырым сымдары жаңаланған. 10 кВ әуе желісінің 46 бағанасы мен 7500 шақырым сымдары жаңаланса, 0,4 кВ әуе желісінің 57 бағанасы және 12 000 шақырым сымдары жаңаланыпты. Аудандық электр торабының қызметін тәптіштеп таныстырған басшы «бұл жерде ұзақ қалуға болмайды» деп әңгімесін түйіндеді.
Станса мекемеден алыс орналасқан. Жол жөнекей әңгімеден әңгіме өрбіп жатыр. Бір қызығы жаңбырлы күнге қарағанда қыстыгүні қауіп көбірек болады екен. Мәселен жалғай орналасқан сымдардың бетін қалың қар жабады. Ал сым бойынан өткен тоқ қызып өтеді. Қар еріп мұз болады. Ал мұз тоққа кері әсерін тигізеді. Ең бастысы көбінің ойында жүрген «жаңбыр жауса қалтафонымды қуаттайын, жарықты өшіріп тастайды» деген ойға жауап алдық. Жаңбырлы күні стансада жарық мүлдем сөндірілмейді екен. Тек елді мекендегі, көшедегі, әйтеуір тоқ алып тұрған сымнан ақау кетсе, соны жөндемекке ғана өшіріледі.
Әлем бойынша пайдаланылатын бір сағаттағы энергияның 0.013 проценті Google компаниясына тиесілі екен. Бүгінде смартфонсыз уақыт өткізуді елестету мүмкін емес. Әсіресе, карантиндік режим кезінде қалта телефонындағы интернетті кәдеге жаратып жүрміз. Бұл энергия көлемі 200 мың үйді үздіксіз қамтамасыз етіп отыруға жетеді. Демек, бір күнде 4800 үйге жұмсалатын энергия текке кетіп жатыр деген сөз емес пе? Жұмыс орындағы, не үйдегі жарықты сөндіруді ұмытатын жандар әрбір нығметтің обал-сауабын білсе дейміз. Гиннестер кітабына енген әлемдегі ең ірі ГРЭС-2 электр станциясы бар деп оны оңды-солды жұмсауға да әсте болмас.
Айтпағымыз, энергияның да, энергетиктердің де қадірін білсек екен. Жарық өшсе тұтас ауданды жарықпен қамту үшін Қармақшы аудандық электр торабының қызметкерлері бұрқасын желге, тоқтаусыз жауынға, бораған қарға қарамай қызметін адал атқарады. Түннен таңға созылған операцияда қызмет көрсететін жерлестер жар құлағы жастыққа тиместен тәуліктеп еңбек етуде.
Айнұр ӘЛИ
25 желтоқсан 2021 ж. 314 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031