Бұрымды боксшы
ОСЫДАН 4 ЖЫЛ БҰРЫН №15 АУДАНДЫҚ ОЛИМПИАДАЛЫҚ РЕЗЕВТІҢ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНЕ ИМЕНЕ КІРГЕН ҚАРШАДАЙ ҚЫЗ ГҮЛСЕЗІМ САДЫҚОВА БҮГІНДЕ БІРАЗ БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРҒАН БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАП ШЕБЕРІ. БҰРЫМДЫ БОКСШЫНЫҢ ШАРШЫ АЛАҢДАҒЫ ШЕБЕРЛІГІ ӘР ЖАРЫС САЙЫН ШЫҢДАЛЫП КЕЛЕДІ.
Былтыр Қазақстан Республикасының қола жүлдегері атанса, қазіргі таңда республикалық құрамға кірді. Бірнеше дүркін жеңіс төрінен көрініп жүрген ол кент орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 11 сынып оқушысы. Білікті бапкер Жандос Топаевтың шәкірті жуырда ғана Алматыда өткен республикалық турнирден табысты оралды. Олимпиада чемпионы, Алматы қаласының мәслихат депутаты Ермахан Ибрагимовтың жүлдесіне арналған республикалық турнирде ІІІ орынды қанжығасына байлаған ару облыстық құрама сапында өнер көрсеткен. Облыс мерейін асқақтатып жүрген Гүлсезім өзі таңдаған спорт түрінің ерекше екенін алға тартады.
– Мені боксқа өзімнің қызығушылығым жетелеп әкелді. Алғашқы кезде тек өзім үшін дайындалып жүрдім. Кейіннен өмірімді бокссыз елестету мүмкін болмады. Қатал да қиын спорттың бұл түрі қыздарға лайықсыз деуге келіспеймін. Ол әдемі спорт түрі, – дейді ол.
Ал Гүлсезімнің жеке бапкері Жандос Топаев шәкіртінен болашақта үлкен үміт күтеді. Ол әлі де талай мәртебелі жарыстарда жеңіске жететініне сенімді. Боксшы қыздың таудай талабына, ерік-жігеріне бірге жаттығатын боксшылар да тәнті.
– Мен Гүлсезімге жетекшілік еткелі 4 жылдай уақыт болды. Ол жаттығудан тыс уақытта өте көпшіл, көңілді, нәзік. Ал бокс залына келгенде мүлде өзгеріп, қанаттанып кетеді. Өте мықты боксшы қыз. Жұптасып бокстасқанда жігіттерге де қарсы тұра біледі. Әлі бағындарар белесі мол, – дейді шәкіртіне сенім артқан бапкері.
Спортты серік еткен сұлудың алдағы уақытта да әлемдік деңгейде өз шеберлігін дәлелдеп, жеңіс төрінен көрінуіне тілекшіміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА