» » Таңдауым – төл басылым

Таңдауым – төл басылым

Газетті іздеп, сұрап оқитын оқырмандарды руханият жанашырлары деп танимыз. «Кешегі газет санында тым тәуір тақырып қозғапсыңдар» десе, бірде «мына мәселе өзекті еді, сәл шикілеу, бір қайнауы кем болыпты» деп ұсыныс-тілегін жеткізіп келетін оқырмандар көп. Білім саласы ардагері ретінде қандай қоғамдық жұмыс болсын бел ортасынан табылатын Балтабек Шүлтіковті білмейтіндер кемде кем.
Біз абыройлы азаматты ақылшы аға, төл басылымның тұрақты оқырманы деп танимыз. Ол 1956 жылдың желтоқсанында Жосалы кентінде дүниеге келген.
«Қарапайым отбасында 7 бала өстік. Әкеміз Көлбай көп газетке жазылатын. Бірақ арасынан бірінші «Коммунизм шамшырағын» алып оқитын. «Шопан баласына таяғын берді», «Көктемнің бір күні жылға азық» деген секілді тартымды тақырыптағы мақалалар оқымасыңа қоймайды. Бізде теледидар, телефон болған жоқ. Әдеби кітаптар оқитынбыз. Газеттегі «Қаламгерлер» беті әрбір жастың сүйікті айдары еді. Қармақшыдан шыққан мықты қаламгерлердің шығармалары жиі жарияланатын. Күтіп жүріп оқып, қатарластарымызбен талдайтынбыз. Қазақ тілі мен әдебиетіне құштар болдым. Ол мамандыққа балым жетпей, кейін математикадан дайындалып Физика-математика факультетіне оқуға түстім» деп мереке қарсаңында емен-жарқын отырып әңгімесін айтқан ардагер тәуелсіздіктің оңай келмегенін де тілге тиек етті.
Оқу бітіріп, ауылға келген жасты №26 мектептің сол кездегі директоры Әбдуәли Жаназаров бірден жұмысқа қабылдайды. Еңбек жолын қоғамдық пайдалы еңбек ұйымдастырушысы болып бастаған жас оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметіне дейін көтерілген. Қармақшыдағы ең іргелі оқу орны, қарашаңырақ саналатын мектепте табан аудармастан 40 жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан.
– Қазіргі Абай көшесінің бойындағы жайқалып тұрған талдарда қолтаңбам бар десем артық айтқаным емес. Жыл сайын сол көше бойына оқушылар мен ұстаздар ағаш отырғызамыз. Бірақ қоршауы болмаған соң бүршік атқан ағаштар қой мен сиырға азық болды. Кейін атқару комитетінің төрағасына «осы егілген ағаштарды қоршауға мүмкіндік жасасаңыздар» деген ұсыныс білдірдім. Бұл ойым жүзеге асып, біздің де еңбегіміз еш кетпеді. Қолдап суарып, күтіп баптаған ағаштарымыз қазір жайқалып, кентке көрік беріп тұр, – дейді ол қуанып.
1996 жылы №26 мектептің 100 жылдығы аталып өткен. Мерейтойға мектептен түлеп ұш­қан мақтаныштардың барлығы жиналған. Атақты дәрігер Камал Ормантаев, жазушы Өтен Ахметовпен бірге сол кездегі Парламент депутаты Жәлел Бәкіров келеді. Сонда әлгі депутат «мен де ең болмағанда осы мектептің партасында, осы мектептің ұстазынан бір күн білім алғанымда ғой деген бір арман туып бара жатқанын қалай жасырайын» деген екен. Содан-ақ мектептің, онда еңбек еткен ұстаздардың жұмысын байқауға, бағалауға болады.
– Өте қиын кезеңде басшылық еттім. Мақсатымыз не, келешегіміз қалай болады? Бәрі бұлыңғыр еді. Ешкім ешкімге қарамайтын. Тіпті сол кездері тақтаға жазатын бор да болмады. Егемендік алғаннан кейін де теңгеміз пайда болғанша көп қиындық көрдік. 1993 жылы қатты қыс болды. Отын, көмір болмады. Мектептердің жылу қазандықтары жарылып, істен шықты. Мектептер оқуды тоқтатуға тура келді. Сонда №26 орта мектеп қана жұмыс істеп тұрды. Түске дейін өзіміздің оқушылар, түстен кейін №121 мектеп келіп оқыды. Зайыбым Құндызай да педагог, физика-математика пәні мұғалімі еді. 1993 жылдары тұрмыс жағдайына байланыс­ты саудаға шықты. Қазір кәсібін дөңгелетіп отыр. Жағдай 1995 жылдан бері қарай дұрысталды. Біз тәуелсіздіктің қалай келгенін, елдің осы деңгейге қалай жеткенін көзбен көрген, қиындығын сезінген өкілміз. Балаларым ел астанасы Нұр-Сұлтанда қызмет қылуда. Қазір қуантарлығы, цифрлы жүйе дамыды. «Қармақшы таңының» электронды сайты бар. Қолға ұстап, сезініп оқығандай болмайсың, әрине. Дегенмен өзге қалада отырып ауылдың жаңалығын алақандай телефоннан көріп отырса керемет емес пе? Мен газеттің, балаларым сайттың тұрақты оқырманы, – дейді ардагер ұстаз жарқын жүзбен.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
21 желтоқсан 2021 ж. 525 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 097

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930