» » Еңбек анасы Бибігүл

Еңбек анасы Бибігүл


Мерейлі кешке аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы, облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова мен осы бірлестіктің аудандағы филалының төрайымы Үрзахия Болтайқызы, аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов, Еңбек Ері Абзал Ералиев және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шакизада Әбдікәрімов қатысты. Сахна төріне еңбеккер ана Бибігүл Әбішева мен жұбайы Кариман Сыдықұлы шақырылса, кеш иесін құттықтауға аудан басшысы сөз сөйлеп, сый-сияпат жасады.
– «Сыр – Алаштың анасы» деп аталған киелі өңірде еңбекте ерен ерліктің үлгісін көрсеткен абзал ағаларымыз бен аналарымыздың орны ерекше. Кеңестік кезеңде ауылда маман тапшылығы белең алған уақытта елдің әлеуетін көтеру үшін ерлермен бірге нәзік жандылар да атқа қонса, соның бірі – Бибігүл апамыз. «Еңбек түбі – береке» демекші, бүгінде өркениетті даму жолына түскен елдің бүкіл тыныс-тіршілігінің басы-қасында болып, бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына үлес қостыңыз. Уақытпен санаспай ерлермен иін теңестіре еңбек еттіңіз. Ендігі өмір жолыңыз жастарға үлгі болмақ. Қалған ғұмырыңызда деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы.
Мұнан соң Сыр сүлейлерінің ұрпағы, жырау Әділбек Сүлейменов Бибігүл апамызға арнау-жырын айтып, домбырасын күмбірлетті. Облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Алмагүл Божанова механизатор апамыздың қазақ қо­ғамындағы ерекше болмысын сөз етті.
– Бибігүл Әбішқызы ауылға талай еңбегін сіңдіріп кетсе де мен ол кісіні әлі ат үстінде деп айтар едім. Сол кездегі өмірге, еңбекке деген құштарлығы болуы керек қазірдің өзінде қоғамға араласып, ауылдың өркендеуіне бар үлесін қосып келеді. Осыған орай қоғамдық бірлестік аға буын өкілдерінің сара жолы кейінгі ұрпаққа өнеге етуде «Сыр елінің дара есімі» атты жобасын қолға алған болатын. Міне, Бибігүл апамыздың есімі де осы даралардың қатарына енді, – деді ол.
Өмірдің мәні еңбек деген ұстаныммен жүрген абзал ана тек Сыр аймағының ғана емес, барша қазақ халқының біртуар мақтанышы. Жауапкершілік жүгін зор сеніммен арқалаған ол, ұлы еңбектің көрігін қыздырып, механизаторлығымен Еңбек Еріне айналды. Тағылымды кеште Бибігүл Әбішқызымен бірге еңбек еткен ардагер Серікбай Айманов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов, «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов өз естеліктерінен сыр шертсе, ақын Шакизада Әбдікәрімов арнайы өлеңін оқыды.
Адамның жетпіс деген жарқын жасы,
Төменнен төрге шыққан алтын басы.
Еркіне көк темірді бағындырған,
Қазақтың сіздей болар нар тұлғасы.
Толтырып ұрпағыңмен гүл бағыңды,
Қызықпен қызылдай бер қырманыңды.
Еске алам құрметпен Жаңажолда,
Жарасып қатар жүрген жылдарымды.
Дәл бүгін теңеріңнен толып тұрсың,
Ел халқың қадіріңді көріп білсін.
Желдіртіп желмаясын жеткен жетпіс,
Шаршатпай жүз жасқа да жолықтырсын.
Іс-шара соңында Бибігүл Әбішева сөз сөйлеп, еңбек жолында бірге жұмыс істеген қатарлас қыздарын еске алды. Кешті ұйымдастырған барша жандарға рақметін айтып, аналық алғысын жеткізді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
14 желтоқсан 2021 ж. 635 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 281

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 376

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930