» » Тұсаукесер: «Сыр журналистикасының тарихы»

Тұсаукесер: «Сыр журналистикасының тарихы»


«Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды қадірлеу алдымен өзіңнің туған өлкеңнің
тарихы мен табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

Сенбі күні облыс әкімі Гүл­шара Әбдіқалықова отандық жур­налистиканың дамуына үлес қосып жүр­ген бірқатар азаматтарды қа­былдады.
Аймақ басшысы қаламгерлердің халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін атап өтіп, Тәуелсіздік мерекесінің отыз жылдығына сый ретінде "Сыр журналистикасының тарихы" атауымен 5 томдық кітаптың жарыққа шығып отырғанын жеткізді. "Бұл журналистерге деген құрметтің бір дәлелі" деді ол өз сөзінде.
Тарихты түгендеу – келешек ұрпақ алдындағы парасатты парыз. Елдің рухани байлығын жаңғыртып, болашаққа аманат ету де – бүгінгі күннің иелігіндегі мәселе. Өткенді ұмытпау, ұлтымыз үшін құнды саналатын бағалы дүниелерді әспеттеу – еліміз Тәуелсіздік алған отыз жылдықта үзбей насихатталып, оқырман ойында зерделеніп келеді.
Облыс әкімінің қабылдауынан соң Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдық кітаптың тұсаукесер рәсіміне жалғасты. Облыс әкімдігінің қолдауымен және «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлесті­гінің ұйымдастыруымен өт­кен рәсімді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жүргізіп, Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласымен үндес­кен игі бастаманың тағылымдық мәніне тоқталды.
– Сыр журналистикасы тари­хының басын біріктірген 5 том­дық кітабымыздың орны Сыр жұртшылығы үшін аса ерекше. Себебі, мұндай кітап өңірлер бо­йынша алғаш рет шығып отыр. Бұл рухани байлықты журналистика саласының энциклопедиясы деп те айтуымызға толық болады. Бұл ретте Сыр өңірі өзінің тағы да тың идеясын алға тартты. Өзгелерге үлгі бола білді. Кітаптың мәні неде, маңызы қандай? Болашақты ойлайтын адам алдымен өзінің өткен жолын, тарихын білуге тырысады. Содан соң оған талдау жасап, електен өткізеді. Еліне еңбегі сіңген азаматтарының есімдерін ұмытпай, олардан тағылым алу да өнегенің бір түрі. Қазақ журналистикасының тарихи нұсқасына сүйенер болсақ, 5 томдық кітапқа да зор ізденіс пен орасан күш-жігердің жұмсалғаны сөзсіз. Мұны редакциялық алқаның үлкен жұмысы деп бағалаймыз. Неге десеңіз? Сонау 1911 жылдан бастап, қазіргі жаңа заманауи медиаға дейінгі аралықты қамтыған көптеген тың деректер мен дәйектер осы 5 томдықта деп айта аламыз. Сондықтан айтулы қазынаны Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерекесіне бізге бір жасалған жақсы тарту, мәртебесі зор қуаныш деп марқая айтамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
5 томдыққа қысқаша шолу жасап өтетін болсақ, кітаптың бірінші томында облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» және «Ақмешіт жастары» газеттері мен аймақтың шығармашылық өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп отырған «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарихы қамтылса, екінші томында «Ақмешіт апталығы» газеті және аймақтың жеті ауданының басылымдарының тарихы қатталған. Үшінші томында облыстың электрондық бұқаралық ақпарат құралдары жайлы, баспахана және республикалық басылымдардағы меншікті тілшілер туралы мағлұматтар орын алған.
Төртінші томында облыс көлеміндегі тәуелсіз басылымдардың тарихы жазылса, ал бесіншісінде ақпарат саласында қызмет атқарған айтулы тұлғалар мен жур­налистердің тәжірибесі топ­тастырылған.
Тұсаукесерге қатысқан сала майталмандары өз­дерінің жүрекжарды лебіз­дерімен бөлісе отырды.
Сөз тізгінін алған Сыр елінің төл перзенті, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп былайша ой өрбітеді.
– Бүгінгі игі іс-шара бәріміздің басымызды қосуда. Бұл «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдығын баспасөздің шежіресі деп қана емес, жалпы қазақ елінің шежіресі деп айтуға болады. Өйткені, баспасөз бірінші кезекте елдің әр кезеңдегі өмір тыныс-тіршілігін тайға таңба басқандай етіп жазып-көрсетіп, таңбалап отыратын құрал. Көп нәрсе сарғайып газеттерде, архивтерде жатыр. Сол сарғайған газет беттерін парақтағанда халқымыздың ғасырлық өмір жолының барлық көрінісін табуға болар еді. Қандай жаңалық болды, қандай өндіріс ашылды, қандай кезеңдерден өттік? Ұжымдастырудан бастап, соғыс, тың игеру уақыты, одан кейінгі тәуелсіздік алған жылдардағы жаңа бастамалардың барлығы да газет бетінде сайрап тұр. Қай газетте өз заманының жаршысы. Руларымыздың шежіресін реттеп алдық. Кітаптар шығарып, ата-баба рухын бірлендіргендейміз. Сонымен бірге одан кейінгі іргелі іс – баспасөз тарихы болатын. Баспасөз тарихының теориясын, шетел баспасөз тарихын, шетелдік коммунистік баспасөз тарихын оқыдық, ал бірақ өз тарихымызды әлі күнге толықтай оқыған жоқпыз. Соның орнын толтыратын бір жақсы еңбек деп бағалауға, сол заманда жұмыс істеген, аттары бүгінде көмескі тартып, елдің жадынан шыға бастаған қаншама азаматтың аты-жөні осы 5 томдыққа енген. Кірмей қалғандары да бар шығар. Келешекте тағы да жинақ болып, ел шежіресі толықтырыла түседі деген ниеттемін. Сыр жұртшылығы сөздің қадірін, қасиетін білетін бірден-бір ел. Сөзде қуат, жалын болады. Қазақта «Ауыздан шыққан алты ауыз сөзге аспандағы бұлт айналады» деген сөз бар. Кез келген нәрсені қазақ жақсылыққа жорыған. Сондай қалыбымыз, мінезіміз бар. Біз өзі тобашыл, тәубашыл ұлтпыз. Бірақ әлеуметтік желіге қарасақ, табашыл болып кеткендейміз. Біреудің басына іс түссе, табалай жөнелеміз. Бір жақсының артынан сөз ерсе, соны қаралай жөнелеміз. Мұндай дүниелер біздің ұлтымызға, мінезімізге, табиғатымызға жат. Бойға сіңіп кетсе, ұрпақтың жағдайы не болмақ? Кітап – біріншіден тарихты түзеді, екіншіден болашаққа қызмет етеді. Тұсауы кесілгелі отырған томдықты терең тарихқа толы маңызды кітап деп есептеймін. Жаһандану уақытында адам неге мұқтаж? Біз қазір мейірім мен махаббатқа мұқтажбыз. Айналайын деген сөздің өзі адамға қанат бітіріп жібереді. Сол қиын заманда Ғани Мұратбаев ағамыз талай жетімнің басын «айналайынмен» сипап, мейірімін төккен. Бір мейірім, бір махаббат қашан да ұлттық мұратымыз үшін керек. Сол себепті де Сыр өңірінің баспасөз тарихы түгелдене берсін. Осындай құнды кітапты шығаруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, «Сыр медиа» ұжымы мен бас директоры Аманжол Сақыпұлына алғысымыз шексіз. Қасиетті Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, – дейді ол.
Мұнан соң сөз Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевқа берілді.
– Кеше 5 томдық кітапты бірсыдыра қарап шықтым. Бір жағынан бұл тарихқа келеді. Содан соң бұл – ғылыми зерттеу. Томдықтарды бұрынғы редакторлар, ардагерлер қарайды. Маған ұнағаны, облыстық газеттер ғана емес, аудандық газеттердің де тарихы, редакция ұжымы, ардагерлері бар екен. Жас журналистер де қамтылған. Бәрі керек. Кітап ешқашан құнын жоймайтын байлық. Заманға сай онлайн дегенімізбен, келешекте кітаптар керек болады. «Сыр медиа» ұжымына рақмет. Сыр журналистикасының тарихын бес том етіп шығарып, оқырманға ұсынғаны құптарлық идея. Мен өзі басқа да облыстарда болып жүрмін. Бір басылым туралы үлкен кітап шығарады. Болмаса газет ұжымы туралы басады. Бірақ бір облыс баспасөзінің тарихын жинақтап, біріктіріп шығарған аймақ болған емес. Келешекте «Сыр журналистикасының тарихы» барлық өңірге үлгі болып, осындай тағылымы мол журналистика тарихы жайындағы кітаптар оларда да шығады деген ойдамын.
Жиынға арнайы шақырылған журналистика саласының білікті маманы, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбайдың да өз айтары бар.
– Шыны керек, біз оқуға түс­кенде мұндай кітаптар болмады. Кітап­ханаларда кейбір материалдар мен ар­хивтік құжаттарға рұқсат берілмейтін. Кеңестік кезеңнің шектеулері болды. Біріншіден, тарихтың ақтаңдақ беттерін түгендеп, архивтерде отырып осындай тың деректер жинағанның өзі (пандемиядан көбіміз тығылып жатқанда) үлкен батырлық пен жанкештілік. Қазір ақпарат, жылдамдық ғасыры. Дегенмен, журналистердің көбісінің архивте отыруға қызығушылық танытпайтыны жасырын емес. Еліміздегі барлық бас редактор мен «Бас редакторлар клубы» атынан бәрімізге осындай еңбек сыйлаған әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Екіншіден, идея, ойлар болғанымен, оны іске асыратын қаржы көзі, ол болмаса идеяңыз жүзеге аспайды. Сондықтан да халықтың игілігіне бағытталған осындай ізгі істің жемісін көруге көмек көрсеткені үшін облыс әкімдігіне де рақметімізді айтамыз. Осы еңбек арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының ең үлкен миссиясы – ағартушылық екенін тағы бір мәрте өзімізге де, өзгелерге де, келер ұрпаққа да көрсетіп беріп отырмыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі журналистиканың бет-бейнесі өзгеріп бара жатқаны рас. Дей тұра томдықтар арқылы – қоғамды жақсы өмірге, жақсылыққа тарту екеніне назар аудартамыз. Бұл тұрғыда кітап әлі де қоғамнан өзінің жоғары бағасын алады деген сенімдемін. Кітапты Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақ руханиятына жасап отырған әріптестерімнің үлкен сый-сияпаты деп қабылдаймын.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алғанның бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүше­сі Амантай Шәріп: – 5 томдық кітап енді ғана қолымызға тиіп жатыр. Соны қарағанның өзінде көңіліміз тоқайрап отыр. Былайша айтқанда, журналистиканың тарихынан да, теориясынан да хабары бар адамбыз. Ал мына 5 томдық көзімізге тұтастай ғылыми зерттеу институты жазып шығарған дүниедей көрінгені рас. Бұл жерде Сыр бойы журналистері мен зиялы қауым өкілдерінің қолтаңбасы қай-қайсымызға да ыстық. Бұл жай ғана естелік, басқа сипаттағы нәрсе емес, кәдімгі ғылыми негізді еңбек. Жалпы редакциясын басқарған Аманжол Сақыпұлы бауырымыз екен. Ол тек журналистиканың тарихын білуші ғана емес, ол ғылыми дәрежесі бар ғалым. Соның әсері көрініп тұр. Ескерерлігі, Сыр журналистикасының тарихы өте бай. Түгел қамтып шығу оңай шаруа емес. Мен өз басым бұл томдарды құнды дүние дер едім. Өйткені облыс түгілі, қазақ журналистикасының тарихы әлі түгелденіп болған жоқ. Мұндай оқулық жарық көрген емес. Профессор Қайыржан Бекқожин ағамыздың «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» деген кітабын білеміз. Одан кейін бас-аяғы бүтін еңбек осы күнге дейін жарық көрмеген екен.
Іс-шарада «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев 5 томдық кітаптың жарық көруіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын айтты: – Бұл кітап – Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына жасалған құнды дүние. Жалғыз «Сыр медиа» деп айтуға болмайды, бұған бүкіл журналистер атсалыс­ты. Олардың қатарынан белгілі журналист Шакизада Әбдікәрімов, Жағыппар Қарабала, Сәрсенкүл Биқожа, Шәкірат Дәрмағанбетов, Қайырбек Мырзахметов, тағы басқа да ағаларымыздың ақылымен осы дүниелерді жасадық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ташкен қаласында Әлішер Науаи атындағы Өзбекстанның ұлттық кітапханасында бірсыпыра еңбек істедік. Үш тілде Қорқыт ата туралы кітап шығардық. Сыр журналистикасының тарихын кітап етіп шығару бұрыннан ойда қайнап жүрген дүние болатын. Әттеген-айларымыз да болып жатыр. Мысалы кейбір аудандарда қызмет істеген адамдардың аты-жөні болғанымен, суреттерін тани алмадық. Көңілге тоқ алғанымыз, әруақтардың алдында бір дүниенің жасалғаны. Зерттеу барысында Сыр өңірінде рухани байлықтың, тұнып тұрған асыл дүниелердің бар екеніне көзіміз жетті. Қалжан Қоңыратбаев, Мұстафа Шоқай, Ғани Мұратбаев, кешегі қызмет бабында жүріп қайтыс болған ініміз Сағитжан Бермағамбетовке дейінгі аралықты қамтыдық. Ұлт зиялылары Бауыржан Омаров, Бағдат Кәрібозовтар ой-идеясын, кейбір мәселеде ақыл-кеңесін беріп отырды.
Тұсаукесер рәсімі алдында «Өңірлік журналистиканың медиаменеджмент мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өтіп, оны «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева жүргізді.
Онда «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Әсем Есілбаева, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы мен­шікті тілшісі Ғалымжан Елшібай, «Түр­кістан медиа» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсеновтер қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Түс қайта "Бас редакторлар клубы" бастауыш ұйымының жиналысы өтіп, бірқатар мәселелер талқыланды. Іс-шара барысында 5 томдық кітапқа үлес қосқан бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінсе, Тәуелсіздіктің отыз жылдығы аясында «Сыр Медиа» басылымдары жариялаған байқаулар қорытындысы шығарылып, қаржылай жүлделер өз иесін тапты.
Кітаптың жарық көруі – тек қана сырбойылықтар үшін ғана емес, күллі Алаш қаламгерлері үшін де айтулы оқиға болды. Сөз өнерін даралап, айтулы тұлғаларын даралаған сырмедиалықтардың руханият үшін жасаған игі қадамы әрі қарай да жалғасын таба бермек.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
14 желтоқсан 2021 ж. 405 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031