» » «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесері өтті

«Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесері өтті


 Бүгін, 11 желтоқсанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласы «Достық» үйінде «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесері өтті.
Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп және Түркістан облысындағы БАҚ басшылары, қызылордалық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Сыр журналистикасының тарихы» еңбегінің ерекшелігі, Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін қызылордалық журналистердің өздері саралап, зерттеп жазып шықты. Шығармашылық топ бұған екі жыл уақыт арнады. Кітап жазу барысында Сыр журналистикасының тарихына қатысты бұрын-соңды қалам тербеген аға-әріптестердің, ғалымдардың еңбегі пайдаланылды.
Мұнымен қоса Мәскеу, Алматы қалаларындағы, Қызылорда облысындағы архивтерден, кітапханалардан нақты мәліметтер, тың деректер алынды.
Бестомдық кітап қазақ журналистикасы әрі өлкетану үшін үлкен қазына болғалы тұр. Себебі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Алаштың анасы деп баға берген Сыр бойы шежіресінің бір парағы – бұқаралық ақпарат құралдарының бай тарихы алғаш рет жүйеленіп, жазылды. Ауқымды жоба көмескі тартқан тарихты қайта түгендеу, қалам ұстаған кешегі әрі бүгінгі буынның азды-көпті еңбегін дәріптеу, талдап-таразылау, ғылыми айналымға қосу, жас журналистерге кәсіби бағдар беру секілді мақсаттарды көздеді. Сондықтан, бұл еңбек оқырмандардың, әсіресе, журналистердің, ғалымдардың назарын аударып, қызығушылығын тудырып отыр.
Басқосуда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндескен игі бастаманың тағылымдық мәні зор екенін жеткізді.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды қадірлеу – алдымен өзің туған өлкенің тарихы мен табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады». Расында, қай салада болмасын жаңаша даму жолына түсу үшін, сол саланың өткен жолы мен тарихын түгендеу, тұлғалардың еңбегінен тағылым алу маңызды. Бүгінгі тұсауы кесілгелі тұрған 5 томдық еңбектің негізгі миссиясы да осы. Яғни, телегей-теңіз ақпарат ғасырында, дәстүрлі медианың жаңа медиамен күш біріктіріп дамудың жаңа сатысына көтерілген кезеңінде, Сыр елінің барлық бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын түгендеп, қоғамға, халыққа және жалпы өз-өзімізге есеп беру деп білеміз. Сондықтан, бұл кітаптың Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманға жол тартуы біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш» – деді Серік Ахмет.
Сыр перзенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп тарихты түгендеуде баспасөздің орны ерекше екенін атап өтті.
«Баспасөз елдің әр кезеңдегі өмірін, тыныс-тіршілігін, мысалы, сонау тарихтың ақтаңдақ жылдарынан бастап бүгінгі Тәуелсіздік тұсындағы іргелі істерді тайға таңба басқандай таспаға түсіріп келеді. Архивтердегі сарғайған газет беттерін парақтасақ, еліміздің бір ғасырлық өмір тарихының көрінісін табуға болады. Бұл ретте бестомдық деректерді жинақтауда еңбек еткен жүрген барша азаматтарға, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа, қолдау танытқан облыс әкімдігіне ризашылығымыз зор», – деді Нұртөре Жүсіп.
Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бестомдықтың шығуы айтулы оқиға екенін атады. Бұрын-соңды мұндай жоба болмағанын айта келе сырбойылық журналистер және Сыр журналистикасы ақпарат кеңістігінде өзгелерге үлгі болатынын жеткізді.
«Қазақ журналистикасының тарихын түгендеуде сырбойылық журналистердің бастамасы өте құптарлық іс», – деді Сейітқазы Матаев.
Белгілі ғалым Амантай Шәріп те кітапқа жоғары бағасын берді.
«Сыр журналистикасының тарихы» – ғылыми еңбек. Яғни естеліктер жинағы емес, ғылыми тағылымды еңбектеп топтастырылған. Бұған дейін журналистердің тарихы жолы жүйеленіп, бір арнаға түскен жоқ. Осы тұрғыдан алғанда бір ғылыми зерттеу институты көтеретін еңбек деп бағалау керек», – деді ол.
Бұдан бөлек, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай жаңа кітаптың қазіргідей ақпарат ағыны қарқынды, журналистиканың жаңа кезеңінде таптырмайтын құрал болатынын айтты.
«Журналистиканың басты миссиясы – ағартушылық. Ал, бұл кітап осы міндет үдесінен шығып отыр. Бестомдық кітапты шығару барысында архив құжаттары, көптеген ғылыми еңбектер парақталған, ғалымдар пікірі ескерілген. Жалпы, құнды туындыда өткен мен бүгін, қаламы қарымды қаламгерлердің жүріп өткен өнеге болар өмір жолы көрініс тапқан. Бұл қазіргідей ақпарат ағыны қарқынды, журналистиканың жаңа кезеңінде таптырмайтын құрал болмақ», – дейді Бибігүл Жексенбай.
Жиын соңында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев бұл бір күнде, бір айда дүниеге келген еңбек еместігін тарқатып айтты.
«Ел дамуының маңызды кезеңінде Қазақ журналистикасының – Қазақ сөз өнерінің бір қайнар бұлағы ретінде сырбойылық қалам ұстаған қауымның ел алдында берген есебіндей осы бір сындарлы еңбек жарық көріп отыр. Тарихқа зер салсақ, сонау ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында республиканың түкпір-түкпірінде жарық көрген мерзімді басылымдар Сыр бойына да тарай бастады. Олардың қатарында «Дала уалаяты», «Қазақ» газеттері, «Айқап» журналы, «Абай» журналы болды. Мұнымен қоса Орда қаласынан шығып тұрған «Қазақстан» газеті, Семей қаласында жарық көрген Алаш партиясының органы «Сарыарқа» газеті, Мұстафа Шоқай негізін қалаған әрі шығарған «Бірлік туы» газеттері де ішінара Сыр бойына тарап тұрды. Жай тарап қана қойған жоқ, бүгінгі тілмен айтқанда, алғашқы газетке қаржылай қолдау білдірген меценаттардың ішінде сырбойылықтардың болуы да бүгінгі туған жерге туын тіккен ұрпақ үшін үлкен мақтаныш сезімін тудырады. Мәселен, 1913 жылы «Қазақ» газетінің басылып шығуына қаржылай қолдау білдірген сырбойылық Ахмет ишан Оразайұлын көпшілік біле бермейді. Әдетте мерзімді басылымдар қоғамдық пікір қалыптастырады десек, аталған газеттер мемлекеттік идеологияға әсер етті. Осы тұрғыдан келгенде бұл бестомдықты Алашқа ана, талайға пана болған Сыр бойының шежіресі деп қарауға болады», – деді Аманжол Сақыпұлы.
Сонымен қатар, ол «бұл кітапты журналист деген атын кіршіксіз қорғаған, кешегі қаламгер-қайраткерлердің ізін парасаттылықпен жалғаған аға буынның алдындағы парызымыздың бір өтеуіндей деп қабылдасаңыздар болады» деп атап өтті.
Жиын соңында жаңа кітаптың бестомдықтың тұсауы кесілді. Бұдан кейін өмірден өткен қаламгердің рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды.
Осы іс-шарада «Сыр медиа» ЖШС жариялаған мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргенов атындағы, қаламгерлер Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рахымбекұлы, Әділхан Бәймен атындағы шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері марапатталды.
Айта кетейік, Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын зерттеп-зерделеген жинақтың І томы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысөзінен бастау алған. Сонымен бірге «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Сақыпұлының, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбектің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманның жалпы қазақ баспасөзіне жасаған талдау ойлары, Сыр журналистикасына айтылған пайым-пікірлері берілген.
Жалпы I томда ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері және «Ақмешіт жастары» басылымы қамтылған. Сондай-ақ «Сыр медиа» ЖШС-ның құрылу кезеңі жайлы айтылады.
Кітаптың ІІ томында облыс аумағына кіретін қалалық газет және аудандардың мемлекеттік басылымы қамтылған. Бұл үнжариялардың тарихи кезеңі, онда жарық көрген тақырыптардың ауқымы, жалпы қоғам дамуындағы газеттің рөлі жайында қызықты мағлұматтар бар.
Кітаптың ІІІ томы қазіргі күні заманауи цифрлық мүмкіндіктер арқылы Сыр бойынан республика аумағына тарайтын «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының және Қызылорда қоғамдық телекомпаниясының тарихына арналады. Сондай-ақ бүгінде жабылып қалған облыстық радионың 80 жылға жуық тарихы да оқырманын бей-жай қалдырмайды. Аз уақыт болса да Қазалыдан хабар таратқан «Серік ТВ» және қызылордалық жастардың құлағында үні қалған СЕТА радиосы жайлы да азды-көпті мәлімет бар. Жаңа медианың жолашары болған «Qyzylorda news» ақпараттық агенттігі және оның азаматтық медианы дамытудағы рөлі жайында айтылады. Бұл томда облыстағы баспа ісі жайлы да жазылған.
Жинақтың ІV томында берілген Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен бір легі жекеменшік басылымдар тарихы жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның тынысындай әсер қалдырады. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ашылып, кейін қаржы тапшылығынан жабылып қалған қанатқақты ірілі-ұсақты газеттер, мұнымен қоса жоғары және орта оқу орындарының, басқармалардың ведомстволық басылымдары қамтылды.
Бесінші кітап «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» және «Практикалық журналистика» деген екі бөлімнен тұрады. «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» жай ғана анықтамалық емес, сырбойылық қалам ұстаған қауымның шеберлік бастау-бұлағы деп ұсынылып отыр. «Практикалық журналистика» бөлімінде сырбойылық журналистердің тәжірибесі, жас журналистер үшін шеберлік дәрістері жинақталған.

Kyzylorda-news.kz.

11 желтоқсан 2021 ж. 480 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 164
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031