Көмір тапшылығы бола ма?
БІРНЕШЕ ЖЫЛ БОЙЫ АЙТЫЛЫП КЕЛГЕН КӨПКЕ ОРТАҚ ИГІЛІК – КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ. ҮКІЛІ ҮМІТ АҚТАЛЫП, ҮЛГІЛІ ТІРЛІКТІҢ КУӘСІ БОЛДЫҚ. ДЕГЕНМЕН ӘЛІ ШЕШІМІН КҮТКЕН ШАРУАНЫҢ БАРЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ОНЫҢ БІРІ – АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫН ТОЛЫҚ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЛСА, ЕНДІГІСІ – КӨПТІҢ КӨҢІЛІН КҮПТІ ЕТКЕН КӨМІРДІҢ ӘУСЕЛЕСІ.
Иә, кент көгілдір отынға қосылғалы дүйім жұрттың ойы түрлі тарапқа бөлінді. Қуанып, бөркін аспанға атқаны бар, сенімсіздікпен қарап, «өзіміздің көмірімізді алып қамдана берейікке» басқаны бар. Қарашаның алғашқы қары жауып біршама көгілдір отын қондырған үйдің газы қатқаны бар. Әлі күнге дейін қаржыға тіреліп, газ қондыра алмағаны бар. Алыс-жақын жерлерде көмірді әлі жағатындар тағы бар. Осындайда көмірдің тұрмыстағы ойнар рөлі көп екенін аңғарасыз. «Қыстың қамын жаз ойла» дейді. Аяз түспей тұрғанда қатты отын тұтынатын ағайын да ұмыт қалмағаны жөн-ақ. Дегенмен соңғы уақытта халық арасында «көмір жоқ, кезек көп» деген әңгіме көбейді. Расымен солай ма? Өңір көмірсіз отыр ма? Мәселенің мәнін білмекке көмір басындағы кезекке бардық.
Ауа-райы күрт бұзылып, күн түнеріп тұр. Ал түнге қарай қара суық бой көрсетеді. Тұрғындар қора-қопсысын қомдап, қысқы отын-суын әзірлеп әлек. Себебі, алда ұзақ қыс жатыр. Одан шығудың жолы қапысыз дайындық қана. Қазір аудан орталығындағы көмір базаларында қарбалас тірлік. Солардың бірі – тұрғындар атап кеткен «Жаппасбаев», ал екіншісі – «Қаржаубаев» базасы. Одан бөлек жеке кәсіпкерлерге де көмір келеді. Қаптап сататындары тағы бар. Қазір елімізде, одан тысқары елдерде де зор сұранысқа ие өте сапалы келетін «Шұбаркөл» көмірін қармақшылықтар отын ретінде жаратады. Жалпы қатты отын өндірісінен әлемде сегізінші орындамыз. Десе де, «аспаннан шұға жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кері келген секілді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, отандық нарықтағы көмір бағасы кеніштен шыққан бағадан тұтынушыға жеткенге дейін 6-7 есеге жоғарылап кетеді екен. Экономистер көмір бағасының өсуіне себепкер – делдалдар дейді. Бөлшек сауда нарығында жоғары бағаны қалыптастыруға көлік шығыстары мен бастапқы өнім берушіден бастап өткізу бағасын еселеп көтеретін делдалдардың үстемеақылары ықпал етеді. Олардың қызметі де заңмен шектелмеген. Қош. Қазіргі таңда көмір таба алмай әбігерге түскендер де аз емес. Күні-түні күзетіп, ұзын-сонар кезекте тұр. Бұл да үйреншікті көрініске айналғандай. Ал тұрғындар көмір түсе салысымен жапатармағай бағасына қарамай-ақ сатып алуда. Сағат таңғы 10.00 шамасы. Қаржаубаев базасындағы тізімдегі кезектің соңы 124-ті көрсетіп тұр. Мұндағы кезегін күткен жұртшылық бір орыннан тапжылар емес. Өйткені кезегі келерде өзі болмай қалса тізімнен шығып қалады екен. Тіпті белгілі бір мөлшерде ғана көмір алуына болады. Себебі артында кезекте тұрған халық көп.
– Күн суытты. Газ қондыру биылға қолымыздан келмейді. Көмір алайын десек осындай ұзын-сонар кезек. Мен тіпті 6 тоннадай көмір алғым келеді. Бірақ 2-3 тоннадан асырып алуға тағы болмайды. Өйткені жұрт апта бойы осы көмірді күтіп отыр, – дейді кент тұрғыны (аты-жөнін жарияламауды сұрады).
Мұндағы көмір Қарағандыдағы Шұбаркөл көмір бассейнінен жеткізіледі екен. Аптасына 1-2 рет келеді. Ағаш көмірінің бағасы – 17 мың теңге. «Кезек неге көп, көмір жоқ па?» деген сауалымызға олар «көмір бар, оны жеткізетін вагон аз» деп жауап берді.
Ендігі нысан – Жаппасбаев базасы. Мұндағы кезек тізімі де 90-нан асып-жығылыпты. Ағаш көмірдің «Майкөбе» түрі сатылуда.
– Көмір аптасына 1 рет келеді. Халық арасында күттірген кезек пен көмір алудағы әбігері алаңдатады, әрине. Дегенмен, аудандағы көмір тапшылығының басты себебі – вагонның жетіспеушілігінен. Бірақ көмір жеткілікті. Оны ауданға жеткізетін вагондардың аз болуына байланысты қолымыз байланып отыр, – дейді Ж.Жаппасбаев.
Мамандардың пікірін білу үшін аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен байланыстық. Олардың айтуынша, аудан бойынша әлеуметтік нысан 2190 тонна, тұрғындар 16 875 тонна қатты отынмен қамтылған. Ал елді мекендерге барлығы 19 065 тонна көмір жеткізіліпті. Жосалы кентіндегі «Қалиев» жеке кәсіпкерлігі қазірге дейін 6160 «Шұбаркөл» көмірін тасымалдаса, «Жаппасбаев» базасы 3470 тонна көлемінде «Майкөбе», «Богатырь» көмірін тасымалдапты. Ал «Есдәулетов» жеке кәсіпкерлігі 950 тонна «Богатырь» көмірін тасымалдаса, Төретам кентіндегі «Өте-Бек» кәсіпкерлігі 2730 тонна, жеке автокөліктер арқылы 5755 тонна «Шұбаркөл» тасымалданған. Мұның барлығы 19 065 тоннаны құрап отыр. Өңірдегі көмір бағасы сапасына қарай 15-18 мың теңге аралығында дейді мамандар.
Барлығы көмір тапшылығын вагон жетіспеушілігімен байланыстырады. Нәтижесі міне, ұзын-сонар кезек түзілуде. Ел қайтсін, «екі көзі – төрт» болып апта сайын күтуге мәжбүр. Бастысы, қалың ел қыстан қысылмай шықса болғаны емес пе?!
Айнұр ӘЛИ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)