» » Табиғи газ тұтынып отыр

Табиғи газ тұтынып отыр


Осыдан біршама уақыт бұрын «ауданға газ келді» деп жарыса жазған едік. Қыстың суығында отын тасып, көмір жағып күнелтетін халықтың көңілі бір көтеріліп қалғаны рас. Газды тұрғын үйге кіргізу үшін ауданда бірнеше жекеменшік фирма жұмыс істеуде. Алайда тұрғындар арасынан әлі де белсенділік аз. Бірі – ерте десе, енді бірі – бірден қосыла салмайды ғой деп сенімсіздік танытуда. Ал жаңалықты жатсынбай қабылдап, қажетті құжаттарын дайындап, жабдықтарын орнатқан жандар табиғи газды тұтынуды бастап кеткен.
Қазірдің өзінде ауданда біршама үй табиғи газға қосылған. Соның бірі – Қазантаев көшесінің тұрғыны Бақыткүл Бекбенбетованың шаңы­рағы. Ол отын тасып, от жағу бей­нетінен құтылатынына қуанып, көңілі жайланғанын айтты.
– Жыл сайын күн суыта бастағаннан отын-көмірімізді қамдаймыз. Әрбір үй кем дегенде 4-5 тонна көмір алады. Қатты отынның бағасы да жыл өткен сайын шарықтап өсуде. «Биыл қалай болар екен?» деп отырғанымда газет бетінен газдың қосылғанын оқыдым. Жақсы жаңалыққа қуа­нып, алғашқылардың бірі болып құжаттарымды қамдадым. Үйге табиғи газ қосылғалы бір айға жуықтады. Газдың келгеніне қуаныштымын. Бұл уақытқа дейін баллон ауыстыратынбыз. Кейде қажет кезде газ құю бекеттерінен де газ таппай қалатын кездеріміз болған. Сондықтан «Жақсыны – көрмекке» де­гендей, табиғи газдың игілігін кө­ріп отырмын, – дейді кент тұрғыны Бақыткүл апай.
Бүгінде ауданда мамандар табиғи газдың тиімділігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Көгілдір отын­ның келуін күтіп жүрген тұрғындар таяу жылдары толығымен табиғи газ тұтынатын болады.
– Қазіргі уақытта ауданда 90-нан аса тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылған. Табиғи газдың тиімді тұстары көп. Мәселен, экология мен экономиканың жақындауына әуелі халықтың әлеуеті әсер етеді. Қоршаған орта ластанса, адамның кеселге тап болатыны сөзсіз. Оның зардабы табыс көзінің кемуіне әкеліп соғады. Айналып келгенде, экология – денсаулықтың кепілі, әл-ауқатымыздың қауқары. Бұған дейін қармақшылықтар жылына бірнеше мың тонна көмір жағып келді. Соның кесірінен ауаға тараған зиянды химиялық қоспалардың қалдығы әр адамның бойына дерт болып жабысты. Игіліктің ерте-кеші жоқ. Енді әрбір үйге газ кірсе, отын шығынынан құтыламыз. Отын түрлеріне кететін шығын азайып, ауа тазарады. Ал ауаның таза болғаны адам денсаулығы үшін пайдалы, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әдіскері Мирхан Ешжанов.
Қоңыр күз келіп, салқын леп ескен сайын тұрғындар тарапынан газды үйге кіргізу үшін құжат өткізушілердің қатары көбейген. Оған айналасындағы көршілерінің көгілдір отынды қиын­дықсыз қолданып отырғаны да сеп болған болар. Ал сала мамандары қолдан келгенше көмек беруге, тұрғынның өтінішін қолдауға дайын. Игі істің игілігін көрмекке сіздің де қамданғаныңыз жөн.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
11 қыркүйек 2021 ж. 671 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 216

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 324

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930