» » Жосалы автобазасы

Жосалы автобазасы


АРХИВ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ ӨТКЕН ӨМІРДЕРЕКТІҢ КӨРСЕТКІШІ, ТАРИХИ МАҢЫЗЫ БАР ҚҰЖАТТАР САҚТАЛАТЫН МЕКЕМЕ. МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЕСКІ ҚҰЖАТТАРЫН САҚТАЙТЫН, ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖИНАҚТАЛҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР ЖИЫНТЫҒЫ.
Ел мүддесі үшін еңбек сіңірген тұл­ғалар мен мекемелер құжаттарын сақтайтын архивтің сөрелерінде сақталған құнды құжаттар арасында 50 жылдық тарихы бар, яғни Жосалы автотранспорт кәсіпорны қорының 1962-2002 жылдар аралығындағы құжаттары сақтаулы.
Ал, енді осы «Жосалы автотранспорт кәсіпорны» жайлы айтар болсақ, 1950 жылдың соңында Қармақшы ауданында шағын автотранспорт кәсіпорны ашылған.
Осы уақытта өлкеде халық шаруашылығының әртүрлі салалары бойынша экономиканың өрісі қанатын кеңейте түскен еді. Кәсіпорында өз кезегінде өндірістік ұжымның жұмысын ұйымдастыруда бүкіл ауданның экономикалық жұмыстарына араласып және аудан орталық­тарынан шалғай орналасқан, жолаушылар ағымы аз жол сапасы төмен елді мекендерге жол салуға, құм, тас тасуға, бөгеттерді салуға көлік жүргізушілер мен автотранспорттар бөлініп отырды. Ол кездерде шамамен 25-30 ғана автокөліктер болған. Көлік жүргізушілерді автомектеп дайындады. Кәсіпорынға жыл сайын «Зил-30», «Камаз», «ММЗ» автокөліктері келе бастады. Ауданнан шалғай орналасқан Жаңақала, Қуаңдария сов­хоздары жаңа құрылып жатқандықтан, жаңадан құрылған шаруашылықтардың құрылысын жүр­гізуге қыс қатты болғандықтан, ауыл шаруа­шылық еңбеккерлеріне үлкен сын болды. Ай бойы қалың қар жауып, қатынас жолдарын басып қалды. Алайда олар ұйымшылдықтың үлгісін танытып, табиғат қиындығын қажырлықпен жеңіп шықты. Малдың аман сақталуы қамтамасыз етілді. Даладағы еңбек қаһармандарымен бірге кәсіпорынның көлік жүргізушілері де жүрді. Атап айтатын болсақ, Жаңабай Ырысмаханов, Жұмабай Спандияров, Мырзалы Жетібаев, Байділда Уселбеков, Бахыт Құмбаев, Ібіраш Жұмабаев, Молдырман Жүнісов, Бақыт Қисықов, Орынбек Смағұлов, Абсадық Сқақов, Картай, Бертай Әбілов, токарь Ерғали Алмахановтар малшылардың қоныстарына қора соғуға, жем-шөптерін тасуға фермалар мен отарларға мал азығын дер кезінде тасып беруде олар уақытпен санаспай еңбек етті. Қарлы боранмен алыса жүріп жол салып, халық шаруашылығының қыруар жүгін тасыса, автобус жүргізушілері болып сол кездерде Қармақшыдағы барлық елді мекенге жолаушы тасымалдау мен газет, хат-хабар жеткізу үшін Қарақұм, Қызылқұм, Тышқан тамы, Тоғай елді мекендерін үздіксіз қысы-жазы пошта қызметін қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде ұжым одақтық және республикалық Социалистік жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы болып, КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің дипломдарымен марапатталады. Қызылқұмға, Қарақұмға, Тышқан тамы, Тоғайға арнаулы жол талғамайтын автобустар бөлініп, малшыларға алғашқы автобус жүргізушілері болып, Қалабек Жартыбаев, Темірбек Томатов, Әділбек Өтепбергенов, Сайлау Қолдабеков, Жақсылық Шалқарбаев, Рахымжан Жолдасбаев, Мұқаділ Маханов, Жыланбас Айтжанов, Әбдіразақ Мешітбаев, тағы басқа азаматтар кейінгі жастарға үлгі боларлықтай қызмет етті.
1965 жылдан бастап кәсіпорынның қосалқы цехтары да пайдалануға беріліп, жаңа штаттар ашыла бастады. Кәсіпорында күріш науқаны кезінде автопарк жұмысшы-қызметкерлері күздік бидай, күріш, дәнді дақылдарды ауыл өнімдерін төкпей-шашпай Қармақшы астық қабылдау пунктіне тасымалдау жұмыстарымен айналысқан. 5 күндіктің қорытындысы бойынша республиканың ауыспалы «Қызыл Туын» жеңіп алды.
Кәсіпорын көлік жүргізушілері Ақтөбе, Орал, Торғай, Қостанай, Семей өңірлеріне астық тасымалдады. Еңбек адамдарына қамқорлық жасау, оның жоғары еңбек көрсеткіштерін моральдық және материалдық жағынан көтермелеп, ынталандырып отыру – социалистік жарыстың негізгі принциптері еді. Еңбек озаттарының есімдері мен көрсеткіштерін арнайы тақтаға жазып қоюдан бастап, әкімшілік, партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдары белгіленген ауыспалы «Қызыл тулар» мен жүлделер оларды жарқын істерге жігерлендіріп, кәсіпорын құрметіне жыл сайын «Еңбек Даңқы Туы» көтеріліп тұрды. Озат жұмысшылар Құрмет грамоталарымен және ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталып отырды. Түнгі ауысыммен жұмыс істеген жұмысшыларды жатақханамен, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп кең көлемде мекеменің саясаты жөнінде жұмысшы-қызметкерлерге ішкі тәртіпті сақтай отырып лекциялар, газет-журналдарды оқып, талқыланып тәрбие жұмыстары да өткізіліп отырған.
Жосалы автотранспорт кәсіпорнының ал­ғашқы басшысы Ыдырыс Егізбаев болған. Кәсіп­орынның ұйымдастыру жұмыстарын белсенді атқарып, оның аяғынан тұрып кетуіне үлкен үлес қосқан. Одан кейінгі жылдарда Зайыр Төреханов басшылық қызметте болып аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосты. М.Кумышов директор ретінде ұжым ұйытқысына айналып облыс орталығына, елді мекендерге қатынас жолын салуға көп көңіл бөлген.
Мекеменің жаңадан құрылған жылдары бас есепші болып Нариман Майханов, Сабыт Жүсіпов, алғашқы жүргізушілер болып Зайділда Бержанов, Әбдіразақ Пірмағамбетов, Ертай Іздібаев, Шамшат Қалмахановтар жұмыс істеп кейіннен мекемеден жолаушы тасымалдау паркі болып бөлінгенде Зайділда Бержанов сол парктің бастығы болып, бірнеше жыл жұмыс атқарды, кейін қайта қосылды.
1966-1975 жылдары Әлжан Иманғалиев басқарып, шаруашылықтардың құрылысын жүргізуге автокөліктер пайдаланып, қоғамдық көліктер қатынасын дамытқан.
1975-1981 жылдары Жақсылық Жарылқағанов басқарып өзімен бірге ұжымға көптеген жаңалықтар енгізген. Жұмысшы-қызметкерлерге 22 пәтерлі тұрғын үйлер, 60 автомашина, қыста тұратын жылы гараждар және мекеме балалары үшін балабақша салынып жұмыс істеді. Кейін аудандық білім бөліміне келешек пайдалану үшін аударылып берілді. Мекеменің жанынан елге жұмыс істеу үшін монша, мекеменің клубында күнделікті кинозал жұмыс істеді. Халыққа қызмет етіп жастарға түрлі мәдени шаралар, сайлау, концерттер және тағы да басқа мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып отырылды. Сонымен қатар мекемеде көптеген қыз-келіншектер жұмыс атқарды, айта кететін болсақ Шайкүл Жаңбырқұлова ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, кейін автобус жүргізушісі болып, жұмыста үлкен көрсеткіштерге жеткені үшін республикалық жиындарға және шетелдерге – Венгрияға және тағы да басқа елдерге барды. Мекеменің құрылыс саласында тәжірибелі жұмыс жасаған қыз-келіншектер Шырай Тынысова, Шырынкүл Кірекесова, Раушан Сәрсенбаева, Аманкүл Жанқасқаева, Тұрсын Балмахановалар және контролер-кассир Ақалай Егізбаева, Таштай Тоқсанбаева, медициналық фельдшер Дина Тілеуова, диспечер Тиышкүл Жарылқағанова, Ықылас Тұрғанов, Батырбек Абдуллаев, Серік Жұқалов сынды және мекемеге жаңадан жоғары оқу орнын бітіріп келген Ғабит, Жақып Шопановтар, Дүйсен Смайылов, Шымберген Тобжановтар үлкен жауапкершілікпен қиындығы қатар келетін жұмыстарды атқарды.
1981-1988 жылдар аралығында мекемені Андрей Ким басқарған. Ол осы кәсіпорында көп жыл экономист, пайдалану бөлімінің басшысы болып қызмет атқарған еді.
1988-2002 жылдар аралығында мекемені Амангелді Ақжігітов басқарды. Ол осы кәсіпорында 1969 жылы кәсіпорын жолдамасымен Өскеменнің жол-құрылыс институтының автомобиль бөліміне оқуға түсіп, «инженер-механик» мамандығын үздік бітіріп, кәсіпорынның шеберхана меңгерушісі, 1976 жылдан бас инжинер болып қызмет атқарып, 1988 жылдан бастап мекеме тарағанша басшылық қызметте болды. Амангелді Ақжігітов бірнеше рет аудандық, поселкелік кеңестің депутаты болып сайланды. Облыстық, аудандық атқарушы органдардың құрмет марапаттарының иесі. Қазақстан Республикасының «Құрметті автокөлікші» төсбелгісінің иегері. Тоқсаныншы жылдардың басындағы жаңа нарықтық экономиканың қиындықтары автокөлік саласын да айналып өтпеді. Өндіріс тоқтап, экономикасы тұралағанда талай автобаза екі қолға бір жұмыс таба алмай, көліктері қаңтарылып, қақпалары жабылып қалды. Осындай күрделі кезеңде автотранспорт мекемесі 1993 жылдың сәуір айынан бастап «Толағай» автокөлік акционерлік қоғамы болып қайта өзгертілді. Бірліктің арқасында ұжым жекешелендіру саясатын асықпай жүргізе отырып, көлігінен көп шашау шығармады. Содан ба, мекеме жабылып қалмай, ғимараты мен шеберханасын сақтап қалды. Жылдар өте келе әр жерден тапсырыс ала бастады және Қазалы, Төретам кенттеріне жол салу жұмыстарына қатысты. Амангелді Ақжігітовтың қатардағы инженерден мекеме басшысына дейінгі жолдан өткен мол тәжірибесі бар болатын. Нарық заманы білікті де іскер басшыны шыңдай түсті. Небір қиындықпен бетпе-бет келіп, бар күш-жігерін аямай, әріптестерімен қиындықты бірге бөлісті. Міне осындай қиын-қыстау кездерінде мекемеде ұзақ жылдар қызмет жасаған автоколонна басшысы Бостан Жалғасбаев, автоколонна бас есепшілері Қази Байниязов, Әсемкүл Қостанова, көлік жүргізушілері Асылбек Молдабаев, Әбдіразақ Пірмағанбетов, Әбубәкір Жасыбаев, Руслан Губанов, Әбдірасіл Молдабеков, Ибайдулла Әлиев сынды жұмысшы-қызметкерлер абыройлы еңбек етті. Міне талай азаматқа абырой әкелген, талайдың мақтанышы болған «Жосалы» автобазасы мекемесінің тарихы бүгінгі ұрпаққа ертегі болғанымен, орта және аға буын өкілдері үшін ыстық.
Гүлжамал ІЗДІБАЕВА,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Қармақшы аудандық филиалының басшысы
16 қараша 2021 ж. 739 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031