Ауыл көркейсе – ел өркендейді
Аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы сәрсенбі күні Ақжар ауылына барды. Екі мыңнан аса тұрғыны бар құтты мекеннің өркенді істері мен жақсы жаңалықтары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Атқарылып жатқан істердің барысы да ауқымды. Кәсіп ашып, өздерін жұмыспен қамтыған тұрғындар да, мәдени бағытта біраз биікті бағындырып жүрген өнер иелері де, тірлігі тындырымды, ісі үлгілі шаруалар да – осы ауылда. Тарихы тереңнен сыр шерткен мекеннің бүгінгі тынысын аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, кәсіпкерлік бөлімінің басшысымен бірге бағдарлап қайтты.
КӘСІП КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
Аудан әкімінің сапары «Талап» тәтті өнімдер наубайханасының жұмысымен танысудан басталды. Кәсіп иесі Дархан Дүкенбайқызы 2020 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіріп, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 555 мың теңге грантты жеңіп алады. Қызығушылықтан туған өнерін кәсібіне айналдырып, бүгінде оның нәсібін көруде.
Наубайханада самса, бәліш, түрлі тәттілер мен балалар сүйіп жейтін пицца, гамбургер, хотдог секілді нан өнімдері дайындалады. Ауыл тұрғындарының қуанышына тапсырыстар қабылданады. Шаруашылық жұмыскерлеріне де нан өнімдері жеткізіледі. Дайын өнімдер WhatsApp желісінде ауыл тұрғындарына арналған арнайы чатқа жарияланып, сол мезетте сатылып кетеді. Ауыл дүкендерінен де наубайхана өнімдерін табуға болады. Өнімдері көптің көңілінен шығып, алғыс арқалап жүрген наубайханада 4 адам жұмыспен қамтылған.
Жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі кәсіпкерге сәттілік тілеп, жеке бренд қалыптастырудың маңызы зор екенін алға тартты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов наубайхана иесіне ақ батасын беріп, кәсібінің өрге домалай беруіне тілектестік білдірді.
КҮМІС КӨМЕЙ КӨШЕНЕЙ
Іссапар барысында аудан әкімі ауылдық клуб үйіндегі көрмені тамашалады. Көрмеге тігінші Нұргүл Әбішованың қазақы оюмен әрленген шымылдық, көрпеше, жастықтары қойылған. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер шеберлерінің туындылары көрмеге сән беріп тұрды. Сондай-ақ жыраулық өнердің дүлділі Көшеней Рүстембековтің 75 жылдығына орай арнайы бұрыш та дайындалған. Онда жырау туралы баспасөз беттеріне жарық көрген мақалалар мен кітаптар көрме сөресінен орын алған. Бұл жерден жырау өміріне қызығушылық танытқан әрбір жанның өзіне керегін табатыны анық.
Аудан әкімі сапар аясында «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жыршы-жыраулар фестиваліне қатысты. Аталған мәдени іс-шара жырау өміріне арналған бейнероликпен басталды. Онда жырау өмірі туралы дәйектер келтіріліп, қоғам қайраткерлері Алмас Алматов пен Темірхан Тебегеновтің пікірі берілді. Мерейтойға орай ұйымдастырылған фестивальді аудан әкімі ашып берді.
– Әлем мойындаған Көшенейдің бойындағы бұл қасиет – Алланың сыйы. Сол қасиетті бүгінге дейін жалғап келе жатқан ұрпақтары бар. Жыраулық өнер – бала тәрбиесінде орны бөлек, кемел келешек үшін мол рухани азық. Бұл өнер міндетті түрде жалғасын табуы қажет. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында да Сыр сүлейлеріне арнайы тоқталған. Бүгінде Сыр сүлейлерінің антологиясын жасақтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы іс-шараға арнайы келген қасиетті өнерді бүгінгі ұрпақ бойына дарытып, бабадан қалған жыр аманатты жеткізуші, Сыр сүлейлерінің бүгінгі мұрагер ұрпақтарына алғысым шексіз. Бұл бір тарихи сәт. Мерейтойға арналған мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын таба бермек, – деді аудан әкімі Қайрат Нұртай.
Жыраулар фестивалінің тізгіні одан әрі ҚР мәдениет қайраткері, жыршы Берік Саймағанбетовке берілді. Ол Көшеней Рүстембеков жайлы естеліктерден сыр шертіп, тәлімі мол рухани әңгімелермен бөлісті.
– Сырдың бойы, оның ішінде Бесарықтың сағасы деп аталатын осы елде өнер мен мәдениеттің қарыштап дамығанын білеміз. Оның себебі елдегі ағартушылар қоғамдық сананы қалыптастыруға үлкен әсер етті. Алты Алашқа белгілі Жиенбай жыраудың қаншама ізбасарлары болды. Өзінің бел балалары Рүстембек пен Дастанбек те жырға қызмет етті. Сондықтан жыр қонған киелі, қасиетті, текті тұқым, дегдар тұқым Көшеней ағамыздың 75 жылдық мерекесіне жиналып отырмыз. Құдайдың берген жасы 27 жыл болса да, ол басқалар алпысқа келгенше үлгермейтін тірлікті жасап кетті. Оның бір айғағы – осы жыраулық өнерді, кешегі алқалы топта, аста, жиын-тойларда жырлап жүрген жыршыларымызды сахнаға алғаш шығарған Көшеней ағамыз болатын. Сондықтан да оның есімі сахна тұрған жерде, Сырдың елі тұрған жерде, жалпы Алаштың мәдениеті тұрған жерде жасай бермек. 27 жыл өмірінде біздің жыраулық дәстүрді, оның ішінде Сыр бойы шайырларының шығармаларын ғылымға ендіріп, ең алғаш нотаға түсірген. Осындай үлкен істердің басында болған өнер жанашырын әрдайым құрмет тұтамыз. Қазіргі біздің өнерде жүрген ұл-қыздарымыз осы Көшеней салған ізбенен келе жатыр, – деді Берік Саймағанбетов өз сөзінде.
Аталған жыр кешіне Көшеней жыраудың інісі Бидас Рүстембеков пен кенже ұлы Арнұр Көшенейұлы да қатысты. Жыраулық өнердің сара жолын салып кеткен дара жанның мерейтойына Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Марат Сүгірбай, Әйгерім Ешбаева, Тоғжан Бақытова, Әлішер Мырзағалиев, Әділхан Қуаңбаев, Балтабай Бедебаевтар арнайы келіп, жырдан шашу шашты. Жырды сағынған жұртшылық құрметтеп қол соғудан, ал жыршылар қауымы қос-қостан терме айтудан жалықпады. Көрермен қошеметін сағынған сахна иелері алғыс арқаласа, ауыл тұрғындары жырға қанығып бір жасап қалды.
– «Бебеулеткен беу дүние, бастауың мен ақырың бар, тек адам баласы қасиетін жоғалтпасын» деген аталы сөздің иесі Көшеней Рүстембеков тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді. Тек Кеңес халқының ғана идеологиясы бар деп жүрген қағиданы бұзған, түркі тектес халықтың ұлттық намысын оятқан, жыраулық өнерді қайта мойындатқан – Көшеней Рүстембеков. Иә, ол бар болғаны 27 жыл ғана ғұмыр кешті. Мәскеуді бағындырды, Ақан серінің киносына түсіп үлгерді. Атақты «Көрғұлыны» жырлап, алғашқы рет нотаға түсірді. Ұстаз болды, шәкірт тәрбиеледі. Жұпар апайға жар болды, 4 балаға әке атанды. Бүгінгі күміс көмей Көшенейдің құрметіне арналған фестивальде жыраулар жыр түндігін көтерді. Расымен де, жұрт жырға сусап қалыпты, – дейді Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Бектайқызы.
Фестиваль соңында аудан әкімі Сыр өнерінің өміршең болуына үлес қосып жүрген жыршыларға алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті.
ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯҒА ҚҰРМЕТ
Үлкенін сыйлап, қариясын құрмет тұтып, төрге оздыратын дәстүрден аттамай аудан әкімі Ақжар ауылындағы ең қарт зейнеткер Халияш Ерманованың шаңырағына барып, хал-жағдайын білді.
Халияш Ерманова – 28 жыл аспазшы болып еңбек еткен. Елге қызмет ете жүріп, жолдасы Мұсабек Қадіровпен 8 перзент өсірген Батыр ана. «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегері бүгінде перзенттерінен тараған 40 немере мен 60 шөберенің ортасында. 90 жастан асқан Халияш әжей «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70, 75 жыл», «Еңбек ардагері», «Ақжар ауылының 60 жылдығы» медалдарымен марапатталған.
Ақ жаулықты әжей өзіне ілтипатын білдіре келген аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, ақ батасын арнады.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ