» » Табыс көзі ме, алаяқтың өзі ме?

Табыс көзі ме, алаяқтың өзі ме?

Ақша, ақша, тағы да ақша. Қазіргінің кіріссіз көксегені осы. Ал табыс, пайда табу, маңдай термен сауда жасау «ақшаның» көлеңкесінде қалып жатыр. Неге деймісіз? Қазір де базардан орын алып, тауарын сатушылар саны азайған емес. Дегенмен шыжыған күн, үскірік аяздың өбінде тұрып сауда жасауды жақтырмайтындар интернет арқылы ақша табуды кәсіпке айналдыруда.
Мәселен, күнделікті сөйлесуге ыңғайлы WhatsАpp желісінде «өз бидайын өзіне қуырып беруші» топтар көп. Онда түрлі қаржылық пирамидаларды құрушылардан көз сүрінеді. Олар – бұрындары базар маңында қаптап отыратын «бес жүз берсең мың аласың, кемпір берсең қыз аласың» дейтіндердің бүгінгі заманауи түрі. Қош. Қазір пирамида түрленіп, «2000 теңгеге көрпеше, ыдыс-аяқ» дегендері шықты. Сенгіш жұрт ойнады. Онда әлгі соманы төлеп, артыңнан адам тіркейсің. Егер ізбасарларың қалтаны томпайтса, демек ыдыс, көрпешеге қол жеткізесің. «Алдым» деп атойлаған талай әйелдің бейнежазбасын көріп қызыққан талайы қалтадағы 2 мыңын ойланбастан сала салды. Ал кейін ойын әрі қарай жүрмей өзінің, өзінен кейінгілердің жер сипап қалғаны бар. Бұл әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Сенгіштер әлі табылып жатыр. Бұған дәлел өзіміз жүргізген зерттеу. Ендеше 2 апта бойы пирамиданың құрығында бақылаушы болған оқиғамызды баяндасақ.
«1200 теңгеге Нәски» болмаса «Пәленше нәски, түгенше нәски». Бұл 1200 теңге салып, 40 нәскиді қоржыныңа салу деген сөз. Не нәскиді қаламасаң, 9600 теңге карточкаға ала аласың. Осындай желеумен ашылған ватсап группасына қосылдық. Кіргеніміз сол еді, «Қош келдіңіз! Бізде керемет мүмкіндіктер!» деп аудио хабарлама жолдады біреуі. «Адам тіркемейміз бе?» деп едік, «жо-оқ» деп ақталған ол жай ғана группаның сілтемесін таратуды айтты. Қосымша жақын-жуығыңды қос дегенге салды. Бұл ізіңнен адам тіркедің демей немене? Бақыладық. Бірінен соң бірі кірген адамдар. Оларға сурет, видео жолдап нәскишілер де жалығар емес. Арасында «ақша берген қыздар, жұмыс істейік, тоқтап қалды» деп бір зіркілдеп алатын админ отыр. Күттік. Әрі-бері «ойланып болған шығарсың, ойынға қосыл» деп бізді де бір сілкіп алды. Үндемедік. Келесі күндері ойынға ақша салу мүлдем тоқтап қалды. Біраздан бері ақшасын көптеп салып, жүздеген нәскидің астында қаламын деген біреуі ортаға шықты. «Ақшамды қайтар» дегеннен өзге сөз таппаған оған әлгілер «өзіңнен көр, адам жинамасаң солай тоқтап тұрасың» деп саспады. Ашынған әлгі келіншек қарғап-сілеп топтан шығып кетті. Осы аралықта өзге группадан «қонақтар» келіп сілтемелерін тастап, қайта шығып кетіп отырды. Бірі – «2000 салып 10 000 ал», екіншісі – «адал ақша», одан соң «5 000 теңгеге шуба». Ендігісі – «30 мың теңгеге жиһаздар» деген атаумен жарнаманы үйіп-төкті. Нәскиден шығып жиһазға кірдік. Мұнда да бізді жадырай қарсы алған әлгілер ойын ережесімен таныс­тырды. Алдымен 30 мың теңгені саласың. Шектеулі орын толғанда қалаған түрлі жиһаздың бірін аласың, болмаса ақшаға кенелесің. Бірақ группаның сілтемесін таратып, тағы да артыңнан адам тіркелуі керек. «Сенімді ме?» дедік ойын бағасының көптігін көрген соң. «Әрине, біздің жоба заң жүзінде жүзеге асады. Құжатымыз бар» деді ойынға қатысып, пәленбайыншы жүлдесін күтіп отырған біреуі. «30 мың аз ақша емес, сенімді болу үшін көрсетіңіз» деп қадалған жерден қан алдық. Араға бірнеше уақыт салып құжаттың суреті келді. Құжат болғанда да мөр екен. Тіпті теріс айналдырып түсірген. Бұлдыр, ештеңе көрінбейді. Болмаған соң арнайы фотошоппен жөндеп, қалыпқа келтіріп, анықтап қарасақ жиһаз дүкенінің ИП мөрі екен. Группаға қайта кіріп мұның жобаға қатысы жоғын, саудагердің өз жиһазын өткізудің тиімді тәсілі екенін, соңғы кіргендер ойында ақша не жиһаздан құр қалатынын ескерткен бойымыз сол еді топтан шығарып жіберді. Тіпті жекеге шығып бізді сөгіп алған «саудагерлер» аз болмады.
Иә, белгілі бір сомадағы қаржыны салып, арзан бағаға көп дүние алып, не екі есе қылып қайтару мүмкіндігін құр жібергісі келмейтін көп адам осындай алаяқтардың құрбаны болуда. Бұл анық «лохотрон» екенін білсе де біраз ер мен әйел қолындағы қаржысын салуға әлі де құмар. Сондағысы оңай олжаға қысқа мерзім ішінде қол жеткізу. Аспаннан ақша жауа ма? Жоқ. Ал жерде батпан құйрық жата ма? Ойланып көріңіз.
Айнұр ӘЛИ
09 қазан 2021 ж. 443 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031