» » Тұлғасы тәлім, еңбегі мәлім

Тұлғасы тәлім, еңбегі мәлім


Жайдары жаздың соңғы айлары мен «жаздайғы еңбегіңнің жемісін көр» деп келетін күрең күздің берекелі күндері аудандағы ат жалын тартып мінген азаматтар үшін, оның ішінде Сағладин үшін тыныштық таптырмас тынымсыз уақыт еді. Астық қабылдау мекемесінің кеңсесі жанындағы автотаразы мен зертхана ауласынан адам арылмайды. Ол кезде әр шаруашылықтың таразыдан өтіп есепке алынған өнімдерінің көрсеткішін ақпарат тақтасынан алғашқылардың бірі болып көрудің өзі үлкен дәреже. Бәйгеге түскен аттардай, алқына шауып алдыңғы қатардан көрінуді мақсат еткен шаруашылық еңбеккерлері жарыс қорытындысымен қай шаруашылықтың қай деңгейде келе жатқанын, жеке күрішшілердің қарқыны қай шамада екенін уақытылы біліп отырмаса жұрттың ішкен асы бойына сіңбейтін уақыт.
Әсіресе газет журналистері мұндайда тыным көрмейді. Түске дейін егіс даласында, шаруашылық қырмандарында жүрсе, кешкілік астық қабылдау мекемесінің таразы маңынан табылады. Өйткені олардан газет арқылы беретін ақпаратты күтушілердің ауқымы үлкен. Газеттің әр санын тағатсыздана күтетін, кешіккен жағдайда аудандағы іс басында жүрген азаматтарға телефонмен хабарласып, сұрап, егін жинаудағы жұмыс қарқынын қалт жібермей қадағалап отыратын сергек жандар әр ауылда бар. Және олардың көбі ауылда да, ауданда да беделі жүретін, танымал үлкен кісілер.
«Аудан активтері» дейміз ол кезде, аудандағы барлық мекеме басшылары, болмағанда олардың орынбасарлары аудандық атқару комитетінің арнайы шешімімен бірнеше топқа бөлініп, өздеріне белгіленген күнделікті тапсырмаларға сәйкес атқарылған жұмыстары жөнінде әзірлеген жа­уаптарын жаттап, кешкі қорытынды отырысқа дайын жүреді. Осы топтардың басын қосып, аудан басшысына алғашқы мәліметті беру – штаб бастығына жүктелген. Штаб бастығы – аудандық атқару комитеті төрағасының ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасары болады.
Қалай болғанда да қамбаға түскен астық түйірлері жөнінде соңғы сөзді айтатын осы астық қабылдау мекемесінің директоры Сағладин Керуенов болатын. Астықтың салмағын ғана емес, сапасын да анықтайтын арнайы зертхана қорытындысы осы Сәкеңнің қолында.
Осы қорытынды әзір болғаннан кейін ғана ауданның бірінші басшысы келіп, жеке адамдарға сұрақтар қойып, бүгінгі атқарылған жұмыс көлемін анықтап, ертеңгі жұмыстың ауқымын белгілейді. Түннің ортасынан ауа штабты сол күнгі кезекшілерге қалдырып жұрт үйлеріне қайтуға жиналады. Тап осы кезде тарауға айналған жұртты тағы тоқтатады Сағладин:
– Ау, ағайындар, мұнымен жұмыс­тарың біткен жоқ. Сіздерге арнап пәлен ша­руашылықтың басшысы жіберген ар­найы сәлемдемесі бар, – деп жиылған топ­ты кеңсе жанындағы асханаға бастайды.
Күн ұзағындағы бітпей жатқан тіршіліктің күйбеңі бір сәт ұмытылып, дастарқан басындағы жарасымды әзілдер көңілді күлкілерге ұласып, шаруашылықтың, ауданның, қала берді облыстың экономикалық көрсеткішінің алда болуы жөнінде небір жақсы тілектер айтылады. Азаматтардың бірлігі, бас қосқан тірлігі жөніндегі әңгімелер, әрине, өз алдына бір бөлек. Бұл айтылып отырғандар егін жинау науқанындағы «әрбір дәнді төкпей-шашпай жинап алу» ұранымен жүргізілетін жұмыстарының бір ғана көрінісі. Астық қабылдау мекемесінің жыл бойы созылатын астықты сорттау, оның арасы базданып кетпеу үшін ауыстырып жел қақтырып отыру, вагондарға тиеп, тиісті орындарға жөнелту сияқты жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатады. Нағыз қайнаған еңбектің ортасы. Осы мекемеден шыққан жаңа қалыптасып келе жатқан жұмысшы табының небір майталман өкілдері кешегі күнге дейін келешек ұрпаққа өз сабағын берді. Олардың әрқайсысы дән дегеннің не екенін, нан дегеннің не екенін жастарға өз ісімен сезіндірген таза еңбектің адамдары болды. Мен құрдасым, замандасым, сол кездегі қатар жүрген мекеме басшысы ретіндегі әріптесім Сағладиннің тап осындай үлкен ұжымға басшы болып, ел аузында сөзі қалған, айта жүрердей ісі қалған азаматтардың бірі болғанын мақтаныш етемін.
Сағладин Қаюұлы Керуенов 1946 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1962 жылы сол ауылдағы «Бестам» деп аталған онжылдық мектепті бітір­ген. Ауылдас азаматтармен отырғанда «Біз бестамдықтармыз» деп, өзінің ауылы мен оқыған мектебін мақтаныш етіп отырушы еді.
Мектеп бітірісімен Шымкент қаласындағы Қазақ технологиялық институтының механика факультетінде «астық өнімдері саласының инженер-механигі» мамандығын алып, 1968 жылы Көкшетау облысындағы Красноармейск ұн тарту зауытына бас инженер болып қызметке орналасты.
Сол жылы әскер қатарына шақырылып, бір жыл Забайкалск әскери округінде әскери бөлім командирі қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келді. Келісімен 1969 жылы Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасының аға инженері, тех­никалық бөлім басшысы қызметін атқарып, 1972 жылы Қазалы астық тарату базасына бас инженер қызметіне жіберілді. Жақсы істерімен, ізденісті жұмыстарымен өзінің жан-жақты қабілетін көрсете білген жас маман коммунистік партия қатарына қабылданып, 1974-1978 жылдары партия нұсқауымен Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасына ауыстырылды. Бірнеше дүркін басқарманың және кәсіподақ комитетінің мақтау қағаздарымен, ақшалай, заттай сыйлықтарымен марапатталды.
1980 жылы облыстық партия комитеті мен басқарма басшысының жолдауымен «Жосалы астық қабылдау кәсіпорнының» директоры қызметінде болып, осы жерден құрметті зейнет демалысына шықты.
Сыйымдылығы 23,3 тонналық 5 астық қоймасы бар, өз алдына жұмыс­шылардың тынығу бөлмелері бар, қыстақтың бірнеше көшесін құраған жұмысшы-қызметкерлеріне мекеме атынан салынған тұрғын үйлері бар алып кәсіпорынға басшы болып келген кезінде Сәкең небәрі 34 жаста екен.
Бұрынғы механикалық құрыл­ғылардың уақыт талабына сай келе бермейтінін түсінген жаңа басшы мекеменің материалдық базасын жаңа технологиялармен ауыстырудың тиімді болатынын тез ұғынып, жаңа жұмысын «ЗСМ-50» маркалы сеператорды жаңа «АВЦС-100» сеператорына ауыстырудан бастады. Мұның өзі астықтың сапалы, жақсы сақталуына зор көмегі тиетінін жұмысшылар аз уақыттың ішінде түсінді. Мекемеге алынған «У-15 УРАГ», «АВС-15» автомобиль көтергіштерінің бұрынғы «ГУАР-15» автомобиль көтергішіне қарағанда тиімді болғанын сезініп жүрді.
«Қармақшыастық» АО қоғамының сол кездегі ардагерлер ұйымының төрайымы Бақытжан Игенбаева, мекемедегі кәсіподақ ұйымының төрайымы болған Жұпар Аташқызы сол кездегі қарқынды еңбекті төмендегіше еске алады.
– Табыс табысқа ұласып, еңбек көрігінің дыбысы бір сәт толастамаған сол бір жылдарды адамдардың рухани қажеттілігі де өсіп, жұмысымызда қызғылықты жаңалықтар көбейе берді. Жаңа дәстүр, жаңа салтты өмірге ендіруде кәсіпорын ұжымы ауданда алдыңғы шепте болды. Мәдени-тұрмыстық жағдайдың жақсаруы еңбек адамдарының өз ісіне деген ынтасын еселей арттырды. Ал бұл өз кезегінде еңбек өнімділігінің өсуіне даңғыл жол ашты. Жоспарланған жұмыстың артығымен орындалуы мекеменің табысын арттырып, жылма-жыл пайдамен шығып отырдық. Бұл еңбекшілердің айлық жалақысының өсуіне, қосымша сыйлықтар алу сияқты табыс көзінің артуына игі ықпал етті.
Қиындық атаулымен күресе білудің жаңаша ұйымдастырылған түрлері ұжымда табыс көлемін арттырып, ретсіз шығындардың азаю үрдісі анық байқалды. №1 және №2 бөлімшелерде жұмысшыларға еңбекақы жұмыстың соңғы нәтижесі бо­йынша төленгендіктен жұмысшылар арасында еңбекке деген жаңа көзқарастар қалыптаса бастады. Қыстақтың солтүстік-батысынан жаңа астық қабылдау орны ашылып, жұмысшы-механизаторларға бір мезгіл тегін тамақ беру ұйымдастырылды, – дейді ол.
Иә, көзкөргендер айтқан осындай игі жұмыстарды астық тапсыру кезінде осы науқанға қатысқан барша азаматтар сезініп жүрді. Ол уақыттардағы еңбек қарқынын бүгінгі күні күрсіне еске алатын аға буын өкілдері аз емес. Мәселе іс тетігін білуде. Дұрыс ұйымдастыруда. Ендеше артында елеулі істер қалдырып отырған Сағладинді замандастарының сағына еске алуы, қадірлеп, құрмет тұтуы орынды деп білемін.
Сағладиннің тағы бір ерекшелігі, «өз жұмысым дұрыс, жоспарым орындаулы, мекеме жұмысы жыл сайын табыспен қорытындыланып отыр» деген сияқты тоқмейіл пікірден жоғары тұратын. Мекемеге жақын орналасқан №183 орта мектепті шепке алып, қолдан келген көмегін аяған жоқ. 1984 жылғы мектеп реформасының талаптарына сай мектепке алты жасарларға арналған бөлмелер қосып, оның ішін арнаулы құрал-жабдықтармен толтырды. Балалардың оқитын, тамақтанатын, ұйықтайтын бөлмелерін, денешынықтыру алаңдарын, оқу шеберханаларын жасақ­тады. Ата-аналардың көпшілігі өз мекемесінің қызметкерлері болғандықтан мектептегі ата-аналар комитетінің ісіне басшылық етіп, мектеп ұжымының жұртшылықпен байланысын нығайтуға назар аударып отырды.
Бұл салада да жұмыс нәтижесі көрініп, мектептің материалдық базасы туралы, мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына түсуі, оқуға бара алмағандарының жұмысқа орналасуы туралы ауданның биік мінберлерінде жасалған баяндамаларда жақсы айтылып жүрді. Аудандық, облыстық баспасөз беттерінде мақалалар жарияланды.
Мектеп реформасын қолдау аясында мектеп қана емес аудандағы спортшы жастарға, өнерпаз жастарға демеушілік жасау Сәкең басқарған астық қабылдау мекемесінің машықты жұмысына айналды. Ақын Нағима Торманованың алғашқы жыр жинаған шығаруға қол ұшын беріп, аудан оқырмандары алдында кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырды. Алғашқы кездерде Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы турнирдің ұйымдастырылуына да демеушілік жасады.
Түйіндеп айтсақ, сонау 1965 жылдан 1980 жылға дейін осы мекеменің директоры болып, кәсіпорын басқару мен ұйымдастыру жұмыстарын мінсіз атқарудың сара жолын жасап кеткен іскер басшы, ел ағасы, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағын алғаш алған айтулы тұлға Қасқыр Наметшаевтың ісін лайықты жалғастырудың өзі кім-кімге де оңай болмасы анық еді. Бүгінгі қармақшылықтар Сағладинді осы мүддеден, осы абырой биігінен көріне алған азамат ретінде де жақсы бағалайды.

Амангелді АҚЖІГІТОВ,
ардагер
09 қазан 2021 ж. 329 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10289)

23 наурыз 2024 ж.

№23 (10288)

19 наурыз 2024 ж.

№22 (10287)

16 наурыз 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031