» » Бірлігі жарасқан ұжымның берекелі тірлігі

Бірлігі жарасқан ұжымның берекелі тірлігі

Сәрсенбінің сәтінде кезекті іссапармен Ақжар ауылдық округіне қарай жолға шықтық. Ауылға кіре бергеннен-ақ оң өзгерістердің нышанын аңғардық. Жаңадан басталған құрылыс, жол жиегіндегі жүргізілген жұмысты көріп жақсы жаңалыққа баладық. Әдеттегідей ауыл әкіміне бас сұғып, елдің тыныс-тіршілігіне қанықтық. «жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дегендей, тігін цехының тынымсыз тірлігін тамашалап тұрғанда, әкімдікке «ақжар» шқ төрағасы нұрлан қомшабаев кіріп келді. Амандықтан соң, шаруашылық жайын сұрастық. Аз-маз әңгімеден кейін, егіс басындағы нағыз еңбекті көрмекке дала төсіне аттандық.
Сары дала. Егістік басы. Көліктен түссең саф таза ауа жұтып, сергисің. Ауылдың ауасы бәрібір өзгеше ғой, шіркін! Дала еңбеккерлері түстеніп жатыр екен. Ауқаттанып болған соң, бірден жұмысқа кірісті. Егіс басындағы қайнаған тіршілік қайта жанданды. Шаруашылықтың техникалары сақадай сай. Әп-сәтте гүрілдеген жатка пісіп, жетіліп тұрған егінді жинай жөнелді. Бункері толған шақта дайын тұрған көлікке қарай бет алды. Астықтың дұрыс төгілуін бағыттаушы маман көлік үстінде оңсолын нұсқауда. Қалың шудан ештеңе естілмесе де өзара түсінісуде. Нағыз шаруашылық диқандары дерсіз. Таң бозарып атқаннан, кеш қарайғанша осы қызу тіршілік. Еңбегін сүйетін ерлер мол өнім алу үшін барын салуда.

«Ақжар» шаруа қожалығына бүгінде Нұрлан Жәмитұлы төрағалық етеді. Осы өлкенің төл баласының негізгі мамандығы – агроном. Төрағалыққа дейін де осы салада түрлі қызмет атқарып, бригадирлік еткен. Қарапайымдылығы әрбір сөзінен-ақ байқалады. Қойған сұрағымызға байыппен, тұщымды жауап бергенінен өз ісін жетік білетінін аңғардық. Атқарылған жұмыстар жөнінде тоқтаусыз айтуға бар.
– 2019 жылдан бері Имамзада Шағыртаев есімді азаматтың қаржылай қолдауымен жұмыс жүргізілуде. Шаруашылықта 55 адам еңбек етеді. Биыл 715 гектарға күріш, 100 гектардан астам жерге мақсары, қосымша жоңышқа да егілді. 10 қыркүйектен бастап егінге орақ түсті. Азамат Қойбағаров есімді сушымыз гектарына 74 центнерден астам астық тапсырды. Өзге сушылардан күтер үміт көп, – дейді шаруашылық төрағасы.
Елді елеңдеткен биылғы жыл барлық жұмысты тоқтатты. Карантиндік жүйенің шаруашылыққа да едәуір кедергі болғаны рас. Ерте көктемнен басталған оқшаулану режимі әлі де еркін қимылдауға рұқсат бере қойған жоқ. Десе де, дала жұмысын дер кезінде атқарып, берілген уақытты тиімді пайдаланған еңбеккерлер мол өнім алудан үмітті.
Ауылдың кіре берісінде көрген өзгерістер де осы шаруашылыққа тән екен. Жасыл желекке айналдыру мақсатында жолдың екі жағын көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 10 адам жұмыспен қамтылған. Ал басталған құрылыс – шаруашылыққа арналған кеңсе. Оның жанынан көлік тұрағы мен қойма да салынбақшы. Шаруашылықтың алға қойған мақсаты – айқын, жоспары – нық.
Бірлігі жарасқан ұжымның берекелі тірлігіне ауыл тұрғындары риза. Оған себеп – қайырымдылыққа да үлес қосуы. Көмекке мұқтаж жанның жоқ-жітігін жеткізу, әсіресе карантин кезінде көпке қол созған шаруашылыққа елдің алғысы шексіз. Одан бері де игі істер жалғасын табуда. Қыркүйек айының өзінде шаруашылық есебінен 40 үйге ақкүріш таратылса, қыстың қамына көмек болсын деп отын, көмір жағынан да жәрдем беруде. Одан бөлек шаруашылық қызметкерлерінің үйіне көмір түсірілген. Мұндай қамқорлыққа риза еңбеккерлер қалай алаңсыз жұмыс істемесін?
– Тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем. Осыны білетін диқандар қажырлы жұмыс істеп, ала жаздай егінді күтіп-баптады. Бізде өз ісін сүйетін, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген мамандар жетерлік. Олар күрішші Мейрамбек Малаев, механизатор Нұрлыбек Жәмілов, сушы Қалмұрат Ибраев, Нұрлан Оспановтар. Сондай-ақ біз аға ұрпақ пен жастардың арасындағы сабақтастықты қалыптастыруымыз керек. Сол себепті жас күрішшілердің егін егуіне мүмкіндік жасаудамыз. Шаруашылықтың жас еңбеккерлері өздеріне артылған сенімнен шығып, жақсы жетістіктерге жетуде. Бұл жұмыстың ілгерілеуіне де септігін тигізері анық, – дейді Н.Жәмитұлы.
Расында да, былтыр бұл шаруашылық үшін берекелі жыл болыпты. Дала төсінде тынымсыз тірлік еткен 40 еңбеккердің екеуі жыл қорытындысы бойынша көлік тізгіндесе, 15 адам миллионнан астам үстемақы алып, қалған дала диқандары да қомақты сыйақымен марапатталған. Осылайша еткен еңбек, төгілген тер өз нәтижесін берген. Қомақты үстемақы алған жастарға қызығушылық танытқан жандар қатарға қосылып, жас буынның саны артқан. Жас буынды еңбекке тарту, әрі оларға демеу ретінде шаруашылықтың да өз көмегі бар. Қалай дерсіз? Егер шаруашылықтың жас еңбеккері отау құрса 1 миллион теңгелік сыйақы қарастырылған. Мұндай мүмкіндікті өзге қызмет орнынан естімедік те. Біле білгенге, бұл жас отбасыға үлкен сый, әрі көмек болмақ.
Егіс басындағы тынымсыз тіршіліктің куәсі болып, дала диқандардың еңбегін көзбен көрдік. Орақ жұмыстарымен қатар, келер жылға да дайындық басталған. Егін егетін жер жыртылып, лазерлеу жұмыстары қатар жүруде. Ала жаздай атыз жағалап, егін еккен диқандардың еселі еңбегінің жемісін көрер күн де жақын. Шаруашылықтың қамбасы алтын астыққа толып, мерейлі мерекелерінде абыройы артатына сенім мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
29 қыркүйек 2020 ж. 1 258 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031