» » Жақсы адам елдің тірегі

Жақсы адам елдің тірегі



Ұстаз, басқарушы... Қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
әл-Фараби
Мектеп – қоғамымыздың алға басуының кепілі болар ізгілік пен татулықтың қайнар көзі. Ал ұстаз, басшы «Мектеп» атты кеменің тізгінін мығым ұстар көшбасшы тұлға. Осындай өрелі ойдың өркенін өрістетер жан, мен сөз еткелі отырған іскер басшы, ұлағатты ұстаз, шапағатты ісімен, мейірімді жүрегімен шәкірт жүрегінен жол тапқан көптің құрметтісі Рабиға Қанатшаева. Ұстаздық ұлағатымен өскелең ұрпақ үшін тынбай еңбек етіп, ғылым мен жаңаша озық ойды қатар алып жүрген Рабиға апайдың маңайына мейірім шашар үлкен жүректілігі, бастаған істі табанды аяқтай білетін қайсарлығы, таланттардың талабын ұштар талапшылдығы әр кез үлкенге ізетті, кішіге үлгілі болуы тәнті етеді. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген екен Жүсіп Баласағұн. Ұстаздықтан өсіп, білікті басшы, жаңашыл мұғалім, өз ісінің шебері, жаңашылдыққа жаны құмар жан Рабиға апай маған таныс болған күннен бастап, байқағаным ұрпақ тәрбиесі үшін еш шаршамайтын, өз ұжымын биікке жетелеп, бар уақытын мектебіне, шәкіртіне арнаған тынымсыз жан болып танылды. Рабиға Рахымбекқызы ұстаздық жолды таңдап, Украйна жеріндегі Житомир қаласында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып, білім алды. Әрбір шәкірттің адами болмысын қалыптастыруда мұғалімдік мамандықты шеберлікпен шыңдады. Ұстаз болып шәкірт тәрбиелей жүріп, бар күш-жігерімен әр оқушының жанашыры, әр ұстаздың кеңесшісі бола білді. 1994-2002 жылдары тәрбие ісінің меңгерушісі болып, әр баланың көңіл көкжиегіне шыға білді, әр ата-ананың ақылдасына, сырласына айналды. Ел игілігі үшін еңбекпен етене араласып, жарқын болашаққа қарымды қадам жасады. Өзіне үміт артқан үлкен ұжымның әрқашан берекелі істерінің басынан табылып, селдей сенімін сейілтпей халық үдесінен шыға білді. Білімі терең ойы ұшқыр Рабиға апай 2004-2006 жылдары өзі қызмет ететін №185 мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметінің жауапкершілік жүгін мойнына алды. Әрқашан ұстаздық дәстүрінде оқу мен тәрбиені қатар алып жүруден еш жаңылған жоқ. Оқушыларын патриотизмге, білімділікке тәрбиелеуде «Еңбекпен тапқан нан тәтті», «Оқы, оқы және оқы» девизімен жұмыс жасады. 2012-2013 оқу жылында үнемі ізденісте жүретін ұлағатты ұстаз конкурстық жүйемен «Мектеп директоры» лауазымына көтерілді. Осы сәттен бастап Рабиға апай серіктес, әріптес, қамқор жан ретінде ерекшеленді. «Басшысы жаман тозады, басшысы жақсы озады» деген халық даналығында. Өзінің білімділігімен, ізденімпаздығымен, әділдігімен әрқашан өзі жүрген ортада еңсесі биік, жүзі жарқын болып қызмет етуі арқылы әріптестеріне үлгі болды. Нағыз көшбасшы ұстаз ретінде ел құрметіне бөленді. Рабиға апайдың еткен еңбегі, төккен тері еленіп, аудандық, облыстық, республикалық марапаттарымен қатар 2012 жылы «Үздік директор» конкурсының жеңімпазы атанып, өңірінде «Үздік директор» төсбелгісінің жарқырауы ұстаз мәртебесі деп білемін. Облыстық, республикалық түрлі ғылыми жобалардың басында жүріп, өзі еңбек еткен мектебін биікке шығарып, жеңіске жетелеуі нағыз ұстаздың қолынан келетін қажырлы еңбек деуге болады.
«Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп Абай атамыз айтқандай нұрлы ақылымен, ыстық қайратымен, жылы жүрегімен шәкірт жүрегінен жол тапқан ұстаздарын шәкірттері мақтан етеді. Рабиға апайдың шәкірттері республиканың әр аймағында халқына қалтқысыз қызмет етуде. Оған дәлел шәкірті Жайна Абубакирова «Рабиға апайыма жүректен шыққан лебізім» атты өлеңінде:
«Шығардым деп жақсы адам,
Талай-талай шаршаған.
Ал сіздің еңбек жемісің,
Өзгеше тіпті басқадан.
Жақсы адам елдің тірегі,
Байлығы туған халықтың.
Шапағатын шашар үнемі,
Көгінде тұрған жарық күн.
Сен – жастық қамын шертесің,
Тағдырын ойлап толғанып.
Әр үйдің бір-бір еркесін,
Үйреттің өзің қолға алып.
Ұстаздық шамдар сөнбесін.
Шәкіртсіз өмір сусыз жер
Көрінбек ғажап еңбегің.
Бейнетін көріп жүрсіздер,
Жүректе тұрар жақсы үнің.
Жанымнан жігер жалын күн
Ұстазым сенің әр күнім.
Әр сәтің тұрған бір ерлік» деп жүрек жырын ұсынуы ұстаз ұлағатына деген риясыз құрмет. Рабиға апай ел халықтың баласына бар күш-жігерін арнап, еткен еңбегін ең бақытты сәттеріне санайды. Тынымсыз еңбек етумен қатар отбасы берекесін сақтау, ұрпақ өсіру міндетін қатар алып келеді. Төребек ағай екеуі отасқанына 38 жыл болды. Берекелі отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, балалары республиканың әр аймағында қызмет етуде. Бұл күнде Төребек ағай мен Рабиға апай келін түсіріп, қыз ұзатып, немере сүйіп, құда-құдағиларының ортасында шоқтығы биік, қадірлі жан, ауылда ағайын-туыстың ардақтысы, ұстаздардың ұстазы. Осындай еңбекшіл жанның қарапайымдылығы, қиналған жанның қасынан табыла, науқастанса көңіл сұрай білетін жылы жүректілігіне зор ілтипат деп отырамын. Осындай зерделі жанмен сыйлас болу мен үшін үлкен мақтаныш болды.
«Қыран түлегіне қайрылмас қанат сыйлайды,
Ұстаз түлегіне алға бастырар талап сыйлайды» деген ұлылар ұлағатында. Олай болса Рабиға апай шәкірттеріне талап та, қанат та сыйлай білетін өнегелі тұлға.
Зарипа ТАСЫМОВА
21 қыркүйек 2021 ж. 505 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 304

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 401

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930