» » Адалдықты ақ сүтімен дарытқан

Адалдықты ақ сүтімен дарытқан


Дарияның асау толқыны тағы да мінез көрсетіп, өркеш-өркеш көбіктер бірінің артынан бірі қуып барады. Алагеуімнен тіршілігін дарияның арғы-бергі бетіне өтумен бастайтын Тоты анаға мұның үйреншікті көрініске айналғаны қашан. Сол әдетпен су жиегінде тұрған ағаш қайығының шынжырын босатып, алға қарай итерді. Сырдарияның арғы бетінің шөбі шүйгін, жері отты.
Сондықтан да қолдағы бар жантықтың жайылымы осында. Тіпті ілгеріде отағасы өз қолымен қамыстан бұзауқора тұрғызып, малдың жайын жасап та қойған. Кісі қары талатын дарияның арғы беті мен бергі бетіне қалт-құлт еткен қайықпен күніге екі мәрте өту – жүрек жұтқан батырлық деу керек шығар. Тоты ананың оған еті үйренгеніне де біраз жыл өткен. Дүниеден ерте көшкен жарының орнына балаларына әкесі де, анасы да бола білу – еңбекқор жан үшін жазылмаған заңдылық еді. Таңғы төрт шамасында ұйқыдан тұрып, арғы беттегі балаларының несібесі деп отырған азын-аулақ малына қарай бет түзейді. Оларды аяқтан тұрғызу, өмірге кірпіш етіп қалау, өз орнын табуға септесу – ананың басты арманы. Бүгін де міне, қораз шақырмай тұрып, шелегін қолына алып, өзеннің арғы бетін діттеп барады. Сауыны біткен соң, бір шелек сүтін үйіне, балаларына әкеледі. О, тоба-ай, сонда шайқалып тұратын қайықта сүттің бір тамшысы да төгілмейді-ау, төгілмейді. Табиғат қой. Кейде тосын жайлар көрсетіп, алай-дүлей етеді. Ондайда дария күрт өзгеріп, адам өміріне қауіп те төндіре бастайды. Бірақ сол қиын сәттерді бастан өткізсе де, соған ешбір мойымапты.
Бірде қызық жайт орын алады. Әжесін сағынған немерелері қайықпен серуендеуге қиғылық салады. Қауіпті екенін білсе де, немерелерінің көңілін қимайды. Сөйтіп, ескегін есіп келе жатқанда өзеннің тап ортасынан жиырма келідей тартатын дәу балық шоршып түсіп, қайықтың ортасына топ етеді. Алланың бергені деп, әжей немерелеріне қозғалмай отырыңдар, деп бұйырады. Солай жүзіп отырып, жиекке шығады да, әлгі балықты тазартып, шоққа көміп пісіріп берген ғой.
Иә, біз әңгімелеп отырған Тоты Кірекесқызы саналы ғұмырын адал маңдай тер еңбекке арнап, артына ұлағатты өнеге қалдыра білген еңбек ардагері медалінің иегері, Батыр ана. Балалық шағы ашаршылық, сталиндік репрессия дүрбелеңімен тұспа-тұс келген оның өмірден көргені аз болмады. Кейіннен Ұлы Отан соғысы жылдарында да елмен бірге көмекке келіп, майдан үшін тылда аянбай тер төкті.
Т.Кірекесқызы 1930 жылы Иіркөл ауылында туған. Әкесі – өз заманында шебер, ұста болған кісі. Ал анасы – қаншайым ауыл арасында қолөнер шебері атанған. Киіз үйдің жабдығын істеп, елге қызмет көрсеткен. Тоты анамыздың 4 сыныптық білімі болған. Жастайынан құрылыс саласына жұмысқа кіреді. Ауданымыздағы алғашқы құрылысшы қыздардың бірінен саналады. Ес білгенінен ата-анасының еңбекқорлығын, адамгер­шілік қасиетін көріп өскен оның еңбек жолының құрылыс саласымен сабақтасуы бекерден-бекер болмаса керек. Адами болмысымен, күш-қайратымен сол уақыттарда аты дүркіреп тұрған ПМК-30 мекемесінде 36 жыл бойы сылақшы болып жұмыс істеуі – сол ата-анадан берілген қасиет демеске лажымыз жоқ. Титімдей ғана қазақ қызының ержігітке бергісіз еңбек еткені ерлік деуге негіз болар. Сылақ – бұл қара жұмыс. Топырақ елеу, батпақ илеу. Көлемі білектей болатын қалаққа батпақ толтырып, қабырғаға лақтырып жағып шығу, бетін біркелкі етіп сылау – күштінің күштісінің қолынан келетін іс десек қателеспейпіз. Қолға салмақ түсіреді. Табиғаты нәзік әйел заты тұрмақ, ер адамның өзі шыдас бере қоймайтын жұмыс. Апамыздың осы кезеңге дейін ауданымызда ел игілігін көріп отырған көптеген нысандарда қолтаңбасы қалған.
Оның мамандығына деген адалдығы ескерусіз қалмады. Мекеме басшылығы Жосалы кенті орталығынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Білікті маман аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Бір қызығы, апамызбен бірге жұмыс істеген шәкірттері (қазір олар да зейнет жасында): «Ол кісі сылақ сылағанда қасында көмекші болып жүретін едік. Тоты апаның қайраты тасып тұратын әрі жылдам қозғалады. Кейде батпақ тасып беруге шаршап қалатынбыз» деп еске алады.
– Анамыз әкесіне ұқсаған. Нағашы атамыз өте қайратты адам деседі. Бір шаруа бастаса, қопарып тастайды екен. Пішен орғанда көріп тұрам ғой, қайық суға батудың алдында тұрса да, қорықпайды. Тиегені үстіне тиеп жатады. Дарияның жиегінен ши оратын. Ол кезде баламыз ғой. Көп нәрсенің байыбына бара бермеппіз.
Әкем Бодық базарком болып қызмет етті. Базардан түскен ақшасын банкке өткізетін. Анамды 10 күндікке концертке кетіп бара жатқан жерінен келін етіп түсірген. Дастарқан басында аналарыңды солай алғанмын деп біздерді күлдіріп отыратын. Концерт демекші, анамның әншілік өнері болған. 16 жасында әкемізге тұрмысқа шыққан. Әкем «Есеп-қисапқа жақын бол, сауда-саттықтың оқуын оқы» деп кеңес беретін маған. Бір-бірлеріңе қараңдар, адал болыңдар деп өсірді бәрімізді. Ашуланбаңдар, ашулансаңдар, «Жібек орамал кепкенше» демекші, райларыңнан тез қайтыңдар деп өмірден өткенше осы сөздерін қайталаумен кетті. Кейін менің сауда саласына келуіме, онда қызмет етуіме асқар тау әкемнің ықпалы себеп болды. Өкінішіміз – әкеміз жарық дүниені ерте тастап кетті. Бар салмақ анамызда қалды, – дейді отбасының үлкен қызы Алтын Бодыққызы.
Қазақ жаңа туған сәбиге есім қоюдың өзіндік жон-жоралғысы мен ырымына ерекше мән берген халық қой. Бұл шаңырақта да осы ырым қатал сақталғандай. Араға біршама уақыт салып дүниеге шекесі торсықтай ұл келеді. Әкесі «Бар екенсің ғой, барым» деген ырыммен оның есімін Барбар атайды.
«Одан соң мен дүниеге келіппін. Менің атымды Алтын деп атапты. Өмірбойы жұлдыздай жарқырап жүрсін деп осы есімді таңдағанға ұқсайды. Мұнай, Күміс атты екі егіздері жас кезінде шетінеп кеткен. Кіші сіңілім Рахатжан Ақтөбеде технологиялық инс­титутты бітірген. Одан кейінгі сіңілім Рабат қаласында туғасын атын Рабат деп қойыпты. Ол да Ақтөбе қаласында тұрады. Ақзада Қобдада, сонда тұрмысқа шыққан. Үлкен ағам Барбар РТС мекемесінде маңдайалды жүргізуші болды. Қазір зейнеткер. Інілерім Мамай мен Зайырхан да өмірден ертелеу өтті. Артындағы ұрпағына қарап шүкірлік етеміз. Зайырхан азаматтық борышын Польшада өтеген. Онда ротаны басқарған. Сол кезде Польша мемлекетінен үш мәрте осындай бала тәрбиелегені үшін деп анамыздың атына алғыс хаттар келген еді. Тағы бір інімнің есімі Әділхан. Ата-анамыздан қазір 31 немере, 42 шөбере тарап отыр» дейді сөз арасында Алтын әпкеміз.
Қазақтың дәстүрі мен салты ықылым заманнан бері келе жатқан құндылық қой. Тоты анамыз да бейсенбі, жұма күндері қазанжаппайын жауып, көршілерін шайға шақыруды естен шығармайды екен. Иіс шығарып, имандылық және қазақы дәстүрді ұстанып отырған. Көршілері басы қосыла қалғанда: «Тотының ашытпасын-ай, кекіргенде көзімізден жас шығарады» деп жиі айтатын болған. Қонақжай қыры да көпшілікті бей-жай қалдырмайды.
– Апамның келісі, диірмені, тағы басқа да ескілікті тұтынған заттары болған. Менің қолымда кесте тоқитын ілмегі мен ұршығы бар. Басқаларын да қосып, жәдігер ретінде аудандық мұражайға өткізбекпін. Анамыздан үйренгеніміз аз емес. Киіз басу, ши тоқу дегендей. Көрші-көлем жиылып, қазан асып, тойға жиналғандай киіз басқан күндер әлі көз алдымызда. Ол кезде адамдар мейірімді. Бір үй бақша ексе, соның өнімін барлығы жейді. Ата-анамыздың сыйластығы керемет болды. Ашуланғанын көрмеппіз. Әкеміз бауырмал болыңдар десе, анамыз қонақ келсе, күліп қарсы алып, күліп шығарып салыңдар дегенді ай­тудан жалықпайтын. Қонақтың әкелгеніне қарамаңдар, сөмкесіне жарты таба наныңды салып жібер, одан кедей болмайсыңдар дейтін бізге үнемі. Біз сонымен келе жатырмыз. Қонақты төрімізге шығарып, жақсы тамақтанғанын жақсы көреміз. Әке-шешеміздің айтымы солай. Адамгершілігі мол еді. Ағайын-туысқа да жанашыр болды. Сауған сүтін, сарымайын қосып бізді жүгіртіп жібереді. Біз апарып береміз. Ол үй де жарты таба нанын береді. Еркежанына да айраны мен сарымайын, қуырған қантын дайындап отырады. Олар да бізді бос қайтармайды. Міне, анадан алған тәліміміз, – дейді перзенті.
Еңбек адамы қашанда құрметті, ұрпаққа өнеге. Сол айтқанымыздай Тоты Кірекесқызының өңірдің құрылыс саласына сіңірген еңбегі ерекше. Өзі ортамызда болмаса да оның қолы тиген құрылыс нысандары халқымен бірге жасап келеді.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
14 қыркүйек 2021 ж. 370 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031