» » » Әкеге қарап ұл өсер

Әкеге қарап ұл өсер


Балығы тайдай тулаған, шабағы судың бетіне шөлп еткенде ай сәулесімен күміс түске боялатын дарияның күнделікті тірлігі сан құбылады. Адамзат табиғат-ананы бағындырдым дегенімен, асау толқындар кейде мінез көрсетіп, долы күйге енетіні бар. Судан алшақ тұратындарға болмаса, мұндай өзгерістер дария жиегіне жақын қоныстанған тұрғындар үшін көз үйренген дүние.
Бұл 2000 жылдары болатын. Әдеттегіше, моторлы қайығын оталдырып, айналаны бір шолып қайту Әскербек (Әсет) Біләлұлының жұмыстан қолы сәл қалт еткенде істей кететін тірлігі. Ол күні де солай етті. Өзеннің арғы бетіндегі азын-аулақ жантығына көз қырын салып, кері қайтқаны сол еді. Үйге беттей бергенде есік алдында дегбірсіздене күтіп тұрған ер адамды кезіктірді. Іші қылп ете қалды. Әйтеуір жақсылық болса болар. Түрі қошқылданып түтігіп кеткен жас шамасы алпысты құрайтын бұл кісі оған көзіне оттай басылды. Етене араласпаса да жақындау маңда тұратын көршісінің бірі болып шықты. «Тыныштық па екен?» деген ой сананы демде сызып өтіп, не де болса, амандық сұрасуға қол берісті.
– Асса­лаумағалейкүм, жол болсын!
– Уағалейкүмассалам, сені күтіп тұр едім. Екі кештің ортасында балам суға кетіп, қара жамылған жайым бар. Оны судан алып шығу сенің қолыңнан келер деген үмітпен өзіңді іздеп келгенім.
– Қазір алдымыз түн, қараңғы болып кетті. Ертең таңғы 4-5-тің кезінде келіңіз, сол кезде әрекет қылайын. Дария Жапырақшыдан үшке бөлініп жатыр. Сонда жатыр ғой, тауып беремін балаңызды, – деп көршісін кері қайтарады.
Перзентінен айырылу оңай болсын ба?! Жаны шыдамаған көршісі көз жасын бұлап, таңғы 3-терде Ә.Елпановтың үйіне қайта келеді.
Қайықты көлікке тиеп, түн қараңғысында Жапырақшыға келіп жетеді. Судың жайын бір адамдай білетін ол жарық түсісімен өзі «осы жерден табылады-ау» деп жобалаған иінде расында да марқұмның денесі қайырлап қалыпты.
Мұндай оқиғалар ағамыздың өмірінде бір емес, бірнеше мәрте орын алғанға ұқсайды. Тағы бірде Жалағашта экскаватор жүргізушісі болып жұмыс істеген кезінде де бір жағдай болған. Дариядан аттылы кісі өтіп бара жатып, аты бір аунап түскенде үстіндегі адамы суға батып кетеді. Жылқы болса жағаға жүзіп шығады. Әсекеңнің көз алдынан өткен бұл оқиғаға бас бұруға уақыты жоқ еді. Себебі пәленбай миллионның тапсырысымен канал қазып жатқан экскаваторшыға үлкен жауапкершілік жүктелген болатын. Әйтсе де, әлгі ат үстінде суға кеткен кісінің денесі қырық күнге дейін табылмай, ағайын-туысына уайым шектіреді. Қырқын беріп жатқанда жақын-жуығы хабарласып, «Әсеке, ана бала Қармақшыдан түсіп келе жатыр, іздейік те. Біреулер хабар берді» дейді. Сонда ол «Дария технадзордың қасынан 4-ке бөлінеді. Сол жерден кетпейді, мүмкін шығып қалар» деп болжаммен жауап береді. Оның айтқаны тағы да дәл келіп, мәйіт табылады.
Біз әңгімелеп отырған Әскербек Елпанов Жосалы кентінің тұрғыны. Жастайынан техникаға үйір болып, әкесінің жолын қуады. Ұлы Отан соғысынан бұрын Біләл ақсақал дәнекерлеуші болған. Орыстармен бірге Орынбор қаласына дейін барып, темір-терсекпен жұмыс істейді. Бір қызығы, жанындағылар дәнекерлеген теміріне өздерінің мекеме белгілеген нөмірін мөр ғып басқанда, Біләл әкеміз "Х" басып қалдырады екен. Орыс ағайындар сан басқанда, біздің әкей "Х" – Керей руының рулық таңбасы қалдырып жүреді екен-ау! Халқын қалай жақсы көрген десеңізші?! Онысын кейіндері дастарқан басында отырғанда балаларына айтады екен.
– Туған әкем мен ағайындарым темірмен жұмыс істегендер. «Алма алма ағашынан ұзамайды» дегендей, солардан алыс кетпей, бұл жолды мен де таңдадым. Алғашқы еңбегім астық қабылдау бекетінде басталды. Содан соң әскерде болып, Қазалының техникумын тәмамдадым. "Техник-механик" мамандығын игеріп, көбіне сыртта, далада еңбек еттім. Аралдағы Ақбайдың топырағын алты жыл қазуға қатыстым. Еңбек кітапшамда "Қызылорда су құрылыс жөн­деу" меке­месі­н­де механик, ПМК-83 мекемесінде экскаватор жүргізушісі сияқты қызмет жолы жазылған. Маңдай тер мен жұмысқа деген жігер елеусіз қалмады. 1986 жылы №83-ші механикаландырылған колоннасында "Ауданның үздік экскаватор-машинисі" атағын жеңіп алдым. Одан бөлек, аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат болып қатыстым. Бүгінде зейнет демалысындамын, – дейді кейіпкеріміз.
Облыстың талай каналын қазуға атсалысқан ағамыздың арасында балық аулап, ау тоқитын өнері бар. Суда жақсы жүзеді. Қайсыбір жылдары көлге тастаған ауына 180 келі тартатын 4 жайын түсіп, көпшілікті таңғалдырған. Зил жүк көлігіне тиеген кезде, жайынның жүзбе құйрығы жерге сүйретіліпті. Ағамыз орман шаруашылығы мекемесінде жұмыс істеп жүргенінде сол уақыттағы мекеме басшысы болып қызмет атқарған Тұрар Біләловтен тапсырма алады. Оған облыстық жәрмеңкеге аудан атынан сатуға балық аулау керек болады. "Халықтың несібесі шығар, ауға шамамен 80 келі болатын екі бірдей лақа түсіп, қасына 3 тонна салмақтағы сазан-шортанды қосып, облыста ұйымдастырылған ауылшаруашылық жәрмеңкесіне апарып, сатылымға салғанымыз әлі есте" дейді ол.
«Мың естігеннен, бір көрген» деген. Әскербек ағамен әңгіме барысында ойымызды бөлісе отыруды да жөн көрдік. Өтірік пе, әлде рас па, кейде көптің аузынан дарияда адам жұтатын жайындар қазірде де бар екен дегенді естиміз ғой. Сол сауалды ағамызға да қойған едік.
– Үйіміз дарияның жиегінде орналасқан соң онша-мұнша жағдайларды естіп-көріп отыратынымызды жасырмаймын. Көзбен көргенімді айтайын. Негізі ондай үлкен жайындардың болуы әбден мүмкін. Ілгеріде суға кету оқиғасы болды. Сонда жайпауыт жерге сүңгіген сүңгуірлер (водолаздар) арқанмен суға түскенде аузы-мұрнынан қан кетіп жүрді. Бұл біріншіден, дарияның кейбір тұсының өте тереңдігін білдірсе, екіншіден, сүңгуірлер судың астында жыбырлаған бірдеңелерді көргенін айтқан. Олар мұны лақалар болар-ау топ топшылаған. Тіпті, әрі қарай түсуге жүрексінді. Иә, әркімнің өз өмірі өзіне қымбат қой. Сең жүрген қайбір жылы да камазбен дарияға тас аударғанда лақалардың көлкіп судың бетіне шыққанына өзім куә болғаным бар. Байқамаса болмайды, – дейді Әскербек Елпанов.
Қазақ халқында даналықпен суарылған «Әке қөрген оқ жонар» деген сөз бар. Сол айтпақшы, жақында еліміздің Құтқарушылар мерекесінде адам жанына арашашы болған кент тұрғыны, марқұм Егеубай Елпановтың ерлігі еленіп, оның ата-анасына, яки әкесі мақаламызға арқау болған Әскербек Біләлұлы мен анасы Жамал жеңгемізге Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суда батқандарды құтқарғаны үшін» медалі салтанатты түрде тапсырылды.
Жақсы қасиет, жақсы мінез – ата-анадан дейміз. Біз де Егеубай Әскербекұлының адамгершілік, батылдық қасиетінің қайдан бастау алып жатқанын енді білгендейміз.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
10 қараша 2020 ж. 566 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031