Судағы сақтық немесе Егеубайдың ерлігі
ЖОСАЛЫ, 13 маусым – qarmaqshy-tany.kz Жаз басталысымен судағы қауіпсіздік жайы жиі сөз бола бастайды. Себебі ересектер мен бірге балалардың да суға кету қаупі күшейіп, қайғылы оқиғалар орын алады. мысалы былтыр облыс аумағындағы су айдындарында 26 адам қайтыс болса, оның 10-ы бала болып отыр. Ал биыл аймақта осындай жағдаяттан 10 адам өмірмен қоштасса, оның 4-еуі бала. Бұл – әрине өте өкінішті. Десе де, бір ескере кетерлігі осы жылы әзірге ауданымызда мұндай бақытсыздық оқиғасы тіркеліп отырған жоқ. Лайым тіркелмесін.
Тіркеліп қалар ма еді, кім білсін?! Бәлки дер кезінде көмек берілмегенде. Екі баланың өмірін құтқарған кент тұрғыны жақын маңда болмағанда. Жан жүрегі елжіреп, өмірмен өлім арасындағы балаларды құтқаруға ұмтылмағанда. Ол балалардың өмірін сақтап қалды. Бірақ араға үш, төрт күн салып біршамадан бері өзін мазалап жүрген дерттен мына жалған дүниеден ұзап кете барды. Денсаулығы сыр беріп жүрсе де бала үшін көзсіз ерлікке барған кім? Екі бірдей өскінді асау толқыннан шығарып, өз өмірін қауіпке тіккен оқыс оқиға қалай өрбіді? Әдеттегіше бір топ жасөспірім күннің ыстығынан тынығып, салқындап қайтуды ойлап дария жиегіне қарай бет бұрды. Олардың әрбірінің көкейінде "өңменіңнен өтетін ыстық ауа-райында сәл де болса суға шомылып, сергіп қайтсаң артық етпейді" деген ой. Балалар суға түскен соң бір-бірімен ойнай бастайды. Ойынның қызығына алданып өзеннің тереңдеу тұсына қарай кетіп қалғанын байқамайды. Осы кезде арасындағы біреуі (суға малти білмесе керек) суға батып, шығып әбігерге түседі. Жанындағылар өздерінің қолынан ештеңе келмесін біліп айналасынан айғайлап көмек сұрауға кіріседі. "Құтқарыңдар!" деген жанайқайды естіген сол жердегі басқа балалар да осылай қарай өре түрегеледі. Олардың ішіндегі ең жүректісі қиындыққа душар болған қатарын көріп, суға күп береді. Суға батып бара жатқан қатарын құтқаруға кіріседі. Алайда жиекке дейін әлі де жүзіп жету керек. Осы кезде дария бойына тынығуға келген сол маңайдың тұрғыны Егеубай Елпанов оқыс оқиғаны байқап қалып, көмекке келеді. Ол екі баланы да судан аман-есен алып шығып, құтқарады. Бір айтарлығы – Егеубай бүгінде ортамызда жоқ. Өзі науқастанып жүрсе де мына жағдайда бейтарап қала алмады. Артына үлкен азаматтық із қалдырды. Балаларды ажал құрығынан құтқарып, оларға екінші өмір сыйлап кетті. Бәлки бұл жағдайдан біреу хабардар, біреу бәлки мүлде білмес. Бастысы – оның адамгершілігі мен адами келбетінің жоғары тұрғаны.
"Егеубайды жақсы көретін едік. Әркез айтқан сөзін жерге тастамайтын еңбекқор болатын. Досқа адал, жан-жағына сыйлы, ағайынға ақкөңіл бауыр, іні бола білді. Ол табиғатынан елгезек, біреуге көмек бергеннен жаны рақат табатын" дейді оны білетіндер.
Бала – өсіп келе жатқан жас организм. Өмірге құштар. Ондағы барлық тіршілік иесі мен барлық құбылыс ол үшін қызық та ғажап. Шалт қимылдап, жылдам шешім қабылдайды. Айналасындағының бәрі оған кереметтей көрінуі мүмкін. Ол сонысымен де бала. Бірақ баланың аты – бала. Бір сәт қараусыз қалдыру – қасіретке әкеліп жатады. Әсіресе, арнайы белгіленген суға түсу орындары болмаса, тіптен қауіпті. Бұл жолы жақсы аяқталды. Бірақ келесі жолы немен аяқталарын кім білсін?!
Сәрсенкүл Жаудатбекқызы