» » Өмірін еңбекпен өрнектеген

Өмірін еңбекпен өрнектеген


«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, өнегелі іс-әрекетімен жан-жағына танылған абзал жандардың бірі – Асылбек Молдабаев.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген даналар сөзі тегін айтылмаса керек. Ол 1946 жылы 26 маусымда Тереңөзек қыстағында дүниеге келген. Әкесі Кетебай сол кездері Тереңөзекте құқық қорғау саласында, анасы Қаншайым Бисенова ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен.
Отбасында үш ұл, алты қыз тәрбиеленген. Социалистік Еңбек Ері атанған нағашысы Алдаберген Бисеновтің ұсынысымен 1961 жылы 7 кластық білімі бар Асылбек Кетебайұлы Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумының механика бөліміне оқуға түсіп, 1966 жылы «Техник-механик» мамандығы бойынша диплом алып, Жаңаталап кеңшарына автомеханик болып жұмысқа қабылданады. Осы жылы әскер қатарына шақыртылып, Литва мемлекетінің Каунас қаласындағы дивизия штабында жүргізуші болған. 1967 жылы жеке құрамға авторота жасақталып, Ресей Федерациясының Ставрополь өңіріндегі Курган, Воронеж облыстарында ауылшаруашылық дақылдарын тасуға қызмет жасаған.
Еңбек жолын 1968 жылы Жосалы қыстағындағы «ПМК-30» мекемесінде скрепер және трактор жүргізушісі болып бастап, ауыр техникаларды басқарып, скреперистер бригадирі, роторлы эксковатор және бульдозер техникаларын жүргізіп, аға механик қызметін қоса атқарған.
1971 жылы Жосалы қыстақтық кеңесіне депутат болса, обком комсомолының пленум мүшесі болып сайланады. Білікті маман 1973 жылы Қазақ КСР 50 жылдығы кеңшарына көшіп келіп, бульдозер жүргізушісі болып жұмысқа орналасады. Канал қазып, жармалар мен суқашыртқыларының тазалығына белсене атсалысады. Осы кеңшарда егін егу науқанында комбайн, басқа да ауылшаруашылығы техникаларын басқарған.
Еңбек майталманы 1975 жылы ВДНХ-ның екі қола, бір күміс медалімен марапатталса, араға бір жыл салып «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. 1978 жылы Ресей Федерациясының Ростов облысы, Таганрог қаласындағы комбайн шығаратын зауытта әріптестерімен тәжірибе алмасады. 1979 жылы ол жайында күріш жинау барысында жақсы жетістіктерімен көрінгені үшін арнайы репортаж түсіріліп, ол Мәскеудің «Время» телебағдарламасынан көрсетілген.
Кеңшарда ең бірінші болып 10 мың центнерден астық бастырғаны үшін әкімшілік «Урал» мотоциклын сыйласа, мемлекеттік деңгейде «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Облыста алғашқы болып, Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің жеңімпазы атанып, «Құрмет» грамотасымен қоса «Мос­квич» автокөлігі сыйға тартылған. Оның ерен еңбегін ескерген орталық Венгрия мемлекетіне саяхатқа жолдама береді.
Қармақшы ауданына 1989 жылы көшіп келіп, Жосалы автобазасында Камаз автокөлігінің жүргізушісі ретінде жұмысын жалғастырады. Жұмыс кезінде Қазақстанның қалаларынан бөлек, Мәскеу, Минск, Кросноярск, Казан, Саратов, Башқұртстан, Нефтекамск, Алтай өлкесінің бірқатар қалаларында болып, жүк тасымалдайды. Қызметтің қай саласында болмасын, ол өзінің кәсіби шеберлігімен, жұмысқа деген қабілетімен, ынтасымен жауаптылық таныта білді.
1992 жылы ауданның үздік жүргізушісі атанса, 2002 жылы Атырау облысында канадалық «Трак Контракшн ЛТД Арктик» компаниясында жұмыс істеп, онда да абыройға бөленеді.
Тағдыр табыстырған жары Тұмар Момыновамен үш ұл, екі қыз тәрбиелеген. Тұмар Әбдікәрімқызы Қазалы ауылшаруашылығы техникумын бітіріп, «Мал дәрігері» мамандығын алған. Отбасылы болғаннан кейін Қазақ КСР 50 жылдығы кеңшарына мал дәрігері, Жосалы қыстағына көшіп келгеннен кейін «Көпсалалы коммуналдық шаруашылық» мекемесінде кассир-контролер қызметін атқарған. 2010 жылы осы мекемеден зейнетке шыққан.
Бес баласынан 16 немере сүйді. Тұңғыштары Бек – Нұр-Сұлтан қаласының «Биотехнологиялық ұлттық орталығы» РМК-ның шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің директоры, жолдасы Жанар «Computer Vision» ЖШС қызметкері. Қыздың үлкені Ғазиза – облыстық білім басқармасында бөлім басшысы, Қайрат – «Ақмешіт Мелиоратор» серіктестігінде инженер. Ортаншы ұлы Нағашыбек – Қызылорда қаласының «Мелиоратор» ЖШС техника қауіпсіздігінің білікті маманы, жолдасы Әсел – жеке кәсіпкер. Әкесінің ерке қызы Назира – И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғарғы колледжінің ақпараттық орталық жетекшісі, жолдасы Қанат – «Ишанбек Айбар» шаруа қожалығының төрағасы. Кенже ұлы Диас – аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы, жолдасы Динара – Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып ел тәуелсіздігінің нығаюына өз үлестерін қосуда.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген дана халық. Жаны жайсаң, көңілі көктем Асылбек Кетебайұлының артында айта-айта жүрер өнегелі істері қалды. «Бір тамшы айранға ұйыған сүттей» бір әулеттің бірлігін бекітіп отырған ағайынның бас көтерер азаматы болды. Елден аларынан берері көп азаматтардың өмірден ерте кететіні өкінішті» деп еске алады ағасы, еңбек ардагері Амангелді Ақжігітов.
«Асты бойға сіңгеннен кейін, әйелді жастығы өткен соң, батырды шайқастан оралған соң, астықты жинап алғаннан кейін мақта» деген бабалар даналығы. Асылбек әкеміздің артында салиқалы ұрпағы мен елге еткен еңбегін айта жүрер бір қауым халқы қалды. Расымен де жақсының аты ешқашан өшпек емес. Уақыт өткен сайын тау тұлғасы еселене бермек.

Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
11 қыркүйек 2021 ж. 384 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031