Табыс көзін тағамнан тапты
Талаптанса, жұмыс көп. Қарекет етсе, кәсіп көп. Ал оны жүзеге асырса, дөңгелейді, көкжиегі кеңейеді. Осы тұста төзімділік пен қайтпас шыдамдылық ұштасса, алынбас қамал бар ма?! Дәл осындай ұстанымды алға тартқан бүгінгі кейіпкеріміз – кәсібінің нәсібін көріп отырған жан. Ауданның бас көшесі бойында орналасқан «Донер» бутигін білмейтіндер жоқ шығар, сірә?!
Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп халыққа нақты бағыт сілтеген екен. Уақыт алға жылжыған сайын осы «үш керектің» орны байқалып-ақ тұрады. Қорқыт елі кәсіпкерлікте қанатын кеңге жаюда. Оған дәлел екі қолға бір күрек ұстап, кәсібін дөңгелеткендер қатарының көбеюі.
Фаст-фуд – әлемдегі ең танымал тағамның түрі. Әр елдің өзінің фаст-фуды бар. Мәселен, Италияда пицца, Жапонияда суши, Шығыс елдерінде донер. Мұндай тағамдар үлкен қалаларда көбірек сұранысқа ие. Себебі ондай жердің тұрғындары жұмысбасты, уақыты аз. Сол себепті тез әзірленетін тағамды тұтынғанды жөн көреді. Ал бізде бәрі басқаша. Арасында бір сағынған сәтте, қалтаң томпайғанда қалалық тамақтан тойып тұрып дәм татқың келеді. Бұрындары донер таппай бас сауғалайтын аудан тұрғындары, қазір әр жерде орналасқан фаст-фуд өнімдерін таңдап жүріп тапсырыс бере алады. Соның бірі – жас кәсіпкер Фариза Әлімханованың тез әзірленетін тағамдар бутигі.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда осы кәсіпті айналдырып отыр. Шығу тегі шығыс елдеріне тән тағамды даярлатып, сату арқылы өз бизнесін жүргізу оның ойына қалада жүрген кезде келген. Солай былтыр «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 555 мың теңге көлемінде грант жеңіп алады. Осылайша жас кәсіпкер аудан орталығында жобасы бойынша кәсібін бастап кетеді.
– Әр адамның өз тұтынушысы болады. Сол үшін мен де өзімнің ісімді қолға алдым. Ең алғаш ашылған кезде тұтынушылар бірте-бірте жинала бастады. Қазір өзімнің тұрақты сатып алушыларым бар. Ас мәзірінде донер, қуырылған донер, қытырлақ тауық қанаттары, пицца, жапондық сушидің түрлері бар. Сондай-ақ үйге жеткізу арқылы да жұмыс істейміз, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, дәмді тағамның қай кезде де тұтынушылары табылатыны сөзсіз. Десе де тұрақты сатып алушыны ұстап қалу, күн сайынғы сатылатын өнім санын көбейту оңай жұмыс емес.
– Бастысы – сапа, тиімді баға. Әр дайындаған сайын тағамға салынатын өнімдердің мөлшерінің бірдей болуын қадағалаймыз. Себебі халыққа ұсынып отырғандықтан өнім олардың көңілінен шығуы керек. Фаст-фуд болғандықтан тез дайындалады, бірақ бұл тағамның сапасына ешқандай әсер етпеуі керек. Қазір жұмыс жоқ деп ата-анасының мойнында отырып, отбасына әбден масыл болған кей азаматтарды көріп қапаланамын. Аяқ-қолы сау, денсаулығы бар. Бірақ соны тиімді пайдалана алмайды. Екі қолына күрек ұстауды да ұмытып жатқандай. Уақыт жылдам. Әне-міне дегенше 30, 40 тіпті 50-ден асқаныңды байқамай қаласың. Сол кезде бар арманыңның орындалуына уақыт жеткіліксіз болады. Жоспар құрып, мақсат қойып, соған лайықты қарекет ету керек. Сабырлық пен төзімділікті қатар ұстап, тәуекел етсең барлық қиындықты еңсере аласың, – дейді Фариза Дастанқызы.
Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған жас кәсіпкер бизнесін алдағы уақытта кеңейтуді көздейді. Бұйырса ас мәзірін көбейтіп, арғы беттен де бутик ашып, халыққа қызмет етуді жоспарлауда. Ал Фаризаға тапсырыс беріп, тағамдарын тұтынып жүрген тұрғындар оған дән риза. Жылдам әрі дәмді мәзірге алғысын айтып, кәсібіне береке тілеуде. Біз де жас талапқа арманының аласармауын тіледік.
Әрбір қазақстандық азамат «жұмыссыз жүруге неге құмармыз?» деп терең ойлануы тиіс. Көштен алға озып кеткен 30 елдің қай-қайсысына қарасаңыз да бәсекелестік қабілет нықталған. Еңбектен қашпайды. Керісінше оза шауып, төске өрлеген сайын өршелене жұмыс істейді. Біз ше, одан кембіз бе?
Айнұр ӘЛИ