"Nur Otan" партиясында кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті
Бүгін аудандағы «Nur Otan» партиясы ғимаратында кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларымен кездесу жиыны өтті. Кездесудің мақсаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты жолдауын талқылау.
Жиынды партия төрағасының бірінші орынбасары Дастан Боханов ашып жүргізіп, қатысушылардың баяндамасын тыңдады.
Мінберде бірініші болып сөз алған аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләззат Есханова «Қолжетімді әрі сапалы білім» бағыты бойынша аудандағы білім сапасына тоқталып, сол бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
– Педагог кәсібінің беделін арттыру және оларды сапалы құрамын көтеру мақсатында біршама істер атқарылуда. Жалпы ауданда 2020-2021 оқу жылында 2048 педагог қызметкерлердің біліктілік санаты бойынша сапалық құрамына келсек: 1-і педагог-шебер, 248-і педагог-зерттеуші, 498-і педагог-сарапшы, 371-і педагог-медератор, 92-сі жоғары санатты, 268-і бірінші санатты болса 570-і санатсыз мамандар. Бұл педагог қызметкерлердің 67,0% жоғары сапасын құрайды. Биылғы жылғы магистр саны – 48. Ауданда жаңа санаттағы категорияны қорғаған педагогтар 25-50% аралығында қосымша үстемақымен қамтылған, – деді Л.Есханова.
Мұнан соң кәсіподақ жанынан құралған «Жас Қанат» жастарының белді мүшелері дайындаған «Экология және биологиялық әркелкілікті қолдау», «Ұлт сапасы – ел тағдыры», «Ұлттың жаңа болмысы» атты баяндамалары тыңдалды. Тақырып аясында ой-пікірлер қозғалып, жолдау төңірегінде ұсыныстар айтылды.
Жиынның соңын түйіндеген партия төрағасының орынбасары, Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектінің жолында жұмыс істеу керек» деген даналық сөзімен қорытындылап, қатысушылардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ерсін СӘДУҰЛЫ