Кәсіп етсең – көгересің

– Бұл – отбасылық кәсіп. Негізгі бағытымыз – дәмді тағам әзірлеу. Ас мәзірімізді жаңартып, тұрғындар көңілінен шығу үшін жұмыс істеп келеміз. Бұл кәсіп түрі бізге таңсық емес. Себебі ата-енеміз кезінде кәуапхана ашып, кәсібін дөңгелеткен жандар. Өзім №121 мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі болып қызмет етемін. Қолым қалт еткенде осында түстен кейін осы сүйікті орныма келемін. Қосымша табыс табу артықшылық етпейді. Адам бір орында отырып қалмауы керек. Осыны кей жастар ұғынса екен, – дейді Гүлнұр Жүсіпова.
Тұрғындар сұранысына ие болған мекенге аяңдадық. Тапсырысы қыза түскен орынды көзбен көрдік. Расымен, не қалайсыз, бәрі бар. Бастысы дәмді, әрі балғын.
– Кәуап пісіруге қызығушылығым бұрыннан бар. Әзірлеген асымыз тұтынушы көңілінен шығып, ризашылығын білдіріп жатады, – дейді отағасы Жалғас Көбеков.
Кәсіпкермен әңгіме барысында-ақ келушілер қатары көп екенін байқадық. Себебі қазір суши жеу үшін қалаға баратындар жоқ емес. Олар өзіне керегін тапсырыспен алып жатты. Ал кейіпкеріміз Гүлнұр Жайылханқызы тұтынушыны жадырай қарсы алып, керегін даярлауда...
Әрбір қазақстандық азамат «жұмыссыз жүруге неге құмармыз?» деп терең ойлануы тиіс. Көштен алға озып кеткен 30 елдің қай-қайсысына қарасаңыз да бәсекелік қабілет мықтап шыңдалған. Еңбектен қашпайды. Керісінше оза шауып, төске өрлеген сайын өршелене жұмыс істейді.
Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған кәсіпкер бизнесін алдағы уақытта кеңейтуді көздейді. Ал кәсіп етемін, көсегемді көгертемін деген жанға аудандық кәсіпкерлер палатасының есігі қашан да ашық.
Айнұр ӘЛИ