» » Жігері жасымаған жан

Жігері жасымаған жан


БІЗ, КҮНДЕЛІКТІ КҮЙБЕҢ ТІРШІЛІКТІҢ ЖЕТЕГІНДЕ ЖҮРІП, КЕЙ УАҚЫТТА АЙНАЛАМЫЗДАҒЫ ӨМІРДІҢ АУЫР СЫНЫНА ҰШЫРАП, ЗАРДАП ШЕККЕН АДАМДАРҒА КӨҢІЛ БӨЛМЕЙМІЗ. ОЛАРДЫҢ НЕНДЕЙ КҮЙ КЕШІП, НЕ СЕЗІНІП ЖҮРГЕНІН БІРЕУ ТҮСІНЕР, БІРЕУ ТҮСІНБЕС. БАСЫНА КЕЛГЕН ҚАЙҒЫҒА МОЙЫМАЙ, ОН ЕКІ МҮШЕСІ САУ АДАМНЫҢ ӨЗІ ТӨЗЕ АЛМАЙТЫН СЫНАҚТАРДЫ КӨТЕРІП ЖҮРГЕН ЖАНДАР ОРТАМЫЗДА ЖЕТЕРЛІК. ЖҮРЕКТЕРІНДЕ ЖАЛЫН, КӨЗДЕРІНДЕ ОТ ОЙНАҒАН ОЛАР «ТАҒДЫР СЫНЫНА ҰШЫРАСАҚ ТА, АЛЛАДАН ҮМІТ ҮЗУГЕ ҚАҚЫМЫЗ ЖОҚ» ДЕП БІЛЕДІ.
Бүгінгі мақаламыздың арқауы қатал тағдырдың сынағына сынбаған сұлу туралы болмақ. Ол Төретам кентінің тұрғыны – Динара Насырова. Оның балалық кезеңінің өзге балалардан ешқандай айырмасы болған жоқ. Он екі мүшесі сау бойжеткен орта мектепті ойдағыдай аяқтайды. Арманына қол созам деп жүргенде тағдырдың тәлкегіне ұшырап, есейе келе бойға жабысқан кесел талма ауруына ұласып, ақырында екі аяқтың жүрмей қалуына сеп болады. Өзі ешқашан ойына да алмаған өмірдің басқа түскеніне көңілі түскен сәттер де болды. Алайда ол бойына жабысқан дертті де, жүруден шектелген қиындықты да жеңіп шықты.
Әрине, оған қол ұшын созған жандар да болды, анасы мен бауырлары, туған-туыстары әркез Динараның жанынан табылып отырды. Өмір жолында кездескен түрлі қиыншылықтарға мойынұсындырмай, оны алға қарай жетелеген нәрсе – сенім болатын. Өмірінің күрт өзгеруіне «Айшолпан есімді құрбыммен таныстығым себепші болды» дейді өзі әңгіме арасында.
– Айшолпанмен мүгедектікке байланысты құжат тапсыру барысында танысқанмын. Арбада отырғанына қарамастан қимылының ширақтығы мен жүзіндегі күлкісі менің өміріме шуақ шашты. Соның арқасында «Рандеву» би үйірмесіне қатысып, бимен айналыса бастадым. Осы ретте биге баулыған «Рандеву» би тобының жетекшісі Гүлнұр Сәбитқызына алғысым шексіз. Өнер – мүгедектің арбасына таңылған адамдардың өмірге деген талпынысын, құлшынысын оятатын керемет құдірет. Өйткені, арбада отырған адам өзінің мүгедек екенін көрсеткісі келмейді. Бірақ, сахнада өнер көрсету ішкі психологиялық қорқынышты сейілтеді. Оңалту жағынан да пайдалы. Омыртқаң қозғалысқа түседі. Қозғалыс деген – өмір. Ал, би – бұл қозғалыс. Бүкіл денең қозғалады, дене сымбатың дұрысталады. Осының арқасында аяғыма тіршілік еніп, емімді жалғастырдым, – дейді Динара.
Жақсы күндерден үміті үзілмеген бойжеткеннің сенімі ақталып, бидің ар­қа­сында емі оң нәтиже көрсете бастайды. Бірнеше жылғы қоларбадағы өмірінен кейін қайтадан аяққа тұрып, өздігінен талпынып жүріп келеді. Қоларбада отырып билеу бо­йынша талай додада топ жарып, әсем үнімен ән салып көпті таңқалдырған Динараның бойында өмірге деген құштарлық бар. Алға жылжуға деген ерекше күш пен мықты ішкі рух бар. Қазақ қыздарына тән қайтпас қайсарлық мінезі де бар. Осындай тағдырдың сынағына тап болса да, ішкі әлемін таза ұстап, өзгеге өкпе артпайды. Өмірден көргені мен түйгенін өзінің әлемжелідегі парақшасында талмай жазып, өлеңмен өрнектеп те отырған. Біз мұнан Динараның арасында қалам тербеп, қара өлеңге қол созатынын да аңғардық.
Таяқтың арқасында болса да, аяқтан тұрған Динара бүгінде қоғамдық жұмыспен табел жабушы болып қызмет атқарады. Он екі мүшесі сау бола тұра «жұмыс жоқ» дегенді желеу ететіндерге үлгі боларлық жан. Тағдырдың тезіне сынбаған осындай мықты, өзін қоғамның бір бөлшегі екендігін жадынан шығармайтын еңбекқор жанның, алдағы уақытта да қоғам үшін белсенділік танытуға деген құлшынысын көріп, көңіліміз марқайды.
– Ең сорақы мүгедектік – аяқтың жүрмей, көздің көрмей қалуы емес, адамгершілік тұрғыдан кеудесі қуыс болып, ойлары арам ниетпен уланған адамдардың рухани мүгедектігі. Өнердің баспалдағымен биікке өрлеп, өмірге құштар болумен қатар, ар-ұятты жоғары бағалай білген жағдайда, шын мүгедектік далада қалады, – дейді кейіпкеріміз.

ТҮЙІН
Бұл әңгімелер мен үшін ерекше болып, санамда сілкініс тудырды. Өмір жолында кездескен өзгерісті қабылдап, оның ағынымен қоса жүру, тіпті оза жүру екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сынаққа сынбаған қайсар қыздың әлі талай биікті бағындырып, жарқын өмірдің есігін ашатынына сенім мол. Себебі кейіпкер жанарының жарқылы ерекше.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
11 қыркүйек 2021 ж. 794 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930