ҚҰШТАРЛЫҚ ИЕСІ
Өмірдің асау толқыны-ай. Адам деген атқа кір келтіріп, Фариза ақын жырлағандай, бұрымыңнан ұстап лақтыруға бейім. Пенденің шаршап-шалдығып, жан екпін болғанына қарасын ба? Жонынан таспа тіліп, кеудеден шыбын жанды шығарып жіберердей арпалысады-ақ. Дауыл соқсын, етіңді езгілеп, қанша қинасын... Тағдырдың сынағына шыдап, оны тік тұрып қарсы алатын адамдар арамызда бар ма? Бар десек, сенесіз бе, әлде сенбес пе едіңіз?
Ал, біз сенеміз. Өйткені, сондай тағдыр иесі – Ақтолқын Ермекбаева. Ол күтпеген жерден жабысқан кеселмен ұзақ жыл күресіп келеді. Дерт – жаны мен тәніне сызат салса да, оның еңбекке, өмірге деген жігерін кеміте алмапты. Ақтолқынның өмірі өз қатар-құрбысы сияқты күн мен түн алмасып, өтіп жатты. Шуақты да шаттықты күндерге толы еді. Орталықтағы мектептің бірінде білім алып, арман асқарымен кербез Көкшенің төріне жол тартты. Жолы болып, мұғалімдік мамандығына оқуға түсті. Диплом аламын деп күткен соңғы жылының үлкен сынақ дайындап тұрғанынан ол мүлдем хабарсыз-ды. Әттеген-ай, қалаған мамандықтың иесі бола алмағаны жүрегін сыздатты. Ойнап-күліп жүріп, бір мезетте аяусыз тағдырдың сынағына ұшырау – үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Бәрі аяқ астынан болды емес пе? Бір демде айықпас дертке ұшырап, мүмкіндігі шектелді. Арманының күлі көкке ұшқандай болды. Асқынған дерт жас қыздың көру қабілетінен айырды. Бұл – 2005 жылдар болатын. Содан беріде міне, қос жанары жарық дүниені көрмейді. Асылында, адам баласын шектеулі деуге болмас. Өйткені, шығармашылық пен ізденісте жүрген адамға ешбір шектеу болмасы анық. Ақтолқын бүгінде көзі көрмесе де, іс тігіп, тоқумен айналысады. Отбасында анасына көмекші. Мүгедектігіне қарамастан, туыстары мен бауырларына, олардың ұл-қызына нәзік саусағынан шыққан су жаңа өнімін сыйға тартуды дағдыға айналдырған. Мақала жазу барысында Ақтолқынның анасымен тілдестік.
– Сап-сау туған бала ғой. Оқып жүргенде қатты науқастанып, артынан көзі көрмей қалды. Бізге оңай болмады. Мектепте тоқығанды жақсы көретін. Сол кездегі үйренгенін арасында ермек етеді. Көру қабілетінен айырылған соң тоқуды жанына серік етуде, – дейді анасы Баян Смағұлова.
Ақтолқынның өмірге деген құлшынысы басым. Ауырдым, сырқат екенмін деп босқа қарап отырған жоқ. Өмірден жерініп те кетпеді. Денсаулығы жарап жатса, қолдан келгенше айналасына көмектескісі келеді. Қолғап, шұлық, әйел қалпағы, сондай-ақ, балалар кеудешесін тоқиды. Әріптесім Дәулет Қырдан тағдырдың сынағына мойымаған батыр қыздың шебер қолынан шыққан дүниелерін көрсеткенде, біразымыз таң қалдық. Таңырқамау, батылдық пен батырлыққа бас имеу де мүмкін емес. Себебі, қай тоқымасы да зауыттан шыққандай, мінсіз еді.
– Кәсіп етуге болатын шығар. Әзірге отбасы мен туыстарыма қызмет етудемін. Жалпы, тоқуға ниет керек. Жеңіл деп айта алмаймын. Әсіресе, әр жіптің көзін мұқият іліп отыру қажет. Бір жіп қалып қойса, тоқымаң тарқатылып кетеді. Негізі, қолыммен сеземін. Жіпті ілген сайын санаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Түйін:
Он екі мүшесі сау адам мұны түсінбес, бәлкім. Ал, дімкәс жанның «өмір – өзенде» мүжіліп кетпей, бойын тік ұстауы үлкен ерлік. Біздің кейіпкеріміз қайсыбір қиыншылыққа сынып кетпей, алға ұмтылуда. Ол үшін – әрбір күн Алланың сыйы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».