» » Адам саудасы азаймай тұр

Адам саудасы азаймай тұр


АДАМДЫ ЕРКІНЕН ТЫС МӘЖБҮРЛЕП ҚҰЛДЫҚҚА САТУ, ҚҰЛДЫҚТА ҰСТАУ, ҚҰЛДЫҚТА ЖҰМЫСҚА ЖЕГУ, ЗАТ СЕКІЛДІ САТА САЛУ ДАМЫҒАН МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ӨЗІНДЕ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН БАР. ӨКІНІШТІСІ ДЕ СОЛ, МҰНДАЙ ЖАУЫЗДЫҚ ҚАЗАҚСТАНҒА ДА ҚАТЫСТЫ БОЛЫП ОТЫР.
Strategy2050.kz аналитикалық-порталы адам саудасына байланысты көп дерек жазған. «Әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланыс­ты» дейді сонда жазылған мақалада.
Көршілес Орталық Азия елдерінен, яки Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр екен. Аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, ауылшаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Бұл да сол елдердегі экономикалық жағдайдың әсері болса керек. Адам саудасы фактілерінің көші-қон үдерістерімен бірге өсетінін мониторинг жұмыстары дәлелдейді.
2008 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни, еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқан. Бұл жағымсыз көрсеткіш болғанымен, мұнда ресми деректер айтылмайды. Оның айқын болуының себептері де жоқ емес. Мәселен, алдымен сырттан келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Одан соң құлдыққа түскендер кейін зәбір көргенін, қорқынышын айтып, шағымдана бермейді. Ал әйел саудасына тап болған нәзікжандылар болашағын ойлап, жұртқа масқара болғысы келмейді. Бұл жерде қазақ ­бо­й­ында­ қанына сіңген менталитет жатыр, әсілінде. Ол – ұят болады. Сол ұят боладының нәтижесі, статистикалық деректердің толық болмауына әкелуде. Осыдан соң тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге алып болжам жасауда.
Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны қатаңдатуда. Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, кейіннен біртіндеп жауапкершілік деңгейі қатаңдай түсуде. Еліміз 2008 жылы БҰҰ Палермо хаттамасына қол қойды. Былтыр АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, елдегі заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Бақылаудағы елдер дегеніміз не? Алдымен бұл 4 санатқа бөлінеді. Қазақстан аталған есепте үшінші санаттағы елдер қатарына қосылды. Бұл санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату т.б.) немесе АҚШ бастаған кейбір елдердің санкциясы салынуы мүмкін екенін айта кету керек. Бұл ретте, қалыптасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданған.
Осыған байланысты, биыл Қылмыстық кодекс­ке өзгерістер енгізіліп, адам саудасына байланыс­ты кінәлі тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Бұл да болса көңіл көншітетін жағдай.
Мамандардың пайымынша, қазіргі пандемия салдары біршама дүниеге залалын тигізбек. Оның ішінде жұмыссыздар саны ұлғайса қылмыс саны көбеюі мүмкін деп дабыл қағады олар. Ақша үшін тәнін саудалайтын, төмен шартпен жұмыс іздеп, құлдыққа ұшырайтындар саны артуы мүмкін. Қарапайым мысал, интернеттің дамуы адам саудасын жеңілдетуде екен. Ал Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады.
Бірде ҚР ІІМ Криминалдық полиция депар­таментінің бастығы Думан Таев онлайн брифинг өткізген болатын. Мұнда Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға тұрақтағаны белгілі болды. Сонымен қатар, ол елімізде із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарға қатысты ақпаратпен бөлісті. Қазақстанда жоғалып кететіндердің басым бөлігі мерзімді жұмыс істейтін ер адамдар екені анықталған.
Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының басшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, елде 2016 жылдан бастап адам саудасының құрбандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда бұл көмекті тек Қазақстан азаматтары, елімізде тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар ала алады. Ал түрлі себептермен Қазақстанға уақытша келген еңбекші мигранттар адам саудасының құрбаны болғанда атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. Оған себеп – халықаралық стандарттарға сай болмауында.
Қазақстанда 2008 жылы Палермо хаттамасы ратификациялаған екен. Хаттамаға сәйкес оған қатысушы әрбір мемлекет елінде тұрып жатқан өзінің азаматтарына, уақытша немесе тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтарға мүмкіндігінше арнаулы әлеуметтік көмек көрсетуі қажет. Статис­тика бойынша 2018-2020 жылдары аралығында 1100 қылмыс тіркелген. 242 адам адам саудасымен айналысқаны үшін сотталған. Ал 2021 жылы елде адам саудасына байланысты қылмыс саны екі есеге артқан. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады. Жыл басынан бері 103 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Ал былтыр адам саудасы, адам органдарын сату, пайдалану мақсатында оны ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру, жеңгетайлық және притон ұстау фактілері бойынша 111 қылмыстық іс тіркелген. ҚР ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекстің 8-бабында жаза көзделген. Ең жоғары жазалау шарасы – мүлкі тәркіленіп, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру. 2019 жылғы желтоқсанда жаза қатаңдатылып, адам органдары саудасы үшін жаза 6 жылға дейін, кәмелетке толмағандар саудасы үшін жаза 18 жылға дейін және оларды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жаза 8 жылға дейін ұлғайтылыпты.
Қазақстанда адам саудасына қатысты заң жобасының жоқтығын байқаған АҚШ 2019 жылы адам саудасына қатысты арнайы баяндама әзірледі. Ең жақсы көрсеткіш Норвегия, Щвейцария мен Голландияда бар. ТМД елдерін алсақ, Грузия, Литва мен Эстония бірінші деңгейде тұр. Олар адам саудасына қатысты заң қабылдаған. Түркменстан мен Арменияда да мұндай заң бар. Ал Қазақстанда мұндай заң жоқ. Заңсыз бизнес арқылы табыс табуды бірінші орында қару-жарақ сату, екінші орында заңсыз есірткі сату және үшінші орынға адам саудасы шыққан. БҰҰ көші-қон комитетінің есебі бойынша, адам саудасымен айналысатындар жылына 150 млрд доллар табыс табады.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Үсен Сүлейменнің айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасында кеңейтілген серіктестік туралы комиссия бар. 2019 жылдың қарашасында осы комиссияның мұрындық болуымен адам құқықтары жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобына ҚР Әділет министрлігі мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі жетекшілік етіпті. «2019 жылы Қазақстан АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің Адам саудасы жөніндегі жыл сайынғы баяндамасында Екінші деңгейлі бақылау тізіміне енді, өйткені осы мәселелерді шешу үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Бұл баяндама үкіметтерді адам саудасының барлық түріне барынша жан-жақты және тиімді шаралар арқылы жауап беруге шақырады» дейді ол.

Айнұр ӘЛИ

31 тамыз 2021 ж. 492 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031