» » Адам саудасы - сүйекке таңба

Адам саудасы - сүйекке таңба


Бұл әлемде ең ауыры не дейсіз? Айта берсең шегі жоқ тізім. Ал соның бірі, әділетсіз, адам құқығы аяусыз тапталған, қанқұйлы мәселе – адам саудасы. Адамды еркінен тыс мәжбүрлеп құлдыққа сату, құлдықта ұстау, құлдықта жұмысқа жегу, зат секілді сата салу дамыған мемлекеттердің өзінде әлі күшін жойған жоқ. Өкініштісі, бұл жауыздық қазақстанға да қатысты болып отыр.
Шетелдік «Заложница» деген көркем фильмді көріп пе едіңіз? Онда сырт елге қыдырып барған құрбыларды алдап, құлдыққа сатуға ұрлап кетеді. Мұны білген қыздың әкесі баласын аман әкелу жолында талай қиындыққа тап болады. Ақырсоңы соның барлығын жеңіп, қызын еліне аман алып қайтады. Бірақ бұл – кино. Өмірде дәл кино қиялындағыдай саудаланған адам үйіне оралып жатқан жоқ. Із-түссіз жоғалғаны қаншама?
Бірде бір оқиғаға куә болып едік. Ауыл да сәл басында ауытқуы бар, аурушаң жігіт болды. Көршілес болған соң су тасуға барғанда көретінбіз. Ол кезде су баспасы далада, кезекпен суыңды алып, үйге қайтасың. Сол жігіт күнде ертесімен келіп, үлкен шелегімен бірінші болып су толтырып әкететін. Бір күні келмеді. Көршілердің бәрі неге келмедіге салды. Ауырып қалған болар деп те бағамдады. Бірақ бұл 1 айға созылды. Әлгі жігіттің анасы балам жоғалдыға салып, зар жылағанда абдырап қалдық. Басы ауырып, басы ауған жаққа кетті десті барлығы. Алайда араға 6 ай салып, оның оралғанын байқадық. Сөйтсек, мұның аурушаңдығын пайдаланып, әлдекімдер құлдыққа жегіп қойған екен. Өкініштісі, мұндай жағдайлар әлі де жетіп артылады. Қош. Адам саудасы әлем мен Қазақстанда қалай? Бажайлап көрелік.
Әлемдік статистика не дейді?
Әр нәрсенің өзіндік тарихы бар десек, адам саудасының да тарихы әріде жатыр. Құл иелену үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталған. Соғыста қолға түскен тұтқындар құлдықтың қамытын киетін. Құл деген атаудың өзі бағыныштылықты білдіреді емес пе? Сол үшін ондай жанда өз құқығы болмаған. Олар тек берген тапсырманы орындауға ғана тиіс болатын. Құлдық әлемнің барлық жерінде болды. Мәселен, оның классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр, Грекия, Римдегіні айтуға болады. Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың ашылуы, плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алған. Қазірдің өзінде мұндай жағдайлар көптеп кезігеді. Үйінен шыққанның кері оралмауы, мүлдем із-түссіз жоғалу, тіпті 10, 20, 50 жылдан соң үйіне қайта оралу деген секілді оқиғалар шаш-етектен. Бейресми деректерде әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнеске адам саудасы жататыны айтылады. Болжам бойынша, оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд АҚШ долларын құрайды. Әрине, бұл болжам ғана. Себебі, әзірге нақты мәліметке қол жеткізу мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Адам саудасы құрбандарының 70 процентін нәзік жандылар құраса, құрбандардың үштен бірі – балалар.
Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 2003-2016 жылдар аралығында 225 мың адам құлдықтың немесе адам саудасының құрбанына айналған. Бұл тек расталып, анықталған мәліметтер ғана. Анықталмағанын назарға алсақ, тізім бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Мәселен, бейресми деректер жыл сайын адам саудасының құрбаны атанатындар саны екі жарым миллион адам екенін болжайды.
Қазақстандағы ахуал қандай?
Strategy2050.kz ақпараттық сайты адам саудасына байланысты көп дерек жазған. «Әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты» дейді сонда жазылған мақалада.
Көршілес Орталық Азия елдерінен, яки Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр екен. Аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, ауылшаруашылығы және саудасаттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Бұл да сол елдердегі экономикалық жағдайдың әсері болса керек. Адам саудасы фактілерінің көшіқон үдерістерімен бірге өсетінін мониторинг жұмыстары дәлелдейді.
2008 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни, еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқан. Бұл жағымсыз көрсеткіш болғанымен, мұнда ресми деректер айтылмайды. Оның айқын болуының себептері де жоқ емес. Мәселен, алдымен сырттан келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Одан соң құлдыққа түскендер кейін зәбір көргенін, қорқынышын айтып, шағымдана бермейді. Ал әйел саудасына тап болған нәзікжандылар болашағын ойлап, жұртқа масқара болғысы келмейді. Бұл жерде қазақ бойында қанына сіңген менталитет жатыр, әсілінде. Ол – ұят болады. Сол ұят боладының нәтижесі, статистикалық деректердің толық болмауына әкелуде. Осыдан соң тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге алып болжам жасауда.
Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны қатаңдатуда. Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, кейіннен біртіндеп жауапкершілік деңгейі қатаңдай түсуде. Еліміз 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойды. Былтыр АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, елдегі заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Бақылаудағы елдер дегеніміз не? Алдымен бұл 4 санатқа бөлінеді. Қазақстан аталған есепте үшінші санаттағы елдер қатарына қосылды. Бұл санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату т.б.) немесе АҚШ бастаған кейбір елдердің санкциясы салынуы мүмкін екенін айта кету керек. Бұл ретте, қалыптасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданған.
Осыған байланысты, биыл Қылмыстық кодекс ке өзгерістер енгізіліп, адам саудасына бай ланысты кінәлі тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Бұл да болса көңіл көншітетін жағдай.
Мамандардың пайымынша, қазіргі пандемия салдары біршама дүниеге залалын тигізбек. Оның ішінде жұмыссыздар саны ұлғайса қылмыс саны көбеюі мүмкін деп дабыл қағады олар. Ақша үшін тәнін сау далайтын, төмен шартпен жұмыс іздеп, құлдыққа ұшырайтындар саны артуы мүмкін. Қарапайым мысал, интернеттің дамуы адам саудасын жеңілдетуде екен. Ал Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады.
Бірде ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев онлайн брифинг өткізген болатын. Мұнда Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға тұрақтағаны белгілі болды. Сонымен қатар, ол елімізде із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарға қатысты ақпаратпен бөлісті. Қазақстанда жоғалып кететіндердің басым бөлігі мерзімді жұмыс жасайтын ер адамдар екені анықталған.
Бүгінде елде із-түзсіз жоғалған 1200 адам тіркелген. Оның 22-сі бала. Көп жағдайда мерзімді жұмысқа басқа қалаға кеткен ер адамдар жоғалып кетіп жатады. Ал кәмелетке толмаған балалар арасында ата-аналарымен келіспей, ұрсысып қалған жасөспірімдердің жоғалуы кездеседі.
Түйін
ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес Қармақшы ауданы көлемінде «Stop трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп отырады. Мақсат – адам саудасының алдын алу, жолын кесу, әрі оны анықтау. Әлем елдері қоғамды шырмаған қылмыстың осы түрімен бірлесіп күресуді қолға ала бастады. Бұл өз кезегінде өзіміздің өңірде де толастамақ емес.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
10 қараша 2020 ж. 1 328 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930