» » Ісіне адал адам абыройлы

Ісіне адал адам абыройлы

Саналы ғұмырын қызметке арнаған және оны абыроймен атқарып келе жатқан тұлға туралы мақала жазарда оның қызығы мен шыжығы мол «өмір кітабын» бір емес, бірнеше қайыра парақтап шығуың керек болады. Парақтауымыздың себебі – кейіпкердің өзгеден ерек қасиетін, бөлек болмысын табу, оны тану. Бүгінгі әңгімеге арқау болар жанмен жеке дара отырып тілдескенімізде әр сөзі мен шоқтығы биік ойы «адамгершілік» деген ұғым айналасында ұйысқанын аңғардық. Мүмкін содан шығар ол қызметтің қай сатысында жүрмесін аяулы жар, сыралғы дос, жанашыр әріптес бола алды. Ата Заңымыз қабылданған айтулы күн қарсаңында тәжірибелі медиатор, аудан тұрғындарына заң саласында, оның ішінде нотариалдық қызмет көрсетіп жүрген нотариус Лиза Діңкешова жайлы жазуды жөн көрдік.
Лиза Ысқаққызы 1964 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Ата-анасы 40 жылға жуық қызмет еткен ауданға белгілі тұлғалар. №183 орта мектептің орыс сыныбын бітірген ол отбасындағы 4 баланың үлкені. Інілері мен сіңлісіне қамқор, тілалғыш, тиянақты қыз болып бойжеткен.
Мектепті бітірген соң оқуға бірден түсе алмайды. Зауытта, кейін кітапханада жұмыс істейді. Ақылына көркі сай, ажарлы ару 19 жасында Сабыр Піржанов есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Екеуі 2 қыз тәрбиелеп, олардан 8 жиен немере сүйіп отырған жайы бар. Индирасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Мереке теміржол саласының маманы. Іс қағаздарына ұқыпты жан 1986 жылы аудандық прокуратура кеңсесіне жұмысқа тұрады. Бұл орында 7 жыл жұмыс істеп, өзінің сауатты маман екенін көрсете алған жасты аудандық сотқа жұмысқа шақырады. Қызметі заң саласында жалғасатынын білген ол заңгер мамандығын алады.
– 1993 жыл. Аудандық соттың бір кабинетінде отырмын. Жап-жарық, жайлы орын. Компьютер, қағаздар. Терезенің алды гүл. Жанымдағы темір шкафты ашып қалсам іші толған тәтті. Конфет пен торт. Шырт ұйқымнан оянсам түсім екен. Жақсылыққа жорыдым. Бір қызығы дәл сол соттағы жұмысқа, сол кабинетке 10 күннен кейін жұмысқа шақырылдым. Әлгі тәттілер еңбегімнің жемісі, сол жерден жейтін наным екен ғой. Сот отырысының хатшысы болып жұмысқа қабылданғаннан бас маман, баспасөз хатшысы, кеңсе меңгерушілігіне дейін көтерілдім. 22 жылда 5 сот төрағасымен жұмыс істедім. Баспасөз хатшысы болып қызмет еткен тұста бір жылда республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға 149 мақалам жарияланып, мақтау грамотасын алдым. Жұмыста отбасымды ұмытатынмын. Нотариус ашқанға дейін 30 жылға жуық органда қызмет еттім. Кеңсе меңгерушілігі оңай жұмыс емес. Бір ұжымды ұйыта білуің керек. Іс қағаздары, айлық, тоқсандық есептер дәл уақытында, дұрыс орындалуы тағы бар. Сонда ұжымдағы, қарамағымдағы бірде-бір адамның көңіліне тиетін сөз айтып, ұрысқан емеспін. Мүмкін мені осы деңгейге жеткізген сабырлылығым мен төзімділігім, санаспайтын еңбек­қор қасиетім шығар. Барлық нәрсеге байыппен қараймын. Жұмысыма ыждағаттылығымнан сөгіс түгілі ескерту алмадым. Қызметімді көтерер «көкем» болған жоқ. Бір Алла қамқорым, одан кейін өзімнің адал еңбегім, жолдасым мен енемнің қолдауы қанаттандырды, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Иә, қазір қолдан келсе кәсіпті өркендететін кезең. Жауапты, беделді жұмысы бола тұра Лиза апай кейін ойлана келе нотариус ашуды жоспарлайды. Бірнеше рет тест тапсырып жүріп, нотариус ашуға лицензия алады. 2014 жылы жұмыстан өз еркімен шығып, 2015 жылы кент ішінен нотариус ашуға бел буады. Бірақ бәрі ойлағаныңдай тез, әрі жеңіл бола бермейтіні ақиқат. Кәсіптің де қиындығы болады. Сол кедергіде қолыңды бір сілтемей, шыдамдылық танытып, күте алсаң нәтижеге жетесің. Апайдың алғашқыда сол жолдан өткені қазір жұмысының жүйелі жүріп жатқанына себеп. Алғашында көмекші алып жұмыс істеген нотариус қазір өзі үлгеріп отыр. Лиза Діңкешованың нотариалдық кеңсесі қарапайым халыққа көмек көрсетіп, қызмет етуде. Аталмыш кеңсе әртүрлі шарттарды, мәмілелерді, шаруашылық серіктестіктерінің құрылтай құжаттарын, мұраға сенімгерлік басқаруды, мұраға құқық туралы куәліктер, сенімхаттар мен өсиеттер куәландырады.
Ол қоғамда болып жатқан үрдіс істерді де назардан тыс қалдырмайтын жан. Осы орайда тынымсыз еңбегімен ел дамуына атсалысқаны үшін республикалық, облыстық марапаттар алған. 7 жылдан бері ауданда медиатор. Қаншама адамның татуласуына, ерлі-зайыптылардың отбасын сақтап қалуына жәрдемдескен. «Медиаторлықпен қаралған істер» деген бір бума қағазын көріп бұл жұмысына да бей-жай қарамайтынын білесіз. Ол өмірде қарапайымдылықты мұрат тұтқан.
– «Адам сыйлағанның құлы» деген сөз бар қазақта. Онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізді ренжітпей жүргенге не жетсін. Біздің Конституцияда бәрі қамтылған. Біздің елдегідей адамзаттың ары мен абыройына негізделген заңдар жинағы басқа ешбір елде жоқ. Жылдар жылнамасына көз жүгіртсек «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына» тап боламыз. Міне, қазақ елі о бастан-ақ темірдей тәртіп пен адам құқығына айрықша маңыз, зор мән берген. Ата баба жолын кейін «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» бас­ты. Елбасының ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Оның шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы қолтаңбасы әрбір қазақстандықтың жүрегінде жатталып, мәңгілік сақталмақ. Егемен еліміздің барлық азаматын Ата Заң күнімен құттықтап, әрбір отбасыға жанұя жарастығы мен шаңырақ шаттығын тілеймін. Шуақты шақтарымыз бен сәулелі сәттеріміз көп болғай, – дейді білікті заңгер мерекелік тілегін жеткізіп.
Ісіне адалдығымен абыройға бөленген, аудан тұрғындарының жадында тек жақсы атымен ғана жатталған, Қармақшының үлгілі әйел-аналарының қатарындағы Лиза Ысқаққызына біз де мереке қарсаңында мерейіңіз үстем, мәртебеңіз зор бола берсін дейміз.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)

28 тамыз 2021 ж. 925 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031