» » Ізгілік ізі өшпейді

Ізгілік ізі өшпейді



... Ұмытпасам, бес-алты жасар бала кезім. Таңертеңнен қара кешке дейін жалаңаяқ ауылдың шағыл құмын кезіп, доп қуалаған ойын баласымын. Таң атар-атпастан ұйқыдан тұрамыз да, апыл-ғұпыл «оразамызды» ашып, содан қараңғылық түскенше доп қуалаймыз. Кешке жауды қырған «батырша» үйге келіп, кешкі ас ішуге шамамыз келмей, сүріне құлаймыз. Күндегі әдетке айналған тірлігіміз осы. Еш нәрсемен шаруамыз жоқ. Оның үстіне үйдегі ер баланың үлкені болғасын ба, бұзықтығым тағы бар.
Бір күні көп еркелеймін деп шектен шығып кетсем керек, бір нәрсені бүлдіргенім есімде. Марқұм әжем жарықтық кейігенімен өте балажан кісі еді. Сөйлегенінде ешқандай зіл жатпайтын. Жанұядағылардың көзінше маған:
– Сені ертең мектепке баратын азамат деп отырсақ, мына қылығың не? Ертең мұғаліміңе бұзықтығың үшін мектепке қабылдама деп айтамын. Қатарластарыңнан қалып жүре бер, – деп кейіп алды да: – Айналайын, құлыным, білім алып, оқысаң, қор болмайсың. Әне-міне дегенше мектеп табалдырығын аттайсың. Ақылың қашан кіреді? Бұзықтығыңды қашан қоясың? Білім ордасында сенің анаңдай қамқор болатын ұстазың бар. Мектепте бұзықтық жасасаң, ол кісі саған ренжиді. Ал, ұстаздың наласына қалуға болмайды, – деді әжем айналып-толғанып.
Әжем ертегіні көп айтатын. Содан болар, кішкене кезімнен өте қиялшыл едім. Әжемнің біресе кейіп, біресе айналып-толғанып айтқан сөздері маған қатты әсер етсе керек, мен тұрған қалпымда қиялдай жөнелдім. Мектеп атты зәулім ғимаратқа кіріп бара жатқаным көз алдыма елестей бастады. Қиялымда болса да жүрегіме жылы тиген, әжемнің айтқан «анамдай қамқор» ұстазымды көруге асықтым... Зәулім ғимаратқа ене бергенімде қарсы алдымнан күлімдеген, жан-жағына сәуле шашқан, аппақ нұрға оранған «ұстаз» қолын созып тұр... Кенет... менің ойым сегізіншіде оқитын апам Мадинаның даусынан бөлініп кетті:
– Әже, айтпақшы, Нуканы (мені еркелетіп үйдегілер солай атайтын) қай апайдың сыныбына береміз?
– Оны мектепте оқып жүрген сендер айтпайсыңдар ма? Біздің еркемізге қай мұғалімдерің ыңғайлы? – деді әжем байыпты үнмен. Ал, мектепте оқитын қос апам Мадина мен Фарида әжем сөзін аяқтар-аяқтамастан:
– Жұмагүл апай!... Иә, иә, Әлиева Жұмагүл апай! – деп жарыса жөнелді.
Неге екенін қайдам, апаларымның риза үнмен жарыса айтқан есімі құлағыма жағымды естілді. Сол орнымда тұрған бойы:
– Жұмагүл апай... Жұмагүл апай, – деп күбірледім.
Осы оқиғадан кейін мен доп қуалағанымды тиып, түсінбесем де газет-журналдарды ақтарып отыратын болдым. Күнде бір уақыт түрлі-түсті журналдардағы суреттерді қарап отырып, әлгі ұстазымды көз алдыма елестетемін. Алғаш рет жан-жағына сәуле шашқан күйі көрген мұғалімді мен есіме алған сайын бір жылылық келіп тұратын сияқты күй кешетінмін. Бойымды бір ерекше сезім билеп алатын. Әжемнің «анамдай қамқор болатын ұстазың» деген сөзі есімнен өшірілместей болып жатталып қалыпты. Соған қарап, мен ұстазымды анама ұқсаттым. Ал, ананың қандай жан екені айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, мен әжем екінші анама теңеген ұстазымды көруге асық болдым.
... Осылай күндер өтіп жатты. Арада бір-бір жарым жылдай уақыт өтті. Тамыз айының жаймашуақ күндері. Ми қайнатқан аптап басылып, қоңырқай салқын түсе бастаған шақ. Бәріміз күндегі әдетіміз бойынша әжемнің ертегісін тыңдап, ауладағы сәкіде отырғанбыз. Сыртқы қақпаның есігі ашылды да, ішке екі апа енді. Жанымызда кітап оқып отырған Мадина апам маған:
– Бұл сенің көргің келіп жүрген Жұмагүл апайың, – деді қуанышты үнмен. Мен арманымның орындалғанына қуанғандығым сонша, төбем көкке бір елі-ақ жетпей қалды. Соншама көруге ынтыққан ұстазымның үйге келіп қарсы алдымда тұрғанына сене алар емеспін. Оқиғаның дәл бұлай өрілетіні үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Жұмагүл апай мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің қай сыныпқа баратынын анықтау үшін келіпті.
– Кімнің сыныбына баратынын өзі айтсын, – деді әжем. Мен болсам:
– Жұмагүл апай, – деп айқайлап жібердім. Даусымның қатты шығып кеткенін өзім де байқамай қалыппын. Апай күлімдеген қалпы қолыма ақ қағазды ұстатты.
– Нұрсұлтан, мына бір шумақ өлеңді жақсылап жаттап ал. Ертең 1 қыркүйектегі салтанатты жиында айтасың. Жақсылап жаттайды деп мен саған сенемін. Жаттай аласың ба? – деп басымнан сипады. Мен жа­уап орнына басымды изедім. Болашақ ұстазымның бұлай сезім білдіргені маған ерекше қанат бітірді. Өмірімде дәл сол күнгідей өзімді бақытты сезінген емеспін.
Сол күннен бастап төрт қатар тақпақты қалтамнан тастамай, әжемнің қасынан қалмай жүріп, жаттап алдым. Мектепте өтетін білім күніне арналған мерекелік жиынды тағатсыздана күттім. Көптен күткен сол таңда атты-ау әйтеуір. Құшағымды гүлге толтырып, мектепке жетем дегенше тақпағымды қайта-қайта қайталап бардым. Мектеп ауласына енгенде ұстазым баяғы қалпынша күлімдей қарсы алды.
Жиналған қауымның алдына шыққанда дірілдеп қоя бердім. Бірақ, сол бір кеште алғашқы ұстазымның білдірген сенімінің арқасында тақпағымды мүдірместен тақылдап айтып шықтым. Сол күні ұстазым менің басымнан екінші рет сипады. Сыныбына қабылдағалы отырған шәкірттерінің алғашқы қадамы сәтті шыққанына қуанды.
Осындай естен кетпес сәттермен менің алғашқы оқу жылым басталды. Әрбір шәкіртті өз баласынан кем көрмейтін Жұмагүл апай әр үйдің бір-бір еркесінің санасына білім дәнін себуде бар ынта-ықыласы мен күш-жігерін аямай кірісіп кетті. Тағылымы мол ұстаз сыныптағы отыз оқушының әрқайсысымен ерінбей жеке-жеке жұмыс жасап, біліммен қоса тәрбиені де өмірімізге өзек ете білді. Сабақты жан-жақты түрлендіріп, тартымды етіп өтіп, шәкірттердің қызығушылығын оятатын. Сөйтіп, біз «Әліппені» Жұмагүл апайымыздың уақытпен санаспай жасаған ұлағатының арқасында тез үйреніп кетттік, санамызға сіңірдік. Бүгінгі күндері біз «Әліппені» айтсақ, дереу есімізге Жұмагүл апайымыз түседі. Ал, ұстазымыз Жұмагүлді есімізге алсақ, «Әліппе» қатар еске түседі. Біз үшін «Әліппе» мен Жұмагүл апай – бір-бірінен ажырамас егіз ұғымға айналған.
Бір күні қызыққа толы бастауыштағы бал шақтарымызбен қоса біздің Жұмагүл апайымызбен қоштасуға тура келді. Сонда ұстазымды қимай жанарыма жас тұнғанын әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін.
... Иә, әжем қателеспепті. Бастауышта өткен төрт жылдың ішінде ұстазымыз бізге анамыздай қамқор болды. Біз үшін ет жүрегі езіліп, нағыз жанашырымыз бола білді.
Қазіргі таңда кейбір ел ағалары, ауыл ақсақалдары жасаған істерімізге сүйсініп, қызметімізге риза болып жатса, біз аса үлкен қуанышпен Әлиеваның тәлім-тәрбиесі мен тағылымға, өнегеге толы мектебінен шықтық деп мақтанышпен жауап қатамыз.
Айтса айтқандай, 40 жылдан бері жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, білім теңізіне бойлатып жүрген ардақты ұстаз, аяулы ана Жұмагүл Ибадуллақызы Әлиева Қармақшы ауданындағы елу бес жылдық тарихы бар Үсен Көлдейұлы Томанов атындағы №183 қазақ орта мектебінде еңбек етеді.
Жасынан тазалыққа, адалдыққа жаны құмар шәкірт мектеп қабырғасында жүргенде де құрбы-құрдастарынан өн бойы озық тұрды. Кішкене бүлдіршіндердің көкірек көрігіне білім отын тұтатып, жаны жайсаң ұстаз болуды армандаған ол мектепті үздік бағамен тәмамдайды. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, көп ұзамай-ақ Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының студенті атанады. Жоғары оқу орнында да білімге деген құштарлығымен, белсенділігімен көзге түскен Жұмагүл Ибадуллақызы болашақ елдің тұтқасын ұстайтын жас ұрпақты тәрбиелеуге жастық жалынын, күш-жігерін арнауды мұрат тұтты. Жоғары оқу орнын бітіре салысымен еңбекке араласқан жас маман өзінің тынымсыз еңбегімен, үздіксіз ізденімпаздылығымен оқушылардың зердесіне білім нәрін құюда ерекше қажырлылық танытып, ұжым ықыласына бөленді.
Барлық білімнің, ғылымның іргетасы, ой-сананың қалыптасуы бастауышта қаланатынын ескерсек, мектеп табалдырығын дымнан қаперсіз аттаған бүлдіршіндермен жұмыс жасайтын ұстаздар еңбегінің қаншалықты құдіретті, қастерлі екенін сеземіз. Сезіп қана қоймаймыз. Ешнәрседен бейхабар, бейжай келген бүлдіршінге өмірдің мәнін түсіндіріп, ақ пен қараны ажырата білуге тәрбиелейтін ұстаздар құдіретінің алдында еріксіз басымызды иеміз. Әрі бұл талассыз ақиқат.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңалыққа жаны құмар абыройлы еңбек иесі Ж.Әлиева 20 жылдан аса бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде тағылымы мол ұстаздың тәлімі мен өнегесін көріп, білім теңізінен сусындаған қаншама шәкірт түлеп ұшты. Әрқашан мұраты биік ұстаз соңғы 20 жылдың ішінде мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп келеді. Осы 20 жылдың ішінде бастауыш сыныптардағы өзекті мәселелерді көтере білген ұстаз аудандағы білім беру жүйесінің біраз түйткілдерін шешуге үлес қосып, ілгері болуына ықпал етті. Бұл Жұмагүл еңбек ететін ұжым үшінде зор қуаныш. Неге десеңіз, Жұмагүл Ибадуллақызын мақтауға да, жаны жайсаң ұстазбен мақтануға да болады.
Қызығынан гөрі қиындығы басым жүретін ұстаздық қызметті жүрек қалауымен қалаған майталман ұстаз 2006-2007 оқу жылында бастауыш сынып мұғалімдерінің аудандық секция бірлестігінде «Бастауыш білім берудің нәтижелері мен түйіні» тақырыбында баяндама жасап, ол «өте жақсыға» бағаланды. 2007-2008 оқу жылында аудандық бастауыш сынып орынбасарларының отырысында «Бастауыш сынып бірлестік құжаттарының номенклатурасы» тақырыбында кітапша қорғап шықты. Кейінгі жылдары өзінің 40 жыл бойы жинақтаған іс-тәжірибесіне сүйеніп жасаған бұл кітапшасы «үздік» деп танылды. Теориялық, ғылыми тұрғыдан өзіндік жаңалықтарымен ерекшеленген бұл еңбегі көп өтпей-ақ аудандағы мектептерге қосымша құрал ретінде таратылып берілді. Мұның бәрі – жоғары санатты ұстаздың өз ісіне шексіз берілгені, еңбегінің жемісі екендігі даусыз.
Ұстаз мерейі – шәкірт білімімен, жетістігімен өлшенеді десек, осыдан 10, 20 жыл бұрын ғанибетін парасатқа жалғаған ұстаздың үлгі-өнегесін бойларына сіңірген балаң шәкірттер бұл күндері бір-бір мамандық иелері атанып, туған халқына қалтқысыз еңбек етіп, алғысқа бөленіп жүрген жандар. Осындай маман иелерінің қатарына Индира Бұлақбаева, Гүлфарида Абдуллаева, Гүлжауһар Нұрпейісова, Әмір Үсенбаев, Әзима Қарабалаева, Данияр Ишанбаевтарды ойланбастан қосуға болады. Бұлар кезінде мемлекеттік грантты жеңіп алып ұстаз беделін көтерсе, бұл күндері абыройлы еңбектерімен ұстаз атын шығарып жүрген әр түрлі сала қызметкерлері.
Шәкірт жүрегіне жол таба білу – ұстаздың ұлы мақсаты десек, осы ұлы мақсат жолына санаулы ғұмырын арнаған Жұмагүл Ибадуллақызы аудандық, облыстық көлемдегі марапаттауларға ие болды. Болашақ елге еге болар ұрпақты тәрбиелеу саласында 40 жылғы еңбегі еленіп, талай биіктерден көріне білді.
... Бір ғажабы, алғашқы ұстазымыз Жұмагүл апай бізді бастауыштан қанат қақтырғаннан кейін ешқандай сынып алған жоқ. Мектеп директорының бастауыш істер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бізге ыстық сезілетіні де сондықтан. Біз шуағын төккен апайымыздың соңғы қалықтатқан қарлығаштарымыз. Әділін айтсақ, біздің оң мен солымызды танып, осы күнге жеткеніміз – мақсаты асқақ осы жанның арқасы, төккен терінің жемісі.
Жұмагүл Ибадуллақызы – бақытын ұстаздық жолдан тапқан жан десек, өмірде де бір жанұяны аялап ұстай білген ана, отбасының ұйытқысы, немерелерінің шат күлкісіне бөленген бақытты әже. Марқұм Әділбек аға екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Ұлдарының үлкені Мейрамбек Арайлым есiмдi бойжеткенмен өз алдына бөлек отау тікті. Қазір мамандығы бойынша қызмет етеді. Ортаншысы Әкімбек те үлкен шаңырақ иесі. Сүт кенжесі Жұлдызай да тұрмыста, педагог-психолог. Қылықтары балдан тәтті Исламбек бастаған 5 немересі әжелерінің тәлім-тәрбиесін көріп өсіп келеді.
Ұстаз еңбегі – ең қиын, көзге көріне бермейтін, инемен құдық қазғандай еңбек. Осындай тынымсыз еңбек иесі Жұмагүл Әлиева дәл бүгін асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Ұстазымыз айшуақ алпыстың асқарына шықса да, тәуелсіздігіміздің көк туын биікке көтеретін талай шәкірттерді баулып, қияға ұшыратынына сенім шүбәсіз.
Біз өмірдің сан қатпарлы сырларын танытып, зердемізге тоқытқан алғашқы ұстазымызбен марқаямыз. Ол туралы жылы лебіздер, мақтау сөздер ести қалсақ, сондай мақтау, марапатқа лайық жанға шәкірт болғанымызға мақтанамыз. Сол ұстазымыздың алдында мәңгілік қарыздар, борыштар екенімізді есімізден еш шығармаймыз. Бет-бейнесі мен өсиеттей өрілген сөздері әрқашан жанымызда, жүрегімізде сақталатын, екінші анамызға айналған ұстазымыздың алдында басымызды иеміз. Олай болса, жүрегімізге ұстаз жаққан отты сөндіріп алмау – біздің шәкірттік парызымыз.
Алғашқы ұстазым Жұмагүл Ибадуллақызы қалдырған ізгілік ізі менің жүрегімде әлі өшпей жанып келеді. Ол алаулап мәңгілікке жана береді...
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
24 тамыз 2021 ж. 1 710 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031