» » Жетпіс бес жастағы жігіт

Жетпіс бес жастағы жігіт


  Мамандықтың бәрі жақсы. Тек сол мамандығының қыр-сырын толық меңгеріп, белгілі бір мақсат, мүдде жолына, істің нәтижесін көруге  құлшыныс жасаған адам ғана нағыз мамандық иесі болып шығады. Ал мамандығы бойынша алған білімін тәжірибемен ұштастырып, өз ісінің шебері болу, сол мамандық иесін шыңға шығарады, шырқау биіктерге  көтереді.
«Іс тетігі – іскер маманның қолында» деген қағиданы берік ұстанып, әр саланы басқаруға жұмыс тәжірибесі мол, істе ысылған, білім-біліктілігі жеткілікті азаматтарды отырғызу ісі бірінші кезекке қойылған сол бір  70-80 жылдар тұсында кадр мәселесі алдыңғы орындарда болатын. «Кадр дайындау», «резерв кадр», «номенклатура» деген терминдер де сол кездерде аудан басшыларының аузымен көбірек айтылып, беделді отырыс, жиындардың күн тәртібінен түспеуші еді.
Біз бүгін жетпістің бесеуіндегі аудандағы «жақсы маман» деп ауыз толтырып айтуға лайықты қызметтер атқарған толымды тұлға - Жақсыбай аға туралы сөз етпекпіз.
Аудандағы Қызылорда ауыл құрылысы тресіне қарасты №1602 жылжымалы механикаландырылған колонна құрылыс мекемесінде келген жас маман Жасқсыбай Жәкеев тап осы кезеңдерде құрылыс шебері, прораб қызметтерін атқарып, аудан көлемінде бой көтеріп жатқан мектеп, балабақша, аурухана ғимараттарының уақытылы бітуіне, сапалы салынуына елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі еді.   
 Мекемедегі бас инженер Бұғыбай Үкібаев, құрылыс шеберлері Қадір Қайыңбаев, Рүстем Пірімжаров, Қаршыға Есдәулетов, Сейітжан Жұмалиевтермен тізе қоса жүріп  қазіргі аудандық мәдениет үйі, банк ғимараты, екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлер, аудан кеңшарларында салынған мал бордақылауға арналған алаңдар, моншалар, тағы басқа    көптеген құрылыстарға өз қолтаңбасын қалдырды.
Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитетінде архитектор қызметінде болып құрылыс саласындағы жұмыстарды жоспарлаумен бірге елді мекендерді көркейтуге бағытталған шараларды да жолға қоя білді.
Сондай күндердің бірінде аудан басшылары арасында әлі от басын құра қоймаған жас жігіт - Жәкеңді шаруашылық есептегі, жұмысы таусылмайтын ауыр мекемелердің бірі болып есептелетін коммуналдық шаруашылық мекемесіне басшы етіп  тағайындау туралы әңгіме қозғалып, ол лезде ел арасына таралып та кетіп еді.
Жұмысшыларының айлық жалақысы аз, техникалық мүмкіндіктері төмен, басшылары тұрақ таппай тез ауысып тұратын мекемені басқаруға жүрексініп, сол кездегі бастығы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Нәжмадин Ысқақов пен аупарткомның екінші хатшысы Жанділда Бердімұратов ағаларына кіріп, өзінің жастығы мен тәжірибесінің аздығын алға тартып көріп еді, олар бұл мәселенің шешімі тек бірінші хатшының қолында екенін айтып, қанша қиын болса да елдің тұрмыстық қажеттігіне жұмыс жасайтын мекеме болған соң жалғыз қалмайсың, жан-жақты көмек болады, мүмкіндігіңше қарсылық көрсетпей осы жұмысты өзің қолға ал – деген сияқты ағалық ақылдарын айтып шығарып салды.
Қобалжу ұзаққа созылған жоқ, аз күннен соң аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісовтын алдында болған ол еш уәж айтуға шамасы келмей ұйымдастыру бөлімінің даярлап қойған ұсынысын ұстап, бұйрық алуға облыстық коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы Әлиакпар Пазыловқа баратын болып бір-ақ шықты.
Ел басынан өткен талай ауыртпалықты көзімен көріп, басынан өткерген, сұм соғыста денесіне қан мен тер араласқан топырақ қатып, талай ала шаңның арасынан аман шыққан қайран ағалар-ай десейші. Ел қамы үшін ештеме көрмегендей, ішкі жараларыңды білдірместен елу жасқа бірің келіп, бірің әлі келмей де жүр екенсіңдер-ау сол кезде – деп бұл осы күні ойлайды ғой кейде.
Сонымен бұның барлық ойын алдына отырмастан ұғып қойғандай: «Кешегі Оспанов ағаң 25 жасында ауданды басқарған, ал сен жаспын деп кішкентай мекемені басқаруға жүрексінесің. Мен облыспен сөйлесіп қойдым. Ешқандай кедергі болмайды, бұйрығыңды ал да жұмысыңа кіріс» деген Ахметжан ағаның сөзінен кейін аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің кілтін қолына, істің барлық қиындығын мойнына алған Жәкең жұмысқа бар ынтасымен кірісіп кетті.
Орталық монша, қонақ үйі, жылу тартылған 148 пәтер, жабық мекемелер деп аталатын бірнеше мектеп пен бала бақшалары, аурухана, емхана, кітапхана, тағы басқа «хана» жұрнағы жалғанған үлкенді кішілі мекемелердің жазда ауыз су, аяқ суының, қыста жылуының  үзілмей бірқалыпта сақталуына, әлгі мекемелердің айналасы мен көшенің тазалығына, көшедегі талдың әрбір жапырағының төртаяқтылардан зәбір көріп, зардап шекпеуіне, ит пен мысықтың ретсіз көшеде көсіліп жатпауына, қойшы әйтеуір тағысын-тағыларға жауапты мекемені басқарудың бір кісіге жетерлік жұмысын  тоқсаныншы жылдардың басына дейін абыроймен атқарды.
«Абыроймен» деуімізде де тілге тиек болатын әңгімелер аз емес. Жұмысқа алғаш кіріскеннен жылды 132 мың сом зиянмен аяқтап, жүріп тұрған шамалы техникасына жанар майды зорға тауып тұрған мекемеде шаруаны қаржыны үнемдеу, пайданың көзін табу, жұмысшылардың тілін табу ісінен бастаған Жәкең келесі жылды 27 мың сом, одан кейінгі жылды 39 мың сом пайдамен қорытып, мекеменің бойына жан кіргізді, жұмысшылардың жүзіне қан жүгіртті.
Ол кезде бірі көмірмен, екіншісі дизельді отынмен жылитын 15 жылу жүйесінің тозығы жеткен жер асты трубалары қыс айларының қақаған суығында көбірек сыр беретін. Жылу қазандықтары мен су айдайтын насостардың да айдарынан жел есіп тұрған жоқ еді.
Күндіз түні 24 сағаттық кезекшілік қою арқылы, жылу берілетін барлық мекемелер мен  коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшы және орта буынды қызметкерлерінің үйіне аудандық байланыс бөлімінің бастығы Кәрім Бәйтерековпен келісіп, жақын жердегі үйлерден параллель телефон нүктелерін тарта отырып, үздіксіз байланыс орнату арқылы жұмыстағы тәртіп пен жедел ұйымдастыру әдістерін жолға қоя білді.
Күн демей, түн демей, түн ортасы демей оперативтік топтардың жұмысын ұйымдастырудың арқасында қысқы суықтарда күнделікті болып жататын апатты жағдайлардағы үзілістерді тез арада қалпына келтіріп, көпшілік тұрғындардың алғысын алды. Халық арасында «Жәкеев» атанып, елге танылғаны да осы кез. Жақсыбай дегенде «қай Жақсыбай» деп қалып, «Жәкеев» дегенде «А-а, өзіміздің бала ма!?» деп ризашылығын білдірген үлкен кісілердің   сөздеріне осы күнгі аға буын өкілдері талай куә болған.
Мекеменің қаржылық қауқарын арттыруға, материалдық базасы мен шарушылығын жақсартуға жан-жақты ізденістер жасап, Шошқакөл маңынан 20 гектар жер жыртқызып, бақша ектірді. Оған шаршауды білмейтін өзбек ұлтының екі жігітін ұстап, бір жазда 12,2 мың сом пайда тауып, мекеменің кірісіне алды. Бұның өзі мекеме жұмысшыларының еңбек ақысын көбейтуге, әртүрлі мерекелік шаралар өткізу кезінде сыйлықтар беруге мол мүмкіндік туғызған  оңтайлы іс болды.
Айтпақшы, айналасы екі-үш жылдың ішінде сылақшы болып жұмыс істейтін Байниязова Әсия мен жүргізуші, шешен жігіті Тазиев Мусалардың мемлекеттік марапаттауларға ұсынылып, кеуделеріне «Еңбек Даңқы», «Еңбек Қызыл ту» ордендерін тағуы да мекеменің мерейін өсіріп, жақсы мамандар мен ісіне жауапкершілікпен қарайтын жұмысшылар қатары көбейе бастады. Облыстық шаруашылық мекемесінің бастығы Пазылов Әлиакпар аға да уәдесінде тұрып, 1 эксковатор, 1 су тартатын машина, жүкті өзі түсіретін «Газ-53» автомашинасын бөлуі де мекеменің материалдық базасын нығайтып, ойға алған істі қиындықсыз аяқтауға қолайлы жағдайлар туғызды.
Коммуналдық шаруашылық мекемесі жанынан асфальт зауыты салынып, оған қажетті шикізат битум жеткізудің де түрлі жолдарын тауып, қыстақтағы көшелерді, күріш шаруашылықтарындағы астық қырмандарын асфальттап беру сияқты жұмыстар жүргізілген уақыттары да болды. Мекеменің табыс көзін молайтуымен де, тұрғындарға жасалатын қызметтің түрлерін көбейтуімен де облыстағы алдыңғы қатарлы коммуналдық шаруашылықтардың бірі атанып, сала бойынша жарыс қорытындысымен бірнеше рет облыстық, республикалық ауыспалы Қызыл Туды кабинет төріне ілді.
Жосалы механикалық зауыты директорының орынбасары болған  1983-1985 жылдар да Жәкеңнің өміріндегі елеулі істер тындырған кезең болып еді. Зауыт өндіретін өнімдерге қажетті фонды бойынша келетін шикізаттардан бөлек, халық тұрмысына қажетті артық өнімдер шығару үшін қайда бармады, кімдермен жолдас болмады!
Орынбор, Челябинск, Свердловск, Москва қалаларындағы талай мекемелердің есігін қағып, талай қонақүйлердің мейрамханасынан дәм татты Жәкең. «Береген қолым - алаған» дегендей сыр сазаны мен сырдың сары ала күләбісі талай жердің дастарханынан орын алып, талай таңдайларды тақылдатса, есесіне эксковатор, малютка сияқты техникалар мен «Зил-130», «Кам АЗ» көліктері механикалық зауыт гараждарын толтырды. Әкелінген қажетті металдар, трубалар, бочка-бочка түрлі темір бояуларының көлемін қазір есептеп жатудың қажеті жоқ.
Біз бұл мақалада Жақсыбай Жәкеевтің атқарған жұмыстарының есебін бергелі отырған жоқпыз. Бірақ осы кезеңдердегі жұмыс тәжірибесі мен алған дағдыларының кейін 1990 жылдардың басында Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметіндегі жұмыстарына игі ықпалын тигізгенін тілге тиек еткіміз келді.
Кешегі нарық көшіне ілесе алмай аудандағы көптеген шаруашылықтың тұралап, ауыл тұрғындарының қиыншылыққа тап болған кезінде ауыл тұрғындарының өтінішімен бұрынғы «Октябрь» кеңшарының ізіндегі шаруашылықты 5 жыл басқарып, күріш егу, бақша егу арқылы ел тұрмысын түзеуге мұрындық болуы -  іске ыждағатты, жұмысқа талапшыл, елге қамқор бола алатын азаматтардың ғана қолынан келетін іс еді деу де артық болмас.
Зейнет жасына келіп, Жосалы кентінің ардагерлер кеңесі бірлестігі төрағасы болып қоғамдық қызметпен айналысқан кезінде де оның кабинеті күннің екі мезгілінде келушілерден босаған емес. Күнделікті бітпейтін тіршілік мәселесінде ардагерлердің айтары көп. Қоятын ұсыныстары да жеткілікті. Соларды сараптап кейбіреулерін кент әкімінің, ауқымдыларын аудан әкімінің алдына қойып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық  мәселелерін    ауданның экономикалық жағдайына қарай үйлестіре отырып шешу оңай іс болған  емес.
 Адамның зейнет жасына келген соң да томаға тұйық қалмай, өзінің қоғамға қажет екендігін сезініп отыруы, өмірлік тәжірибесін, бойындағы үлгі, ұлағатын кейінгі ұрпаққа қалдыра білуі – қазыналы қарттықтың бастауы десек, олардың әрқайсысына өзіне лайық қоғамдық тапсырма беріп, әрқайсысының өмірлік белсенділігін арттырып отыруда ардагерлер кеңесінің атқаратын ролі зор екендігін де осы Жәкеңнің жұмысынан көріп едік.
Бүгінде отбасы жағдайымен Қызылорда қаласына көшкен Жәкең аудан ақсақалдарымен байланысын үзген жоқ. Кездескен жерде әрқайсысының жағдайын жеке-жеке сұрап, өткен кезеңнің қызғылықты ісерін еске түсіріп те қоятыны бар.
Ал өзі Қызылорда қаласы ардагерлерінің алқасы құрамында белсенді қызметтерге кірісіп кеткен сыңайлы. Ал бүгінгі  жеті онжылдықты еңсеріп, жетпістің бесеуіне шығып отырған Жәкеңнің ширақ қимылы мен атқарып отырған жұмыстарына қарап, осы жасқа келген адам қарттыққа бет бұрады екен-ау деп ойлаудың өзі қиын. Жасым келді деп отырып қалмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, керек жерінде ақылшы аға, керек жерінде ағайын арасының татулығын ойлаған медиатор болып, кез келген керекті жерден табылатын тағлымы мол ағаны «жігіт» деуден әріге қимайсың. Кез келген істі ұйымдастырудағы құлшынысы сол қалпында. Сондықтан мақаламызға алғаш қойылған тақырыпты өзгертпедік.
                                                Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ
                                                Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
08 тамыз 2021 ж. 291 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031