» » Зерделі Злиха әже

Зерделі Злиха әже



Адам  – керуен, өмір жол,
Ешкімге жат із емес.
Жолмен көшкен керуеннің
Алды-арты біз емес.
С.Сейфуллин
Иә, өмір деген бұралаңы көп ұлы жол. Бұл жолда керуеннің бірі келіп, бірі кетіп жатады. Осындай ұлы көште қанша уақыт өтсе де шоқтығы биік, естелігі ескірмей жаңара түсетін бір жан – ол Злиха Жүсіпова әжеміз еді. Соғыс және еңбек ардагері, зұлмат соғыс құрбанының жесірі ардақты ана Злиха Жүсіпова 1917 жылы Жалағаш ауданы, қазіргі Шәменов ауылында дүниеге келген. Білімі 7 кластық. Бала күнімізде еңбек озаттарымен, ардақты аналармен жиі кездесу өтетін. Сонда Злиха әженің өмір дерегін тыңдап өстік. «1931 жылы пионер қатарына қабылдандым. Қызыл галстук бойымызға жігер беретін. Өзімізді ересектерше нағыз Отаншыл ұрпақ сезінетінбіз»  деп әңгімесін сабақтайтын. 1935 жылы Комсомол мүшесі болғанын, комсомол хатшысы Рысдәулетовтың қабылдауында болдым деп үлкен мақтанышпен айтып беретін. Әке-шешеден ерте айырылған жас қыз өмірдің өр ағысына қарсы жүзіп, шыңдалып өсті. Апасы Ақбала Күнтуарованың тәрбиесін алды. 1935 жылы 18 жасында өндіріс ұжшарында «Қызыл отауда» алғашқы кітапханашы болған. Кейін кітапхана үлкейіп, аудандағы үлкен кітапхананың негізін қалаушылардың бірі болды.
1939 жылдың қаңтарынан бастап жұмысшылар қатарына мүше болған. 1940 жылы Төменарық түбегінде Шиелі каналын қазуға біздің ұжшардан 80 адам қатысқан. Бұл облыстағы үлкен құрылыс еді. Аянбай еңбек еткен еңбеккерлердің жарқын ісі еленіп, 75-тегі Төлес қарт пен Иманғали Белешовке «Ауыспалы Қызыл ту» берілсе, ел қадірлеген ана Злиха Жүсіпова әжеміз «Зингер» тігін мәшинесін жеңіп алған. 1938 жылы жары Қожамжар Жүсіпов әкеміз «Халық жауларын ұйымдастырды» деген айыппен қамауға алынды. Жүсіпов Қожамжар №10 ауылдық кеңестің төрағалық қызметін атқаратын. 1939 жылы 20  қаңтарда Қызылордада Ақдәулетов деген соттың төрағалығымен 15 адамның соты болады. Сот қорытындысы бо­йынша алды 20 жыл, арты 10 жылға үкім шығарылған. 1941 жылы  елге аман келіп, Тұтынушылар одағына қызмет істеп, соғыс басталған соң халық бұл кісіні ұжымшарға төраға етіп сайлайды. 1942 жылы Шәрибек Іздібаев атамызбен соғысқа бірге аттанады. 1943 жылы 10 қазанда  Витебск маңында қаза болады.
Майданда жүріп:
Жетіасар қасиетті жер аман бол,
Елдегі ел басқарған ер аман бол.
Көкорай жердің бәрін шалғындатқан,
Аңқыған Аю жарма сен аман бол, – деген өлең жолдарында елге деген сағынышын, ыстық ықыласын көруге болады. Қожамжар әкеміз майданға кеткенде Злиха әжеміз тылда еңбек етті. «Таң атып, торғай шырылдағаннан барлық ауыл әйелдері балаларымызды ауыл қарияларына тапсырып, бір дастарқанды жайып, бетіне бидай шашып, жұмысқа кетеміз. Балалар бидайдың дәнін талғажау етіп, әжелер бас-көз болып, ал біз Отан үшін, соғыс даласындағы әр боздақ үшін аянбай еңбек етеміз. Күн бата жұмыстан келіп, балаларымыздың ас-суын, быламығын беріп, ұйықтатып, әйелдер тағы түнімен соғыс даласындағы жауынгерлер үшін киім тігеміз, тоқимыз. Қолғап, шұлық тоқып, көйлек, қалың сыртқы киім тігіп, таң қылаң бере аяқтап, поштадан жәшік алып, дайындаған киімдерімізді саламыз да, сыртына «Полевая почта» деп жазып, жөнелтеміз. Әйтеуір жорықтағы жауынгерлер қажетіне жараса деген үміт болатын» деп әңгімесін ойлы жанарын бір нүктеге қадап отырып айтып беретін. Осылай тылда еңбек етіп жүріп отбасының ауырлығына қарамай өз Отанының шын патриоты ретінде өз есебінен 11220 сом ақшалай жәрдем жібереді. Бұл туралы ақын апамыз Үрліхан Өндібаева еңбеккер ана ерлігін паш етіп:
«Солдаттарға салып жатты Злиха апа тон тігіп,
Ине кіріп қанатса да елемеді бармағын»  деп жырлайды. Злиха апаның тылдағы қажырлы еңбегі еленіп, 1945 жылы 6 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «За доблестный труд в Великой Оте­чественный войне 1941-1945 гг» медалімен марапатталады. Злиха анамыз ұжымшар жұмысын біркісідей атқара жүріп ауыл көлеміндегі мәдени көпшілік, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, жастардың рухын көтерер шараларға бастамашы болады. 1950 жылы 11 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төралқасының «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Өзге де мерекелік медальдармен бірге 2000 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы үкімет басшыларының 1999 жылы 8 қазандағы Кеңес шешіміне сәйкес Злиха Жүсіпова анамызға «Ұлы Жеңістің – 55 жылдығы» қарсаңында «1941-1945 жж Соғыс ардагері» белгісі тапсырылады.
Тағдыр тауқыметіне мойымаған құрметті Злиха ана ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырып, немере, шөбере сүйген бақытты шағында 87 жасында өмірден озды. Жүрген жолы тарих парағында өрнегімен ұмытылмастай ұрпақ есінде үлгі болып қалды.
«Ұлы Ана ақ жаулығы желбіреген,
Отан деп мейіріммен елжіреген.
Замана тауқыметін
тартып тұрып,
Бекзаттығы танылар елдік – ерен».
Иә, болмысы биік, парасаты пайымды, қайсар жүректі, қайырымды да ардақты Злиха әже – осындай жан еді.

Зарипа ТАСЫМОВА,
Тұрмағамбет ауылы
27 шілде 2021 ж. 671 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031