Індет іргеде: Балаға сақ болыңыз
Қауіпті вирустың әлемді кезіп, әбігерге салып жүргеніне бір жылдан асты. Адам да, жас та талғамай ілмегіне ілуде. Өңірлерде ахуал тұрақты. Дегенмен науқастар арасында балалар санының көбеюі алаңдатпай қоймайды. Ұл-қыз өсіріп отырған әрбір ата-ананың көкейінде осы мәселе. «Балалар коронавирусты жеңіл өткереді» дегенді былтырдан бері естіп жүрміз. Десе де «баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін» деп шырылдайтын ата-ана үшін мұның өзі үлкен сынақ болмақ. Ал ауруды дер кезінде анықтап, ерте бастан емдеу шараларына кірісу үшін алғашқы қадам қандай болу керегін білмекке маман кеңесіне жүгіндік.
– Егер сіздің балаңызда аздаған дене қызуы, тұмау немесе тамақ ауруы байқалса, басқа бір жерге бармас бұрын бірінші педиатрға хабарласқаныңыз дұрыс. Коронавирустық инфекция жоғары температурамен, құрғақ жөтелмен, ентігумен білінеді. Сонымен қатар, балада тыныс алудың қиындауы, оның тамақ пен сұйықтықтан бас тартуы, сондай-ақ мінез-құлқының өзгеруі секілді ауыр симптомдар байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда міндетті түрде баланы педиатрға көрсету керек. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз. Себебі денсаулықтан асқан байлық жоқ, – дейді жауапты мамандар.
Иә, денсаулыққа күтіммен қарап, инфекцияны ертерек ауыздықтауға да болады. Сонымен қатар бүгінде елімізде вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 18 бен 65 жас аралығындағы әрбір ерікті екпе салдыруда. Ал инфекция жұқтырушы балалардың саны артуына байланысты әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцинаны балаларға да сала бастады. Мысалы Чилиде жасөспірімдерге «Файзер» препаратын егуге рұқсат берілген. Ал вакциналау бойынша әлемде көш бастаған Израиль балаларға әдеттегідей 2 емес, 1 доза салуды дұрыс деп есептейді. «Файзер-Байонтек» вакцинасын 12 жастан асқан балаларға қолдануға алғаш АҚШ пен Канада рұқсат берген. Құрама Штатта да жеткіншектер екпе салдыра бастады. Бұл шетел тәжірибесі. Ал біздің елде әлі де осы мәселе төңірегінде зерттеу жүргізілуде. Дамыған елдердің тәжірибесі іске асып, оң нәтиже көрсетсе, келешекте балаларға да екпе егілуі мүмкін.
– Балаларды вакциналаудан бұрын, препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау үшін арнайы клиникалық зерттеу жүргізіледі. Егер қауіпсіздігі дәлелденсе және тиісті бақылаушы органдар оған рұқсат етсе, әрине, онда екпе салуға болады. Мәселен, АҚШ коронавирусқа қарсы екпе салдырғысы келетіндер үшін жас мөлшерін 16-ға дейін төмендетті. Ал қазір оларда тіпті 12-15 жас аралығындағы жеткіншектерге де екпе егу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ Еуропалық одақта 12-15 жастағы жасөспірімдерге арналған вакцинаны мақұлдау мәселесі де шешілуде. Яғни бұл індетті құрықтаудың бірден-бір жолы болып отыр. Осы уақытқа дейін ауданда оқушылар мен тәрбиеленушілер арасынан 38 дерек тіркелсе, үй баласы арасында 11 бүлдіршін тіркелген. Сондықтан да бұған бей-жай қарауға болмайды. Жақындарымыздың амандығын қаласақ, екпені дер кезінде салдырған дұрыс, – дейді ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергенова.
Иә, балалар да, үлкендер де дерт құрсауына ілінбей, аман жүргенін қалаймыз. Қалыпты өмірге қайта оралып, алаңсыз өмір сүргіміз-ақ келеді. Десе де, індет әлі де болса босаңсуға ерте екенін еске салуда. Бізге қалғаны – тәртіпке бағынып, талапты орындау ғана.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ