» » Бағалай біл, өмір қымбат!

Бағалай біл, өмір қымбат!


Көктемде көк шығып, айнала әсем күйге енеді деп қуанғанымызбен, осы бір сәтте адамдардың әлсіреп, шаршаңқы күй кешетіні бар. Ешнәрсеге зауқы жоқ жанның күйзеліске шалдығуы да бек мүмкін.
Бір жылдан бері әбігерге салған дерт. Онымен күрескен халық. Онлайн дәріс алған оқушылар. Карантиннің қатал
талаптары.
Осының бәрін біреулер қалыпты жағдай деп қабылдаса, кейбірін қажытып жіберген сыңайлы. Қазір халықтың жай-күйі, көзқарасы мүлде өз­герген. Пандемия басталғалы пси­холог мамандардың көмегіне жүгінушілердің де саны едәуір артыпты. Дені стреске ұшырағандар. Қоғамның назарын аударту дегеннен шығады, соңғы кезде бүгінгі ахуалға көңілі толмайтындардың да қарасы көбейген.
Өткенде бір таныс мұғаліммен кезігіп қалдым. Әңгіме арасында ол бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналардың көбейіп бара жатқанына өкпелі екендігін жеткізді. «Қазіргі ата-аналар жұмысбасты. Үйдегі баласының не көріп, немен айналысып жатқанынан бейхабар. Ересектер күнкөріс қамымен көбіне сыртта жүреді. Бала – қашанда ол бала емес пе?! Интернет ашық алаң. Сол алаңнан өзіне керегін емес, керек емесін алып жатыр. Мұның астарында үлкен әлеуметтік трагедия жатыр» дейді.
Өмірден түңіліп, қиындықты өліммен жеңем деген жаңсақ ой, жағымсыз жайдың күрт көбеюі осымен астарлас. Осы және өзге де сауалдар төңірегінде аудандық емханадағы «Жастар денсаулық орталығының» психологы Әмина Кетебаевамен кездестік. Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, маман кеңесіне құлақ түрдік.
«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар» деген А.Макаренконың сөзімен бастады әңгімесін психолог. «Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, қалай күлесіздер, қалай кітап, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» дейді.
Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды. Мамандар суицидке итермелейтін бірден-бір себеп өмір сүрудің ауыртпалығы, қаражаттың жетіспеушілігі мен қысқыштай қысқан қарызбен байланыстырады. Ондай отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға бұл ахуалдың әсер етпеуі әсте мүмкін емес. Сонымен қатар қазір еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияның қолында смартфон. Онлайн сабақ оқимыз деп оқушылар да «кішкентай кереметпен» дос боп алды. Жатса да, тұрса да қолдарында. Ата-ана баласына телефон бергенде оның не үшін пайдаланып жүргенін қадағалай ма? Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Ата-аналардың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы да, жаман да ісіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Үлкендердің де қателікке бой алдыратын кезі болады. Психолог Ә.Тахирқызы келеңсіздік пен өкініштің алдын алу үшін ата-аналарға мынадай кеңестер айтады:
– Жылы сөзбен айналып, сен менің қолқанатымсың, сендей бала ешкімде жоқ, бірақ сенің мына ісіңді құптамаймын деп айтып баланың дұрыс емес іс-әрекетіне тосқауыл қою керек. Балаңыздың іс-әрекеті көңіліңізге қонымсыз болса да, оны бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз. «Балам, сен мұндай істе менен көмек сұра. Екеуміз ақылдасып тамаша іс тындырамыз» деген сияқты көмек қолын соза отырып тәрбиелеуге тырысқан жөн. Тым қаталдық аңды қолға үйреткенмен бірдей. Оның орнына тайға таңба басқандай көрсетіп, түсіндіріп, иландырып, жұмсағаныңыз әлдеқайда тиімдірек. «Менің баламның күші жетпегендіктен мұны өзім істей салайын» деп баласына кезіккен кедергіге өзі тойтарыс беріп бәйек болу – қате. Шолжаң, ерке, барлыққа мастанған, іштегі «мен» деген эгосы өскен жас жеткіншекке өмір соқпағы оңайға түспесі анық. Ата-анасынан «уақыт жоқ» деген сөзді жиі естіген бала ата-ана махаббатын басқа арнадан іздейді. Сондықтан, тіпті сіздің жұмыс кестеңіз белгіленіп қойса да, кешкісін жарты, бір сағатыңызды балаға бөліңіз. Оның төсегінің жанында отырып ертегі оқып немесе күні бойғы қандай қызықтар болғанын сұрау арқылы көңіліңізді бөліңіз. Кейбір жанұя «Бала ештеңеден тарықпасын» деп жан ұшырып жүреді. Дегенмен, балаңыздың арманын орындай алмағаныңыз үшін өзіңізді кінәлі сезінбеңіз. Шындығында, сіздің қалың әмияныңыздан гөрі шынайы сезіміңіз бен махаббатыңыз маңыздырақ, онымен бірге ойнап, бірге күлгеніңіз, бірге өткізген уақыттарыңыз бала үшін ерекше. Пандемияның қашан аяқталатыны белгісіз. Сол себепті, ол қашан тыйылады деп қол қусырып отырмай, сабырлылық танытып, күн­дегі тіршілікті жасау, соны бағалау және әр сәтке қуана білуді өзіміз де біліп және соны бала бойына сіңіруді қолға алайық.
Адам шығармашылықпен немесе өзіне ұнайтын сүйікті ісімен айналысса, жақсы кітаптар оқып, фильмдер көрсе, ол адамға көңіл-күй мен жаңа ойлар (инсайттар) сыйлайды. Үйде жаттығу жасап тұрған да абзал. Себебі физикалық белсенділік стресті азайтады. Таза ауада көп серуендеген эмоцияны ретке келтіреді, – дейді ол.
Аудандық емхана аудандык білім басқармасымен бірлескен жоспар бо­йынша жасөспірімдердің сапалы өмір сүруіне, мінез-құлқына, репродуктивті денсаулығына байланысты, құқық­бұзушылық, ерте жүктіліктің алдын алу бағытында үзіліссіз жұмыстар жүргізіп келеді. Мысалы, тек сәуір айы­ның өзінде Қармақшы Жастар Ор­талығының (ЖДО) психологы Әмина Кетебаева, Салауатты өмір салтын қалыптастыру СӨСҚ маманы Дариха Қулмырзаева және Психо-әлеуметтік көмек беру кабинетінің дәрігері Айткүл Балмаханованың ұйымдастыруымен Ақжар, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Ақтөбе және Қуаңдария ауылдарында болып, ауыл мектептерінің жоғары сынып окушыларымен, ауыл жастарымен кездесіп, «Жақсы көңіл-күй жан азығы», «Жаман әдеттерден бойды аулақ ұста, өз денсаулығың өз қолыңда!», «Күйзелістің алдын алу және күйзеліске қарсы тұра білу дағдыларын сіңіру» тақырыптары төңірегінде семинар-тренингтер өт­кізілді. Сондай-ақ «Жасөспірімдердің физиологиялық, психологиялық дамуы», «Жеке гигиена қағидалары», «Дұрыс тамақтану», «Жұқпалы аурулардан сақтану, бойыңды жаман әдеттерден аулақ ұста!» тақырып­тарында көптеген кеңестер берілген. Жастар өз ойларымен бөлісіп, көкейдегі сұрақтарына жауап алған. Болашақ – жастардың қолында екенін әрбір жеткіншек ұғынуы керек. Білімге, өнерге деген құштарлық, өз денсаулығын күте білу, мінез-құлқына мұқият болуы аса маңызды. Шешілмейтін мәселе жоқ. Тек оны ақылмен, байыппен қабылдау нәтиже береді. Осы орайда аудандық емханада жастар денсаулығы орталығы, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының кабинеті мамандары, психологтар жұмыс істейтінін еске саламыз. Кез келген тұрғын өзін ойландырып жүрген түйткілді мәселесін маманмен бөлісіп, пайдалы кеңестер алуына мүмкіндік бар.
Егер адам баласы ақыл мен сабыр деген қасиетті сөзді жақсы түсінетін болса, баласына сол қасиетті ұғындыра алса, сол адам қандай күйге, қандай қиын жағдайға тап болса да өзін қажытпайды, қамшылайды. Болмашы нәрсе үшін өмірін құрбан етпейді. Себебі бағалай білгенге өмір – қымбат қазына.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
05 мамыр 2021 ж. 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031