» » Адалдықты ту еткен ардақты жан

Адалдықты ту еткен ардақты жан

Адалдық – адам бойындағы ең ерекше қасиет. Қай істе болсын адалдық таныту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Десе де, елі үшін еңбектеніп, бауыры үшін барын беруге даяр жандар ортамызда кездеседі. Соның бірі – бүгінде мәуелі бәйтерекке айналып, шаңырағын шаттық пен берекеге толтырған Сейітәлімхан Байменов.
Ол соғыс оты тұтанған 1941 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі ұста Сайым мен анасы шебер Шырайдың тұла бойы тұңғышы аудан орталығындағы Молотов атындағы №26 мектепте білім алып, белсенді оқушылар қатарында болған. Елдің сұрапыл соғыстан есін енді жиып, бейбіт өмірде соғыстың зардаптарын қалпына келтіру кезінде мерекелік шерулерде мектептің үрмелі аспаптар оркестрімен өнер көрсетіп, оқ бойы оза шауып, ерекшеленеді. «Алматыға барып жоғары оқу орнына түсемін» деген арманы да бар еді. Алайда ауылдағы бір отбасының асыраушысы әкесінің жағдайын түсініп, үйдегі артынан ерген үйелмелі-сүйелмелі бауырларының жайын ойлап сол жылы ауылда қалады. Осылайша еңбекке ерте араласып, ұста әрі үй соғудың қас шебері әкесі Сайымның жанында көмекші болады. Сондай-ақ ол еңбек ете жүріп жүр­гізушілер даярлайтын кешкі мектепте білімін жетілдіреді. Оны бітірген соң еңбек жолын аудандық пошта торабында телеграмма тасушы болып бастайды.
Ал 1961 жылдан бастап аудандық тұтынушылар қоғамында қарапайым жүргізуші болып еңбек етіп, елдегі сау­да саласының қыры мен сырын жетік меңгереді. Жай ғана үйреніп қоймай, 1964 жылы Шымкент қаласындағы кооперативтік техникумда сырт­тай оқи­ды. Сол уақыттағы ауыл жастарының ал­ғашқылары болып тауартанушы (товаровед) мамандығын алады. 1963-1980 жылдары Ленин жұмысшылар кооперациясында, Қызылқұм сауда мекемелерінде тауартанушы қызметін абыроймен атқара отырып, Қармақшы тұтынушылар басқармасының өзіне деген үлкен сенімімен 1981-1983 жылдар аралығында Қызылқұм сауда мекемесін, ал 1983-1985 жылдары Ленин жұмысшылар кооперациясын бас­қарады.
Ал 1986-1995 жылдары Қызылқұм сауда мекемесінде көлік дүңгіршегінің меңгерушісі болып, күн айналып жерге түсетіндей аптап ыстықта да, қыстың қытымыр аязы мен боранында көктайғақ бұралаң жолдармен алыстағы қойшы жанұяларын азық-түлікпен, киім-кешекпен, күнделікті қажетті заттармен қамтамасыз етіп, тынымсыз еңбек еткен. «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек ет» деген нақыл сөзді өзіне серік еткен ол сауда саласына 40 жылын арнапты. Осы саланың дамуына сүбелі үлес қосып, түрлі марапатқа ие болған. Соның ішінде сауда саласының ең жоғары марапаты – «Сауда саласының үздік қызметкері» атағына ие болған.
«Кейде апталап, кейде айлап мал шаруашылығымен айналысатын ауыл­дардағы халықтың жағдайын жасап, қажетін жеткізіп ауыл-ауылды аралап, уақытпен санаспай жүре береміз. Сонда анам Шырай менің жолымды тосып, таңнан кешке дейін ішінен күбірлеп тілегін тілеп, сарғайып күтіп отырады екен» деп өткенді еске алды ақсақал.
Еңбекті сүйген Сейітәлімхан Сай­ым­ұлы зейнеткерлікке шыққан соң да, ересек балаларын қасына алып «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп өзіне етене таныс мал шаруашылығын қолға алып, елдегі алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын құрып, сол кәсіпке балаларын баулыды. Әрине сауда саласының сан сырын меңгеріп, елге қызмет етуден шаршамағанымен, жеке шаруа қожалығын ашып оны дөңгелетіп басқарып кету бірден оңай болған жоқ. Десе де кездескен қиындықты еңсере білді. Сол кезден-ақ балаларының болашағын тереңнен ойлап, ертеңіне кәміл сенген ол мал шаруашылығының өзіне тән қиыншылығын өзінің сабырлы, айналасындағы адамдарға деген мейірімді мінезімен меңгеріп, сол қожалықтың бүгінге дейін сақталуына үлес қосты. Өмірі сауда жолымен өріліп, кейіннен шаруашылықты шыр айналдырған ол тиянақты ісі, биязы мінезі бар жары Шахарбану анамызбен 60 жылдан бері бір шаңырақ астында шәй деспей күн кешуде. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, өзінен тараған ұрпақтың бақытына бөленіп, бала-шаға, немерелерімен көгеріп, көктеп отырған жайы бар.
Отбасының тұңғышы Қарлыға ардақты ұстаз, Ләззат – есепші, Ғайдар – Павлодар қаласында білікті құрылыс маманы, Нұрлан, Руслан, Ерлан әке ісін өрбітіп мал шаруашылығын дөңгелетсе, Алтынбек мұнай саласының маманы, ал Гүлсара мен Айгүл ақ халатты дәрігерлер. Барлығы да әке жолымен адалдықты алға қояды.
Арманын отбасына деген жана­шыр­лық пен адалдыққа алмастырған Сейітәлімхан атаның өмір жолы көпке үлгі. Бір шаңырақтың бәйтерегі болып, артынан ерген бауырларына да адал қызмет етті. Ауылда қалып басқалардан кем қылмай, сол бауырлардың жан-жақты білім алуына, жеке үй болып отау құруына, кейіннен үй салып шаңырақ көтеруіне бас болып, балаларын ер­тіп апарып қызмет етіп, ізгіліктің, үлкендіктің жолын көрсетті. Бауырлары да бұл мейірімді әсте ұмытпақ емес. Бүгінде қазыналы қарттың қарапайым тұрмысы өнегеге, құт қонған шаңырағы берекеге толы.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
27 сәуір 2021 ж. 366 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031