Ауылдағы алма бақ
Әдебиеттерге сүйенсек, алманың Адам ата заманынан бері адам өмірінен алар орны бөлек екенін аңғарамыз. Өткен ғасырларда басына алма құлап, бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан Ньютонның да, бүгінгі әлемдік брендке айналған смартфонның да тағдыры осы жеміспен байланысты. Ал бұл жемісті өсіріп-баптап, өнімін нарыққа шығару қаншалықты табысты?
Осыдан 3-4 жыл бұрын ірі шаруашылықтардың бірі «Жаңажол» ЖШС 4 гектар жерге алма бағын орналастырған еді. Ерекше күтімге алынған бақ өткен жылы алғашқы өнімін берсе, биыл мол жемісін төгеді деп күтілуде. Бригадир Әділ Алтынбаев пен бағбан Саттар Ерманов осы бақты гүлдендіруге аянып қалған емес. 5 түрлі алма сортынан бөлек, мұнда алмұрт, қара, сары өрік, шие мен жүзім де бар. Жақында 10 гектар жерге картоп, 2 гектарға қызанақ пен қияр да егіледі.
Биыл баққа тағы 1000 түп көшет егілген. Оның 800 түбі алма, 200 түбі өрік. Бұл кәсіптің табысты болуы алдымен ауа райына байланысты дейді мамандар. Көктемде енді гүлдеген кезде жел, жаңбыр жиі жауса, өнім піспей жерге төгіліп қалады. Ағаштар бір жыл өнім береді. Бір жыл демалады. Көктем мезгілі басталғалы техника көмегімен жерді дестелеп, арықтардың отағы жұлынған. Ағаштар пұтарланып, зиянкестерге қарсы дәріленіпті. Бағбандар тыңайтқыш сеуіп, күзге дейін мол өнім алуды көздейді.
– Кеңейту үшін тамшылатып суару технологиясын енгізу керек. Ол үшін бақ ауылға жақын орналасқан дұрыс. Себебі қазіргі бақтың жанына электр энергиясын тарту үлкен жұмыс. Оны алдағы уақыттың еншісіне тапсырдық. Алма ағашы ерекше күтіп-баптауды қажет етеді, бала күткеннен ауыр. Бірақ жақсылап қолға алып, көзін тапсақ пайдасы ұшан-теңіз болмақ. Минералды тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті талаппен бермесеңіз, өлтіріп алуыңыз әбден мүмкін. Сол үшін Шымкенттен арнайы мамандар шақыртып тұрамыз, – дейді «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов.
Шаруашылық басшысының көздегені ауылды жасыл-желекке, саялы баққа айналдыру.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ