» » 60 жыл отасып, 13 бала өсірген

60 жыл отасып, 13 бала өсірген

Молдабек атамен біраздан таныспыз. Ел сыйлайтын ақсақал, тыл ардагері. Осыдан 6-7 жыл бұрын көргенде қандай еді, сол қалпынан өзгермеген. Әлі тың. Олай дейтініміз жақында Т.Көмекбаев ауылына қарай тізгін тартқанымызда бау-бақша өсіретін атамызды көрсек, әдемі қартаюының сырын білсек деген ниетпен сәлем беруге асықтық. Газетіміздің тұрақты оқырманы шалғай ауыл­да тұрса да телефон арқылы тілдесіп, «алма бағымнан келіп, ауыз тиіңдер» деп жиі айтып тұратын. Тілшілер келеді дегеннен жемістер пісер уақыт болмаған соң самаурынға шоқ, қазанға ет салдырған қария «үйден ас ішпей кетпейсіңдер» деп қолқа салды. Ертеректе салынған үй болғанымен аурасы да, ауласы да тым бөлек. Қорада қой, төрде түгел жеміс ағашы. Алма мен алмұрт, жүзім мен шие, өріктің бірнеше түрі гүлдеп баққа сән беріп тұр. Табалдырықтан аттай бергенде «айналайынын» айтып Күләш әжеміз шықты. Жақсы адамдармен жолығып, жарты сағат болса да жүздесу неткен ғанибет десеңші.
Қазір ауыл да қаладан кем емес. Интернет бар. Үйге су кіргізіп, бар жағдайды жасап алған. Кіреберісте ағып тұрған жуғышқа қолымызды жуып, жоғарыладық. Төргі бөлмеге қарай кіретін дәлізде тағы да ағаштан жасалған ескі қол жуғыш тұр. Ескі дейтіндей ескі емес. Дегенмен соңғы үлгінің қолжуғышы тұрғанда оны қажет етпейтініміз рас қой. Дереу көзін құртар ма едік, кім білсін? Әрбір сәттен ой түю мамандығымыздың ерекшелігі. Ағып тұрған су барда мұның әлі тұрғаны несі деп ойлағамыз сол еді. «Ата-әженікі. Кіреберіс салқындау. Онда барса аяқтары тоңып қалады. Сол үшін осында жылы су құйып қоямыз» деді бойжеткен немересі ойымызды оқып қойғандай. Не деген үлкенге қамқорлық! Ата-әжеге деген ілтипат! Қандай тәрбие!
Одан соң ата-әженің бөлмесіне беттедік. Үйілген газет пен жорнал. Арнайы жұмыс үстелі де бар екен. Үстінде жарықшам. Киіз үй іспетті шағын ғана бұйымның бір тетігін басып кеп қалғаны сол еді күй ойнап кетті. Қабырғада домбыра ілулі тұр. Арасында әу дейтіні де жоқ емес.
Иә бұл – жастары сексеннен асқан, отас­қандарына биыл тура 60 жыл толған, 13 баланың ата-анасы, Т.Көмекбаев ауылының құрметтілері Молдабек Көбеев пен Күләш Айдарованың құтты шаңырағы.
Атамыз алғашқы еңбек жолын Байқоңыр қаласында есепшіліктен бастаған. Төретамның ту­масымен шаңырақ көтеріп, алғашқы сә­билерін сүйген кез еді. Байқоңырға кіру бөгде адамдарға бұрын да қазіргідей мүмкін емес болатын. Анасы мен бауырлары ағайыннан алшақтағанын қаламай Қаракөл қой кеңшары құрылғалы жатқанын хабарлайды. Мұны естіген әкеміз аталарының жаз жайлап, қыз қыстаған ата қонысына келуге бел буады. Тұрмағамбеттің түлегі іргесі жаңа ғана қаланған «Жаңақалаға» 1964 жылы көшіп келіп, киіз үй тігіп отырған алғашқы отбасылардың бірі. Кеңшар директоры Қаратай Қуаңбаев ата қонысты өркендетуге үлес қоссам деп келген жас отбасының талабына сүйсініп, жұмыс береді. 1964 жылдан 1998 жылға дейін атамыз ауылда қаржыгер болған. Бір жылдары өз еркімен тоқты да бағыпты.
– 5-6 ғана үй бар. Ресейден баспана салуға дүркін-дүркін құрылысшылар келді. Әйелдердің бәрін бос отырғызбай салынған үйдің сылағын жүргізуге шығарды. Ал балаларына қарайтын адам болмаған соң ауылдан шағын ғана балабақша ашуға тура келді. Сол балабақшаға алғашқы тәрбиешілердің бірі болып мен де орналасып, табан аудармай бірнеше жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. 13 бала әкелдім өмірге. Аралары 1-2 жастан. КСРО-ның кезінде «Батыр ана» деген орден алдым. Дуалы ауызды жандар болатыны рас екен. Үйге қонақ көп келетін. Бірде Қаратай ағамыз «келін, сен 2 рет «Батыр ана» атағын аласың» деді. Бұл қалай, 10 балам бар, әлі 10-ын туамын ба деп ойланамын ғой келіп. Содан он үшіншім өмірге келгенде егемендік алдық. Сол кезде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Алтын алқасын» иелендім. 2 батыр атағы дегені сол екен ғой, – дейді әжеміз өткен күндерді ой елегінен өткізіп.
– Қаратай ағамен қызметтес болған кезеңде көп тәлім алдық. Сырттан қонақ келсе «қарапайым жұмысшы болсын кездескендерің қонақжайлылық көрсетіңдер. Ол келешекте алдарыңнан шығады. Жақсылық еш уақытта ұмытылмайды» деп айтып отыратын. Мен өзім Қаратай ағадан отбасына, бала тәрбиесіне қатысты мәні бар әңгімелерді көп тыңдадым. Балаларыма бұл кісілердің өмір жолын үлгі тұтып, үнемі айтып отырамын. Соның нәтижесі шығар үлгілі отбасылар қатарына қосылдым. Саналы ұл-қыз өсірдік. 13 баламыз да өсіп-өніп, өмірден өз орнын тапты. Осындай жақсылыққа жетуіміз әуелі Алланың, содан соң Қайрекеңдей ауыл басшысының дұрыс тәрбиесінің жемісі. Ауылда кіл қызы бар, ер баласы жоқ, мүлде баласы жоқ отбасылар болды. Олар біздің үйдің жанына кеп қоныстанатын. Себебі бір үйде өскен 5 бала солардың малын бағамыз, қойын қырқамыз. Одан жаман болмадық. Батасын алдық. Көсегелерің көгерсін дейтін. Сол тілектері бізге мәнді ғұмыр берген шығар, –дейді ақсақал ағынан жарылып.
Сөз басында ата-әженің әдемі қартайғанын тілге тиек еткенбіз. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Молдабек ақсақал атадан қалған малды жоғалтпаған. Бірде-бір рет дәрігерге көрінбей, қуатты қалыптарын сақтауы – үйден ағарған мен еттің, одан қала бере жеміс-жидектің үзілмегені.
1978 жылы көпбалалы отбасыларға шаруашылық үй салып берген. Ауылды, ауланы гүлдендіріп, жасыл желек егу жұмыстары жүріп, атамыз үйінің айналасына қолдан су құйып еккен ағаштары көлеңкесін беріп, жайқалып тұр. Бір қызығы бір үйде екі алқа иегері бар. Әжеміз алтын, тұңғыш келіні күміс алқа тағынған. Ұлдың үлкені Қайырбек ағамыз 1986 жылы Гүлнар тәтемізді теңім деп, шаңыраққа түсірген. Содан бері ата-енесінің қас қабағын бағып, сол үйдің түтінін түтетіп отырған жеңгеміз жылы жүзді екен. Ағамыз мал шаруашылығын қолға алса, зайыбы ауылдық балабақшада есепші. 6 баласының алды үйленіп, қыздары тұрмыс құрып, бірнеше немере сүйген.
– Ата-әженің 13 баласы қосағымен, 30-дай немере, 10 шөбересі келгенде құдды құда күткендей боламыз. Бір отбасының балалары бір тойлық адамбыз, шүкір. Әр отбасының аулада өздері еккен ағаштары бар. Келген сайын өздері күтіп, жемісін тереді. Келіндерім, қайынсіңлілеріммен бірлесіп, қазан-қазан тосап пен салат қайнатамыз. Барлығы қыстай жейтін қолдың өнімін дайындап әкетеді, – дейді әулеттің үлкен келіні Гүлнар.
Еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын балаларына ата-әже жыл сайын қол ұстасып қыдырып қайтады. «Бұрын балаларымызға үйден шықпаңдар, сақтанып жүріңдер дейтін едік. Қазір олар бізге айтады. Жылда 2-3 ай балаларға барып қайтатынбыз. Биыл ауырып қаласыңдар деп Гүлнаржан жібермей отыр дейді» ата күліп.
Иә осы отбасында ұстаз да, дәрігер де, экономист пен кәсіпкер де өскен. Баланы бастысы ауызбірлікке тәрбиелеген дұрыс дейді олар. Бала-шағасы әулеттің діңгегіне айналған қариялардың аяғын жерге тигізбейді. Ал ата-әженің бірінің сөзін бірі бөлмей, бір-біріне жымия қарағаны қандай жарасымды. Осыған дейін балалары алтын тойларын жасап берсе, енді ел аман, жұрт тыныш, аты жаман кеселден айықсақ гауһар тойда да туыс-жекжаттың басы қосылмақ.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
24 сәуір 2021 ж. 736 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031