Көк өрік

Ең көп жеміс беретін осы өрік ағашы секілді. Себебі екінің бірінің үйінде өрік бар. Көк алма мен өрікті тұзға батырып жейтін әдет те сол балалық шақтан қалған. Көп жемісті піспей, шала жеу бізге дейін де болған секілді. Себебі анам да үлкендердің ұрысатын әдетін айтып отырады. Өрікті көктей жеп тойып аламыз ғой деймін, сірә. Өйткені әбден уылжып піскен тұста беттемей қалатынымыз бар, жегіміз келмейді. Сонда сарғайып піскен өрік жер тезек болып жатады. Әжеміз «піскенін күтпей жеуші едіңдер, енді не болды?» деп зілсіз бір ұрысып алатын. Баламыз ғой. Әрдеңенің байыбына бара бермейміз.
Негізі әлгі «көк өріктің» түсі – жасыл. Қазақы танымда көбіне жасыл түстің барлығын көкке балайды. Оның себебі де жоқ емес. Аспан – көк, шөп – көк. Тәңірден, аспаннан келген жасыл, ақ және көк заттың бәрi де «көк» деп аталады. Ол Құдайдан, Көктен түскен, адамның қолымен ластанбаған деген мағынаны бiлдiредi. Көк түс – қазақтың ежелден келген дiнiнен, тiлiнен қалған мұра. Міне, біздің жерден шыққан көгіміз, көк өрігіміз де Тәңірдің бізге берген сыйы.
Өріктің адам ағзасына пайдасы бар. Айталық, бұл өнім көптеген аурудың симптомдарын жоюға көмектеседі, денені дәрумендермен қанықтырады және сыртқы түрін жақсартады. Өріктің шынайы құндылығын бағалау үшін оның барлық қасиеттерін ескеру қажет. Сонымен қатар өрік әйелдерге табиғи сұлулығын сақтауға көмектеседі. Дәрумен мен минералдар терінің және шаштың күйін жақсартады. Төмен калориялы құрам әйелге өзінің дене бітімі үшін алаңдамай, өзінің рақаты үшін жемістерді жеуге мүмкіндік береді. Жеміс жүйке жүйесін нығайтады, көруді жақсартады, артық салмақтан арылуға көмектеседі.
Түйін.
Өрік ағашы гүлдеп, тәтті жемісті тұтынатын мезгіл де алыс емес. Алайда балалық шақтағы солбір «көк өріктің» тәтті дәмі әлі күнге дейін таңдайдан кетпейді.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ