Шалғай ауылдың шырайы
Карантиннің көп нәрсеге шектеу қойғаны рас. Жеті сайын ел жерді аралап, ауылдың тыныс тіршілігімен танысып, еңбек адамдарымен жүздесіп тұратын бізге бұл талап тым қаттырақ болды. Жұмыстың 80 проценті онлайнға ауысқан уақытта біз де көштен қалмай қызметімізді жалғастыра бердік. Алайда онлайн сұқбат алып, телефонмен тілдесіп жазған мақала көзбен көргендей әсерлі шықпайтынын біз де, оқырман сіз де жасыра алмаймыз. Талапты бұзбай, сақтық шараларын ұстай отырып жақын-жуық ауылдарға ара-тұра барып келгеніміз бен шалғай ауылға шықпағанымызға жылдан асыпты. Көлігімізді сайлап, қаламымызды майлап, бетпердемізді байлап өткен аптада аудан орталығынан 150 шақырым жердегі ауылға ат басын тіредік.
Тәуелсіз еліміздің картасында оймақтай ғана орын алатын Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімі берілген (бұрынғы Жаңақала) ауыл сонау 1964 жылы құрылған. Сол бір жылдар мемлекет тарапынан Қызылқұм мен Қарақұмды қатар жайлаған Қызылорда облысына жаңа міндеттер мен ауқымды бағыт-бағдар жүктеген кезең болатын. Республикамыздағы мал басын көбейту, егістіктер мен жайылым жерлердің ара-жігіне шекара салу, Сырдарияның бір кездегі көне «Жаңадария» арнасына ел апару бағытында межелі іс-шаралар біздің облысымыздың көлемінде алты бірдей жаңа шаруашылықтың құрылуына мұрындық болды. Соның бірі – Жаңақала деген ауылдың аты аталғанда көптің құлағына Қаратай Қуаңбаевтың есімі, көз алдына бейнесі түседі. Енді ғана құрылған кеңшардың қазығын қағып, қиын жағдайында іскерлік танытып, 16 жыл үзбестен басқарған ардагердің еңбегін ел біледі. Топырағына өлең түнеген, қасиетті дәстүрдің шаңырағын шайқалтпаған Қармақшы ауданының халқы Қызылқұмды игеруде аянбай еңбек еткен ел азаматтарының ерлігін жоғары бағалайды.
Тарихы жарты ғасырдан асатын ауылдың осыдан бірнеше жыл бұрын 50 жылдығы аталып өтілген. Мерейлі той қарсаңында жаңа мектеп ғимараты салынса, ауыл көшелеріне асфальт жолдар, ерлік аллеясы, жаңа мешіт үйі, басқа да әлеуметтік нысандар салынды. Қуанарлық жайт, ауылға ұялы телефон байланысы орнатылып, интернет желісіне қосылды. Өткеніне жәдігер, бүгініне әбігер сүттей ұйыған ауылдың өзіне тән құндылығы, қазақы көрінісі бұзылмаған. Жиыла қалса жастарға ақылын айтатын аталар мен көктем келісімен киіз үйін тігіп, самаурынына шоқ салған әжелермен жүздескенде бөлек бір әлемге кіргендей сезімде болады екенсің.
Кәсібі мал шаруашылығы саналатын бұл мекенді өзінің түлегі, ветеринария саласында басшылық қызметтер атқарған Нұрлан Ахметов басқарады. Тағайындалғанына көп бола қоймаса да қызметіне білек сыбанып кіріскен әкім бізді қуана күтіп алды. Ауылда мақалаға арқау болар жұмыс барысы мен жеке тұлғалардың көп екенін айтып, солардың бәрімен тілдесуге мүмкіндік жасауды әкімшіліктің бас маманы Әбдіқадыр Бектібаевқа тапсырды. Ауыл іргесінен ашылған агрозаның жұмыстарымен жүрген ауыл басшысының біз де уақытын алмай, қызметіне абырой, елге береке тіледік.
МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МӘЙЕГІ
Бірінші Құдайберген Балшынов меңгерушілік ететін ауылдық клуб үйіне бас сұқтық. Ескілеу ғимарат болғанымен жұмыс жаңа жүйеде жүріп жатыр. Ән, би үйірме жетекшілері Нұржамал Байжанова, Ләйла Хайролланың жүргізуімен дайындық сабақтары өтуде. Сахнада ауыл әйел-аналарынан құралған «Аналар» ансамблі кезекті шарада шырқар әнін құйқылжыта орындауда. Ал тәжірибелі кітапханашы Гүлнар Қыпшақбаева ардагер ұстаз, «Қызылқұмның жерұйығы» кітабының авторы, ауыл тарихын зерттеуші Сақтапберген Қосбаевтың және рухани орта оқырмандарының қатысуымен кезекті іс-шарасын өткізу үстінде.
Оқушылармен жиі-жиі бас қосып, түрлі байқауларға қатыстыратын маман аудандық кітап оқу бәйгесінен бас жүлде алған Аружан Әбдіқаппарова, облыстық жарысқа қатысып жүлделі оралған Мадияр Қарақбаев, Жұлдыз Қилыбаева, Мерей Сәрсенбаеваларды марапаттау рәсімін жүргізді. Клуб фойесіне ауыл тарихын суреттейтін құнды мәліметтер қойылған. Ә.Хайруллаев, С.Жанбаев, Д.Жайықбаев секілді еңбек ардагерлері, А.Алматов, С.Ідірісов сынды жыршы-термеші, ақын ағаларымыздың суреті мақтаныш тақтасында ілулі тұр. Мұнан соң шалғайда тұрса да оқу сапасын бәсеңдетпеген ауыл мектебіне бет алдық.
БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БІЛІМ ОРДАСЫ
Алыстан мен мұндалап көз тартқан, айналасы жинақы, тап-таза мектеп ауласына ене бергенде құлаққа жағымды, әрі ерекше үн келді. Бұл қазақтың қара домбырасынан төгілген «Аққу» күйі еді. Сыртқа ағылған оқушылардан бұл қоңыраудың орнына қойылған әуен екенін аңғардық. Керемет күйге елітіп ішке кірдік. Мектеп табалдырығын осындай әдемі нотамен басқан соң, арғы жағын көруге асық болдық. Бұл – ауылдағы №185 орта мектеп.
Иә, мектеп атаулының бәрі киелі, бәрі қадірлі. Өйткені ол – білімнің, тәрбиенің ордасы, келешек буынның тәрбие бесігі, ардақты ұстаздардың «екінші отбасы». Осындай құтты орында болашақ ұрпақ білім нәрімен сусындайды. Біз бас сұққан білім ордасынан да талай саңлақ түлеп ұшып, туған ел абыройын асқақтатуда.
Мектеп 2013 жылы қолданысқа берілген. Білім ордасына бүгінде осы ауылдың тумасы, мектеп түлегі, білікті ұстаз Гүлжамал Ахметова басшылық етуде. Туған жерге деген құрметі, елге қызмет етсем деген шынайы ниеті әрбір сөзінен айқын байқалады.
– Әрбір жас туған өлкесіне қолынан келгенше қызмет етіп, перзенттік парыз өтелсе деймін. Өзім де осы мақсатта өскен жеріме оралдым. Жақында ауылға кең жолақты интернет желісі қосылды. Былтыр елде төтенше жағдай жарияланғанда, интернет тапшы болғандықтан төртінші тоқсанды оқу қиындау болды. Ұстаздар кезекшілікпен пошташы секілді тапсырманы оқушының есік алдындағы белгіленген орынға қалдырып отырды. Оқу үдерісінің тоқтамауы үшін ата-анамен тығыз байланыста, бірлесе жұмыс жасадық. Олар тапсырманы алып, орындап, қайта салып қояды. Кешке қарай тапсырмалар жиналып, тексерілді. Ал бірінші сынып ұстазы бетпердесін тағынып, қорғаныш киім киіп оқушының үйіне барды. Себебі әріпті енді танып келе жатқан балаға қашықтан оқу мүмкін болмады. Дәл сол уақытта мен мұны батырлық, әрі мамандыққа деген адалдық дер едім. Интернет тапшылығы бізге сол уақытта қатты білінді. Қазір оқушылар толықтай мектепке келіп білім алуда. Қиын уақыттың артта қалғанына қуаныштымыз, – дейді мектеп директоры Гүлжамал Сабытбайқызы.
Әңгімемізді жалғай отыра мектеппен таныстық. Жалпы мектепте биыл 313 оқушы білім алуда. Оларға 47 мұғалім тәлім-тәрбие беруде. Ұстаздардың басым көпшілігі жоғары білімді. Жаңа форматтағы білімді де қоса меңгерген.
Білім ордасында 12 сынып бөлмесі, 10 пән кабинеті, 2 компьютер сыныбы, 1 спорт зал, 3 зертханалық бөлме, кітапхана, 200 орындық акт залы, 84 орындық асхана бар. Мектептің материалдық-техникалық базасы бойынша жаңара отырып, тарих, биология, өзін-өзі тану және информатика кабинеттері интербелсенді тақтамен жабдықталған. Мектеп басшысының «Жылдан-жылға материалдық базамыз нығайып келеді» дегеніндей-ақ 2019 жылы 35 дербес компьютермен қамтылса, өткен жылы 15 компьютер, 60 ноутбук және 20 планшет келген. Одан бөлек, соңғы үлгідегі модификацияланған химия, физика пән кабинеттері де бар.
Мектеп аралап жүргенде жаңа технологияның жақсылығын көріп, өзге ұстазбен бейнебайланыс арқылы тәжірибе алмасып жатқанының да куәсі болдық.
Одан әрі мектеп жанында орналасқан «Ақерке» шағын орталығының жұмысымен таныстық. Кең әрі жарық бөлмелі орталықта 2 топта 33 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сонымен қатар, мектеп жанындағы интернат үйінде 16 тәрбиеленуші бар. Интернатта шалғай орналасқан Шобанқазған елді мекенінде тұратын балалар, арнайы автокөлікпен 12 бала тасымалданып оқытылады. Интернат ішінде де барлық жағдай жасалған. Сабақ оқуға, тамақтануға арналған орындары талапқа сай.
2019-2020 оқу жылында 11 сыныпты 20 оқушы бітірген. Оның ішінде 18 оқушысы ҰБТ-ға қатысты. ЖОО грантына 9 грант иегері және 2 оқушы ақылы, АОО грантына – 8 оқушы және 1 оқушы әскерге шақырту алды. Бітірген түлектердің барлығы да 100 процент қамтылған.
– «Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ» дегендей, күн тәртібінде тұрған келелі мәселе – сапалы білім беріп, ғылымды дамыту. Ұстаздар қазіргі заманға лайық, рухани шығармашылықта ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңалықтарды өз тәжірибесіне қолданады. Кез келген өркениетті қоғамның қай кезде болсын толғандыратын негізгі мәселесі – балаларды оқыту мен тәрбиелеу екені анық. Мектеп оқушылары мен ұстаздары түрлі байқауда, олимпиада және сайыстарда бақ сынап, жақсы нәтиже де көрсетуде. Бұл да болса еңбектің ақталғаны, – дейді мектеп директоры.
Түйін
Мектептен шыққан соң қолөнер шебері, өнегелі отбасына барып, ауыл ақсақалы Молдабек атамыздан бата алдық. Сағынып жеткен ауылда қойын дәптерді толтырғанша асығып тағы, тағы дей беріппіз. Олар да барын көрсетіп қалуға тырысып бақты. Иә, ауыл жаңалығы бұл мақаламен бітпек емес. Құнды мақалалар желісін алдағы газет нөмірлерінен де оқитын боласыздар.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)