Латын қарпіне көшу – тиімді шешім
Қазақ тілінің грамматикалық жазылуының латын қарпіне көшірілуі – заман талабы. Әрине, бұл сан саланың қажеттігінен туындап отырғанын да айта кету керек. Біріншіден, біздің техникамыз оның ішінде компьютерге көптеген жеңілдіктер береді. Өзінің жатық қалпына түскендей болады. Кириллицамен де жазуға болады. Дей тұра латын қарпінің мүмкіндігі көп.
Екіншіден, бүкіләлемдік өркениеттің көбі латын әріпімен, әсіресе әлемдік сөйлеу тіліне айналып кеткен ағылшын тілінің бәрі осы қаріппен жазылады. Кириллицаны айналып өтіп, тікелей алтын көпір салуға мүмкіндік туады. Ал бұл біздің руханият байлығымызды, еліміздің басқа да игіліктерін көбейтуге экономикалық тұрғыда да тиімді болмақ.
Үшіншіден, қазақ қоғамында айтылатын рухани құлдықтан сілкініп шығудың бірден-бір жолы осы деп ойлаймын. Әлемдік өркениеттің өрісіне шығу үшін осы латын қарпін пайдалану жолымызды ашады деген сенім мол.
Қаріптің түрін талқылау қоғамдық сипат алды. Елбасының латын графикасына көшу жарлығы шыққалы бері үш жарым жыл уақыт өтіпті. Қазіргі таңда біршама БАҚ құралдарында, қоғамда латын қарпіне көшу жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Халық латын графикасымен танысып, етене байланыс жасап та үлгерді. Дегенмен 2025 жылға дейін уақыт өте аздау көрінеді. Себебі жазылған том-том кітаптардың барлығын аудару керек болады, оның ішінде классикалық кітаптар да жетерлік. Міне, осыған әлі де қажырлы, жинақы жолдарын аша түсу керек секілді.
Жаңа қабылданған латын қарпінде ц, э, я, ю сияқты әріптер өкінішке орай бұның ішінде көрінбейді. Шынтуайтына келгенде бұл әріптер сөйлеу тілімізде өзінің үнділігімен, иірімдерімен шет елден келген сөздермен қабаттасып келсе де айтылуымен көп жағдайды жеңілдетіп тұратын еді.
Жалпы тілді жаңғырту, өзгерту, кірме сөздерден тазарту талпынысы баяғы өткен Қызыл революциядан кейін ХХ ғасырдың бас кезінде де болды. Пуризм деген қозғалыста Франциядан, Германиядан, ағылшыннан шет елден келген сөздердің барлығын орыстар мейлінше өз тіліне аударғысы келді. Тілдің аясын тек қазақиға тарылта берудің өзі тілге опа бермей, шектеулер болуы мүмкін. Бұл саясат тілге еркіндік берді де, қазір қарасаңыз шет тілдің сөзін жатсынбай қабылдайды. Сондықтан орыс тілі шет тіл сөздерімен шендесу арқылы байыған секілді.
Қазаққа да осы мәселені дұрыс қарау қажет. Бұл лингвисттердің жұмысы. Бізге оған қауіптенудің керегі жоқ. Оған орыстанып, шетелденіп кетпейміз. Әрине, тіліміз біршама тазарды.
Қорыта айтқанда, латын қарпіне көшу тиімді шешім болмақ. Еліміздің, тәуелсіздігіміздің тұғыры болғалы тұр. Түркі тілдес туыстас елдер тәуелсіздік алғалы латын қарпіне көшті. Ол елдер ұтылып жатқан жоқ. Өзге елдермен иық тірестіре тең дәрежеде. Осының бірден бір тұтқасы осында деп ойлаймын.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
"Алаш" халықаралық әдеби сыйлығының иегері