» » Креативті келіншек

Креативті келіншек

Танымал болып, елге пайдаңды тигізу арқылы табыс табу – қазіргі қоғамның бір көрінісі. Түрлі саланы насихаттап, зерттеп, көпшілікпен бөлісу оңай шаруа емес. Қармақшылық қыз-келіншектерге әлеуметтік желі арқылы асхана әлемінде ерекше тағамдар мен тәттілерді дайындауға кеңес беріп, өз білгенімен бөлісіп жүрген жосалылық жастың бірі – Ақерке Әлімқызы. Жақында инстаграм парақшасында 100 қыз-келіншекті әр түрлі салада дамытатын, тегін білім беретін ауқымды жоба ұйымдас­тырылған еді.
Сол жобаға қатысуға мүмкіндік алғандардың бірі Ақерке – үздік дипломы бар фармацевт. Есепшілік мамандығы тағы бар. Оқу бітіріп келген соң аудан орталығындағы Күлпаш Асарбаеваның №8 дәріханасында жұмыс істеген. Қызметке деген адалдығы, елгезектігі, жауапкершілігі бәрінен биік тұратын қыз бұл саланы да тез меңгеріп әкетті. Ақеркенің жұмысына сүйсінетін тұтынушылар көп еді. Тұрмысқа шыққаннан соң бала күтімімен үйде болды. Біреудің қолына қарағанды құптамайтын жан енді үйде отырып та табыс табудың жолын іздеді. Қайталана беретін, көзге көрінбейтін тірліктен қарайып қалмайын деп кітап оқып, инстаграм желісі арқылы түрлі курстарға, өзін-өзі дамытатын тренигтерге қатысып жүретін. Бірде Қызылорда қаласындағы «Тәтті әлем» кондитерлік цехының меңгерушісінің торт пісіруді үйрететін курс өткізетінінен құлағдар болады. Асхананың ханшайымы торт пісіруді үйренуге бел буып, отбасының қолдауымен аталған курсқа қатысады. Құрал-сайманын түгелдеп, аз уақытта Жосалы бойынша тапсырыс қабылдап, жұмысқа кірісіп кетеді. Жасаған торттарын арнайы парақша ашып, соған жүктеу арқылы өзінің кәсібін кеңейтіп, білімін жетілдіреді. Ақеркенің алтын қолынан шыққан вупи пай, қызыл бархат, сүтті қыз сынды таза өнімдерден дайындалған торттар тіл үйіреді. Мүсінінен мін таппайсыз. Өзі қандай ұқыпты болса, жұмысы да дәл сондай. Тиянақтылық пен ептілікті қажет ететін, бағасы жұмысына сай тәтті торттардың бір күнде 20 данасына дейін жалғыз өзі пісірген күндері бар.
Көпбалалы болуды көксеген жас отбасы Ерсұлтан мен Ақерке қазір 2 атқамінер, 2 кестетігердің ата-анасы. Әке-ана болудың жауапкершілігін жақсы сезінеді. Тұңғыштары мектеп табалдырығын аттаған. Солардың болашағы үшін тынбай еңбек етуіміз керек дейді.
– Менде мақсат болды. Өзіме сендім. Болашағымды осы жақтан көрдім. Сондықтан басын бастап, жарты жолда қалдыратын ойым жоқ. Өзім еңбек еткен дәріхана иесі әлі күнге жұмысқа шақырады. Ата-анамның тәрбиесіне кір келтірмеуге тырысамын. Себебі анам Гүлнәр үнемі қолдап, қанаттандырып қояды. Ал екінші анам Эльмира (енесінің атын атамады) жамандығымды жасырып, жақсылығымды асырып жүреді. Саннан гөрі сапаға жұмыс істеймін. Кейде торттың бағасынан оған пайдаланған заттар асып түсетін кездер бар. Себебі бізде қаладағыдай іздегеніңнің бәрі табыла бермейді. Торттың бетін әрлейтін құлпынай, таңқурай деген жемістерді қаладан алдыруға тура келеді. Тапсырысты орындаймын деп бір заттың орнын соған ұқсайтын креммен ауыстырған емеспін. Бір қуантарлығы жолдасым сұрағанымның бәрін тауып әкеледі. «Қанша ақша таптың, неге аз, қоя сал» деген әңгіме айтқан емес. Оны менің талабыма, жұмысыма деген қолдауы деп сезінемін. Мен жасаған тәтті торттарыма қарап рахаттанамын, тұтынушымның «тортыңның дәмі балдай болды» деген бір ауыз сөзінен қуат аламын, – дейді ағынан жарылып.
Сенім жоқ жерде нәтиже болмайды. Бастысы ол өзіне сенімді. Балалары тым кішкентай болған соң көп тапсырыс алуға үлгермейді. Дегенмен кәсібін кеңейту ойында. Өзіне әркез талап қояды. Өзіне-өзі есеп береді. Талабын табандылықпен орындауға тырысады. Қазір бәсекелестік көп. Бәсеке болған жерде ғана сапа болады.
«Ел жасамаған дүниені ойлап тапқанда ғана сені іздейтіндер көп болады. Еріншек адам ештеңеге жетпейді. Жұрттың пікірінен ұялып, ел не ойлайды, жұрт не пікір айтады деп ойланып тұрудың қажеті жоқ. Кім болса да мінсіз бола алмайтынын түсіну керек. Барлық жақсылық бірден келмейтінін ұғыну керек. Барлығы мінсіз болуы керек деп оңтайлы сәтін күтіп жүргенде, бәрінен кеш қалғанын байқамай қалады көбісі» дейді Ақерке Әмиткеліні.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
03 сәуір 2021 ж. 1 120 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031