» » Көктеммен келген керемет

Көктеммен келген керемет


Ғашықтар сыры
Табиғаттың мамыражай айы, көгілдір көктемде шаңырақ көтерген отбасы – Күзембаевтар жанұясы. Жасыл құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан 4 қыз бен 1 ұлдың ата-анасының жарасымын, құрметін ауыл тұрғындары ауыз толтырып айтады. 18 жылдан бері тату-тәтті ерлі-зайыптының құпиясы неде екен?
– Болашақ жарым Омармен 2000 жылы таныстым. Оған дейін құда бала, құдаша болып жүргенбіз. Жұлдыз атты әпкем осы ІІІ Интернационал ауылының келіні еді. Әпкеме келіп-кетіп жүргенімде бір әулетке келін боламыз деп ойламаппын. Ол кісінің жолдасы мен менің жарым екеуі немере болып келеді. Таныстықтан соң араға үш жыл салып мені айттырып барды. Басында анам қарсылық танытты. "Оқуын енді бітіріп жатыр. Жұмысын істесін. Бізге көмек берсін" деп ыңғай танытпады. Дегенмен артынан келісті. Бұл азамат менің бағым болды. Шәй дескеніміз жоқ. Омар – үйдің үлкені. Қарындастары мен інісі бар. Қайным былтыр үйленіп бөлек шықты. "Қарашаңырақта ағам қалсын, біз сіздерге келіп сәлем беріп тұрамыз" деп өз қалауымен еншісін алды. Үлкенім Ақнұр әжесінің қызы, Құралай мен Ұлпан мектепте оқиды. Ақниетіміз 4, Құрмет баламыз 2 жаста. Екінші анам – енеме айтар алғысым шексіз. Балаларды дүниеге әкелгеніммен ешқайсысын шомылдырып көрмеппін. Апам өте сабырлы кісі. Ақылын аямайды. Анамызды ауыл сыйлайды. Төріне шығарады. Жолдасымның мамандығы сушы. Алажаздай күріш баптайды. 4 мәрте чемпион атанды, – дейді бес баланың анасы, ұлағатты ұстаз Құндызай Қайырбекқызы.
"Солбір жастық шағымызда келешегімізді бірге елестетіп, бір болуды қаладық. Сырласу кештері, арадағы жіпсіз байлаған сыйластық шаңырақ көтеруге, үлкен бақытымызға жол ашты" дейді жұбы жазылмаған ерлі-зайыптылар.
2003 жылдың 13 наурызында заңды некелерін қияған ауыл азаматы Омар мен Құндызай Күзембаевтар "бақытты болудың құпиясы – сыйластықта" дейді жайдары жүзбен.

Асауды үйрету – ата дәстүр
Жігіттің пырағы – жылқы. Мінсе – көлік. Бәйгеге қосса құстай ұшқан қыран. Абыройын көтерген сенімді серік әрі сырлас дос. Қазақ бабамыз киеге қатты сенген халық қой. Оның ішінде жылқы жануарын да киелі деп санаған. Олай етуі жайдан-жай емес. Жігіт ағасы үйде жарына, түзде сәйгүлігіне сенім артқан. Қазақ атамыз есін біле басағаннан баласын атқа отырғызып, тәрбиелеген. Себебі, оның моралдық, рухани жағынан төзімді де батыл болып ер жетуіне ықпалы мол екенін жақсы білген. Көкпар, бәйге, теңге алу, қыз қуу сияқты атпен байланысты ұлттық өнердің көрігін қыздырып жүрген нар жігіттердің іс-әрекетінен анық байқап жүрміз. Жылқының ер мінезділікке баулитынына көзіміз әбден жеткен. Енді осының алғашқы баспалдағы – асауды үйретуден басталатынын айта кетейік. Бас білдіру дегеніміз не?
– Жылқы малын бас білдіру ертеден келе жатқан дәстүр. Ұлттық құндылықты жоғары бағалайтын отбасы болғандықтан атаулы дәстүрді біз де ұстанамыз. Оның тамырына үңілер болсақ, асауды жуасытуды тай кезінен қолға алады. Оған тақымы мықты ер бала таңдалып алынған. Бұл жай ғана нәрсе емес. Мәні мен мағынасы зор еңбек. Бас білдіруде алдымен дұрыс жер таңдалу керек. Тақыр емесе кебір, төбе болмайды. Ондай жағдайда адамға да, жылқыға да зақым келуі мүмкін. Індікеш болса, мал аяғын тығып алып жазым болуы ғажап емес. Бас білдірудің ең бір қолайлы мезгілі – көктем. Тақымы мықтылар тайға ер-тоқым салмай-ақ үйрете береді. Себебі ер-тоқым мен үзеңгіге аяқ салудың өз қаупі бар. Қазақта ұл баланы 5-6 жасынан бастап сүндетке отырғызады ғой. Бәріміз білетіндей, сол кезден тайға мінгізіп, "азамат болдың" деп арқасынан қаққан. Асауға міну балаларды қайсарлыққа, батылдыққа, өжет болуға қалыптастырады. Әдетте сүндеттелген балаға тайды оның нағашы жұрты сыйлаған, – дейді ардагер, ақын ағамыз Ордабек Тотайұлы.

Быламықпен де той өткен
Наурыз мерекесімен қауышқан кез – Тәуелсіздік алған уақыт. Қабағынан қар жауған Кеңестік кезеңнің Ұлттық мейрамға шектеу қойғаны көпке белгілі. Әйтсе де, кейбір қазақы ауылдарда шағын көлемде Наурыздың тойланғанын көнекөз қариялардан естіп жүрміз. Сондай қарттың бірі, батагөй ана, 41 немере мен 37 шөберенің ардақтысы, мәдениет саласының ардагері, "Алтын алқа" иегері Рыстай Әуезханова балалық шағын былайша тарқатады.
– Мектепте оқып жүрген кезіміз, 1950-жылдары. Иіркөл ауылы ол кезде "Молотов" деп аталды. Соның "Жаңатұрмыс" деген бөлімшесінің сиыр фермасында 20 үй тұрдық. Анам сауыншы боды. Халықтың зұлмат соғыстан кейінгі есін жимаған шағы болатын. Сонда да болса ескілікті ұстанатын ауыл тұрғындары Наурыз мерекесін тойлайтын. Әрине қазіргідей аста-төк емес. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Елдің еңсесі әлі көтерілмеген. Соғыстың зардабы ұзаққа созылды емес пе?! Бірақ қазақ халқының ұлттық мейрамын ел шама-шарқынша атап өткенін батырлыққа балар едім. Мереке күні от жағып, бір үйден дәу қара қазан асылады. Соған әркім үйінен барын әкеліп, атсалысатын. Келіге түйілген тарысы, сүті, бидайы бар ма, кімнің үйінен қандай дәм шығады, қазанға түсе береді. Быламық болса да, жақсы көңіл күймен жалап-жұқтап жеп аламыз. Кешкісін үстімізге әдемі көйлек пен қамзолымызды киіп, отты айналып ойнайтынбыз. Моншағымызды тағынып, шашымызды сәндеп түрлі-түсті лентамен әрлейтінбіз. Ауылдың үлкендері қазан асылған үйге жиналып, өздерінше атайтын. Бізге де бұйырған астан құйып береді. Бала-шаға мәзбіз. Келесі жылғы Наурызды асыға күтетінбіз. Қазір шүкір Аллаға, баршылық заман. Жас келіндер көжені сан түрлі әдіспен дәмді етіп дайындайды. Біздің шаңырақта да айтулы мереке міндетті түрде аталып өтіледі, – дейді 83 жастағы қария Рыстай Әуезханова.
Бір айта кетерлігі, 17 наурызда әжеміздің тағы бір Ақтілек атты немересі дүние есігін ашты.
Жілік шағып берейін...
Ескіліктен келе жатқан осынау сөзде қандай жұмбақ сыр жатыр? Жіліктің майына қазақ атамыз неге құмартқан? Не себепті жіліктің майын баласына әкесі, не болмаса немересіне атасы шағып беріп, аузына тосқан. Мұнда қандай да бір сыр бар ма? Білгіміз келген дүниенінің жауабын аға буын өкілдерінен іздейтініміз бар емес пе?
"Сабақты ине сәтімен" дегендей, ардагер ағамыз Шегебай Құндақбаев қазақ дәстүріндегі жілік майының біраз сырын ашып бергендей.
– Табиғатпен мұңдас, кең даласымен сырлас болған қазақ айдың туысы мен аспан денелерінің қозғалысын аңдай отырып, ауа райын болжаған, түнгі уақытта, тұманды күндерде діттеген жерін адаспай табуға машықтанған бабаларымыз өзінің негізгі тағамын алдындағы төрт түлік малынан айырып отырған. Малдың он екі жілігінің қайсысы қазанға түседі, піскен еттің қай бөлігі қай табаққа салынады, ол келген қонақтардың жасына, дәрежесіне қарай, осы үйге туыстық жақындығына қарай орналастырылады. Дәстүрімізде ол «табақ жасау» деп аталады. Кәделі табақты ер азаматтар тартады. Бас, қасында жамбас дастарқандағы үлкен кісі немесе құдаға тартылады. Одан кейін жолына қарай кәрі жілік, тоқпан жілік, үшіншіге жауырын кетсе, асықты жілік жастар жағына қарай ығысады. Барлық табаққа бел омыртқа, сүбемен қатар салынып, сол үйдің қыздары мен күйеу балаларына құйымшақ, төс сыбаға табақ ретінде келеді. Желінген асты асқазанға жайластыру үшін ет соңынан сорпа беріледі, – дейді ағамыз.
Ас ішіліп, желініп болған соң сүйек-саяқтар қалады. Қазекем оның да қадірін білген халық. Бесікке шүмек жасаған, босағаға ілген. Бәрінен қызығы, тамақтың соңынан қонақ тарқағаннан кейінгі «жілік шағу» деп аталатын рәсім тек отбасы мүшелерінің қатысуымен жүзеге асатыны. "Мұндайда әкеміз қалың кенепті жайып жіберіп, өткір балтасын қолына алар еді де, еті әбден сыпырылып, жілік майы алынған ортан жілік, тоқпан жіліктердің домалақ басын қидалап шаба бастайтын. Жарықшақ-жарықшақ болып бөлінген майда сүйектерді таласа-тармаса алып, қолымызға іліккенін соруға кірісеміз. Шұрайлы дәмі бар жілік майын езуден ағыза отырып сорғыштау бала кезімізде біз үшін қызық, әрі тамақ басар дәм. Бәрін болып, майынан айырған сүйек қалдықтарын кенепке жинап салып жатып әкем: "Малдың жілігін бітеу күйінде далаға тастамаңдар, малдан Қызыр қашады" дегенді балаларына сүйек шағып берген сайын қайталаудан жалықпайтын. Үй іші болып отырғанда бақалшаққа дейін бітеу тастатпай майын шағу, қабырға мен омыртқаның басындағы азғантай майды «тістерің бар ғой, сорып тастаңдар» деп дастарқанды жинатуға асықпайтын әкеміз «мал сүйегі сырқырайды» деп, қалған сүйекті отқа тастатпайтын. Осының бәрінде ысырапшылыққа жол бермеу мәселесі тұрса керек" дейді жастарға ақылын айтқан ардагер.

Қалай десек те, көктем керемет мезгіл. Онымен келетін кереметтің санында шек бар ма?! Біз соның саусақпен санарлық қана игілігін айттық. Ал айтылмағаны әлі қаншама...

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК


20 наурыз 2021 ж. 440 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930