» БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ – БІРЛІК ПЕН БІРТҰТАСТЫҚТА

БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ – БІРЛІК ПЕН БІРТҰТАСТЫҚТА

Қыркүйек айында «Отбасы күні» деп аталатын мереке бар. Әркім бұл күнді әрқалай қарсы алады. Кейбірі ерекше ықылас білдіріп, айрықша атап өтуге тырысса, біреулер ондай мерекенің барын білсе де елемейді. Хош. Тойлансын, тойланбасын. Бастысы шаңырақ шаттығы мен берекесі тарқамаса болды да. Осы тұста ауызбірлігін айтсаң ауыз толатын, сүйіспеншілігіне жұрт сүйсінетін Есетовтер отбасы жайлы сөз етпекпін.
Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхаммеджан ақсақалдың есімі ауданға белгілі. Жосалы ауылдық округінде еңбек еткен қария соғыстан ауыр жарақатпен оралып, 1987 жылы өмірден өткен. Зайыбы Қарлыға Есетова 9 бала дүниеге әкелген Батыр ана. Зейнетке шыққанша ауыл аралап хат пен газет-жорнал тасыған еңбексүйгіш жан.
Қазақ қашанда жақсы жарымен, жақсы атымен, жақсы баласымен мақтанған. Бұл отбасына қай жағынан қарап, қандай ісін айтсақ да жарасымды. Талай сындардан сүрінбей өтіп, өнегелі өмірімен өзгеге үлгі болған әкенің қарашаңырағын ұлдың кенжесі Мұрат еншілепті. Мұрат Мұхаммеджанұлының алған жары Света Жалғасбаева текті әулеттің қызы. №199 орта мектептің директоры.
Екеуі ауыл мектебінде бір класта оқып, бір партада отырған. Достық көңілдері кейін махаббатқа ұласып, 20-дан асқанда шаңырақ көтереді. Құттайынан білетін қаршадай қызды келін ғып әкелгенде бір әулет емес, бүкіл ауыл қуанып, қазан-қазан тамақ асып, той жасаған. Мұрат ағамыз әскерден келген, Света апайдың әлі студент шағы болса керек. Екеуі қол ұстасып, оқу бітіргенше қалада жүреді. Жас келін диплом алғасын ауыл мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Зыр жүгіріп келіндік қызметін көрсету міндеті болғанмен өмірге сәби әкеліп, ана атану әрбір әйел заты үшін заңдылық іспетті. Бірақ жас отбасының тілегені мен сұрағаны бірден бола қойған жоқ. «Баламыз болмады» деп басын тау мен тасқа соқпай, сабыр етті. Сыналды. Алладан үмітін үзбеді. Шаңырақтың шайқалмауына әрине Қарлыға ана мен туған-туыстың қолдауы да себеп болғаны аян. Араға 5 жыл салып өмірге шекесі торсықтай ұл әкелгенде тағы ел боп қуанып «Құдайберген» деп азан шақырып ат қойды. Баланы расымен Құдай берген екен. Ол еркелеп, дегенім болсын дейтіндер қатарынан емес. Атасы, әкесі сынды бір сөзді, ісіне мығым, бойынан жігітке тән болмыс көрінетін азамат. 9 ағайындыдан тараған ұл-қыздың арасында өскен Құдайберген өзін жалғыз сезінген жоқ. Десе де көп балалы отбасына қызығатын. Мүмкін ерте отау тігуіне балаға деген сүйіспеншілік пен ынтызарлығы түрткі болған шығар. 19 жасында келін түсіріп, әжесі мен ата-анасының батасын алды. Қазір Қарлыға апа бір емес екі келін тәрбиелеп отыр. «Келіні жақсы үйдің, керегесі алтын» дейді. Ауылда өскен Балдай қыздың тәртібі мен тәрбиесі ерекше. Әже ақылын тыңдап өскен бойжеткен, 2 қызғалдақ өмірге әкеліп, шаңырақты шаттыққа кенелткен жас ана. Ақкөңіл, қолы ашық. Көпті көрген отбасынан шыққанын бірден аңғартады. Үйден қонақ арылмайды. Мұрат ағамыздың жан-жақтағы бауырлары міндетті түрде 9 мамыр – Жеңіс күнінде жиналып, әкесін еске алады. Жиі бас қосып, аналарын қуантудан шаршамайды. Сексеннен асқан әжеміздің аузынан «айналайыны» кетпей, шөбересінің қылығына тәнті болып отырған жайы бар.
– Біздің жақсылығымызды асырып, жаман қылығымызды жасыратын анамыз. Енемнің келін тәрбиелеудегі ерекшелігіне қайран қалып, басымды иемін. Көп ағайындымыз. 27 немересі, 27 шөбересі бар. Ол кісінің бір баласы не келіні, жалпы өзге адам жайлы жаман пікір айтқанын естігенім жоқ. Соны көріп отырған біз де әңгіме сөзден аулақпыз. Жақсы сөз бен пікір айтуға ғана дағдыландық. Мүмкін ісіміздің оңға басатыны ешкімнің мінін айтып, жіпке тізбегенімізден болар. Бақытты отбасының құпиясы – бірлік пен біртұтастықта ма деймін. Кішкентай қуанышты бөлісіп, қиналса жәрдемдесіп, жиі жолығысып тұру бауырмалдық қасиетті арттырмаса кемітпейді. Оны дәріптеп отыратын әрбір үйдегі осындай қазыналы қарттарымыз аман боп, ұзақ жасаса екен, – деп тілейді Қарлыға ананың сүйікті келіні Света.
Әр отбасының берік ұстанымы болады. Байқағанымыз бұл шаңырақтағылар «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпесін» алуға емес, ақырын жүріп, анық басуға үйренген. Отбасы адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет. Ендеше, мемлекеттің бастауы болған берекелі жанұяға жақсылық тілейміз.  Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Бірлігі жарасқан, тұтастығы тарқамаған осындай өнегелі шаңырақты жиі насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта бермек.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
---
27 қыркүйек 2019 ж. 1 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 030

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031