Комиссия отырысы өтті
Қармақшы ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа комиссия мүшелері, бөлім басшылары қатысты, ал кент және ауылдық округ әкімдері онлайн режимде қосылды.
Комиссия отырысын аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ж. Омаровтың төрағалығымен өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер мал ұрлығы қылмыстарының төңірегінде кеңінен талқыланды.
Мәжіліс барысында аудан прокуроры М.Маханбетжанов сөз сөйлеп, аудан көлемінде орын алған қылмыстарға, олардың орын алу себептеріне және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.
Жиналыста аудандық полиция бөлімі бастығының және ауыл әкімдерінің мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу бағытында атқарып жатқан шаралары туралы баяндамалары тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.
Мал ұрлығының алдын алу бағытында сақтық шараларынан бөлек жергілікті әкімдерге негізгі автокөлік жолдарына, ауылдардың кіреберісіне бейнекамералар орнату, ауыл малдарын падамен толық қамту, жайылымдық жерлерді кеңейту мәселесі тапсырылды.
Сонымен қатар, соңғы уақытта белең алған алаяқтық қылмыстары оның ішінде интернет желісі немесе әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтықтан сақтандыру бағытында тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылданды.
Жиналыс қорытындысымен комиссия отырысының төрағасы барлық айтылған ұсыныс пікірлерді ескере отырып, құқық қорғау органдары мен тиісті мемлекеттік орган басшыларына және барлық кенттер мен ауылдық округтері әкімдеріне құқық бұзушылық профилактикасы бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды.