» » Мал ұрлығы қайтсе азаяды?

Мал ұрлығы қайтсе азаяды?

Бала күнім ауылда өтті. Ауыл болған соң мал-жайдың бары белгілі ғой. Үйдің кенжесі болған соң ба, әйтеуір оны өріске шығарып салып, күтіп алу маған артылған жұмыс. Бірде шалғайда қара-ала сиырымды ұзақ күттім. Басқасы келіп жатыр. Тек әлкі сүтті сиыр көрінбейді. Өзінің шөбін күйсеп, көше аралайтыны бар еді. Сүйреп әкелмесең қораға қонбайды. Солай бір жағына сытылып кеткен болар дестік.
Көше-көшені аралап жүргенде уақыт дегенің зулап кетіпті. Кеш болған соң салым суға кетіп, үйге жалғыз оралдым. «Ойбуй-лаған» әжем алдымнан бетін шымши күтіп алды. Түн болсын, күн болсын, дымға қарамаған кіттәй кемпір шалмасын басына, беліне он орады да сыртқа шығып кетті. Ауылдың соңғы көшесінде тұратын балгерге барса керек. Мәз болып есіктен енді. «Сиыр тірі, іздеу керек» деді ол. Ертеңіне учаскелік полицейге жүгіндік. Шүберекке түйген үміттің быт-шыты шықты. Хабар-ошарсыз кеткен ала сиыр ұрланыпты. Ұрылар табылғанымен мал дегенің әлдеқашан сойылып, сатылып кеткен екен. Осы бір оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Себебі әжемнің қаншама жыл осы малды бағып, тер төккені бір-ақ сәтте зая кетті. Мұны неге айтып отыр дерсіз? Қазір мал ұрлығының өзекті болып тұрған шағы. Әрине, «жауыр» болған тақырып екені белгілі ғой. Бірақ әлі күнге дейін неге тыйылмай жүр деген сауал санада сайрап тұр.
Жалпы облыста төрт түліктің өрісте еркін жайылуы үшін пада қызметі көбейтілген. Нәтижесінде мал ұрлау дерегі 30 процент азайыпты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте ОПД бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов мәлімдеген болатын. Аймақта өткен жылы 282 мал ұрлау дерегі тіркелсе, 20 қылмыстық топ құрықталып, 107 адамға заң аясында шара көрілген. Ал жыл басынан бері 26 мал ұрланған екен. Мамандардың айтуынша, мал ұрлығы көбіне мал иесінің салғырттығынан орын алады. Иесіз жүрген малды сойып алып кететін жағдайлар көп. Ұрлық тіркеліп, кейін далалық жерден табылған дерек те кездескен екен. Яки мұның барлығы паданың ұйымдастырылмауы. Малды қараусыз жайылымға жіберудің салдары. Ал ауданда осы өзекті мәселе күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, жақында Жосалы кентінің тұрғындары арасында мал ұрлығына қатысты мәселелер талқыланып, аудан әкімінің қатысуымен жиын өткен болатын. Әрине, ауылдарда пада ұйымдастыру осы күнге дейін айтылып келеді. Бірақ Ақжар мен ІІІ Интернационал ауылында ғана пада ұйымдастырылған. Осы күнге дейін мұнда мал ұрлығы дерегі кезікпеген. Тек биыл ғана тіркеліпті. Қош. Қойын дәптерімізді қолымызға қысып, аудандық полиция бөліміне келдік. Мәселенің мәнісін білмекке келген бойымыз сол еді, сан сауалды жолдадық. Аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Бағдат Ақтаев жақында орын алған мал ұрлығына қатысты күділіктілер тергеліп жатқанын, ісі сотқа жеткізілгенін айтты.
- Аудан көлемінде мал ұрлығын алдын алуда бөлімде жыл басынан іс-жоспар жасалып, ҚР ІІМ-нің бөтен мүлікті қорғау жөнінде 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мақсатында мал ұрлығын болдырмауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жеке малды бақташыға бақтырып, пада ұйымдастыруға, оларды таңбалау, ен салу, паспорттау қажет екенін түсіндіру үшін барлық УПИ-на нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстардың орындалуы күнделікті бақылауда, - дейді ол.
Оның айтуынша, ашылмай тұрған әрбір мал ұрлығы дерегі толыққанды талданған. Нәтижесінде қылмыстың басым бөлігі түннің екінші жартысында орын алады екен. Осы орайда бөлімнің аппарат қызметкерлері түнгі мезгілде кезекшілікке шығарылып, арнайы рейдтер ұйымдастырылуда. Мал таситын автокөліктер мен мал саудасымен айналысатын азаматтарды тексеру барысында малдарды құжатсыз тасығаны үшін 3 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 406 бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, шара көрілген. Сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айының басында орын алған мал ұрлығына қатысты кент тұрғыны ұсталып, бүгінде азамат уақытша ұстау абақтысына қамалған. Оның басқа да мал ұрлығына бар-жоғы тексерілуде.
Айта кеткен жөн, есепті мерзімде тіркелген 22 мал ұрлығы қылмысын талдау барысында 6 дерек қорадан ұрланғаны анықталса, оның 2-еуі ашылып, 16 дерек жайылымнан жоғалғаны расталды. Ал жедел іздестіру жұмысының нәтижесінде оның 6-ауы өрістен жоғалған. Қалған 12 мал өрістен табылып, иелеріне қайтарылыпты.
Бүгінде мал ұрлығы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына кері әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ІІМ-де заң жобасы жасалды. Аталған заңға сәйкес мал ұрлығына қатысты қылмысқа қатаң жаза қарастырылған. Тіпті ондай қадамға барған адамға бұдан былай 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі әбден мүмкін.
Сонымен қатар, ҚР ІІМ-нің нұсқауымен белгіленген айлар аралығында аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен мал ұрлығына байланысты «Мал ұрысы» атты іс-шара өтіп тұрады.
Түйін
Бұл ұрлықпен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Тұрғындар өз малының қауіпсіздігіне бей-жай қарамауы керек. Ал мал ұрлығын алдын алудың бір тетігі – пада ұйымдастыру. Әрі малды сырғалау, таңбалау, тіркеу сынды мәселені қолға алған жөн болар.
Айнұр ӘЛИ
23 ақпан 2021 ж. 812 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031