» » «Елден алтын емес, алғыс алдым»

«Елден алтын емес, алғыс алдым»

Текті топырақта туған танымал тұлғалар туралы тұрақты түрде тарқатып айтатын «Тұғыр» айдарының бүгінгі кейіпкері сол Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, Денсаулық сақтау саласының үздігі Владимир Шерғазин.
1950 жылдары Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында «итсигек» деген өсімдікті жинап, оны кәдеге жарататын жерге жеткізу үшін бір қауым адам келіп, жұмыс істепті. Әлгі өсімдіктіктің көптігі соншалық қырман қып үйіп, кептіріп, «Анаваз» деген ұйымға өткізетін көрінеді. Әлгі жұмыстарға Ресейден арнайы дәрігер, медбикелері бар автоколонна келеді. Қонағын құдайындай сыйлайтын халық емеспіз бе? Елге келгендерді үйге шақырып, дастарқан жаямыз. Сондай бір тұста Шерғазы атамыздың шаңырағында сүйіншілейтіндей жаңалық орын алған. Көптен күткен қуаныштары – торсықтай ұл, атқамінер азамат дүниеге келіпті. Орыс қыздардың жаңа туған сәбиге ықыласы ауып, Владимир деп есім қойсақ деп сұраныпты. Тілектерін орынсыз қалдырмай осылайша баланың есімін дәрігер қыздардың қалауымен Владимир атаған. Кейін бұл отбасы Ленин атындағы ұшжарға қоныс аударған. Шерғазы әкеміз ауылдағы медициналық пунктте шаруашылық меңгерушісі болса, зайыбы ұзақ жыл дезинфектор болып жұмыс істепті. Ата-анасы кейде басы ауырып, үйге қатты шаршап келетін. Сондайда балаң көңілі кәдімгідей алаңдайтын. Өскенде дәрігер болып, жақындарыма көмектессем ғой шіркін дейтін. Владимирдің мектептен соң медицина саласына батыл бет бұруы дәл осындай ізгі ниет-тілектен туындаса керек. Ата-анасы денсаулық сақтау саласына жақын жүрген соң үйге келетін қонақтың дені дәрігерлер болатын. Үйдің үлкені, жауапкершілікті сезініп өскен Владимир жастайынан-ақ алғыр әрі сауатты болып өскен. Асықпай жүріп арбамен қоян аулайтындардың санатынан. №29 орта мектепте білім алып, бітіргеннен кейін әскер қатарында азаматтық борышын өтейді. Әскерден келген бозбала дәрігер болам деген арманмен Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия бөліміне оқуға түседі.
– Жаспыз. Алып ұшып тұрған шақ. Оқу бітірген соң қалада жұмыс істегің келеді. Дипломымды алып, ауылға бармай, облыс орталығында жүргенмін. Бір күні әкем келді. Өзімен ертіп бір үйге алып кірді. Әлгі үйден сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Светлана Мақашова шыққанда таңқалғанымнан көзім шарасынан шығып кете жаздады. Төрге шығарып, әкем екеумізбен әңгімелесті. Ол кезде облыстың бас дәрігерінің қолынан шай ішу мен секілді жастың екінің біріне бұйыра бермейтін бақ шығар. «Әй, бала, қара шалдың айтқанын істеп, ауылға барғаның жөн шығар. Ғұмыр берсе қалада да қызмет етесің. Бірақ алғашқы еңбек жолыңды елден баста» деді. Осы бірауыз сөз менің антына адал дәрігер болып қалыптасуыма, тәжірибені ауылдан жинауыма сеп болды, – дейді жастық шағын есіне алған дәрігерлердің ұстазы.
Иә, ол 1980 жылы алғашқы еңбек жолын Тұрмағамбет ауы­лында бастаған. 1982 жылы аудандық ауруханада дәрігер иммунолог, кейін аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, реанимация бөлімшесінің дәрігері, бас дәрігердің ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары, Міндетті медициналық сақтандыру қорының аудандық филиалының директоры, 2000-2003 жылдары аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бас маманы, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарды. 2003 жылдан зейнетке шыққанынша реанимация бөлімшесінің реаниматолог дәрігері болып қызмет етті. 2006 жылдан бүгінге дейін аудандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы комитетінің төрағасы. Зайыбы, аудандық перзентхана бөлімінде акушер болып зейнетке шыққан Мағираш Жұбанова екеуі 3 бала өсіріп тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр. Қыздары Венера мен Меруерт білікті мұғалімдер болса, ұлы Сабырхан мен келіні – дәрігер.
Қашан көрсең де қарапайым қалпынан танбаған азаматты қармақшылықтар құрметтейді. Талай ажалдан аман қалған азаматтар оның дәрігерлік міндетін адал атқарғанын аузынан тастамай айтып жүреді.
Жасы 70-ке жетсе де саланың қоғамдық жұмысынан қол үзбей жүргені оның өзі қызмет еткен ортаға, ұжымға әлі де керек екенін аңғартатындай.
– 50 жылдық жұмысымда халықтан алтын емес, алғыс алған адаммын. Бұдан артық құрметтің керегі аз. Бұл өз ісіме деген адалдығымнан шығар. "Ағай" деп арқа сүйеп әлі күнге іздеп келетіндер бар. Барлық науқас маған бірдей. Бәріне көмектескің кеп тұрады. Ең ауыр жұмыс – жан сақтау бөлімінде. Марқұм М.Мырзақұлов, С.Рысмахановтармен қоян-қолтық қызмет еттік. Тынымсыз, аянбай, белсене, белшеше жұмыс істеуші едік. Отырып, тізе бүгу жоқ. Науқастың бәрінің халі ауыр. Бұл салаға үлкен жүрек иесі қажет. «Дәрігерлер қарамады» деп назданып жатады кейде. Ал олардың ішкі жұмысын, аурумен қалай арпалысатынын бірі білсе, бірі білмейді. Білдіре де бермейді. Барымызды саламыз. Аман алып қалуға әрекет етеміз. Ең ауыры – науқастың өмірі қиылғанын туыстарына естірту. Сол бір қазалы хабарды жеткізбеу үшін жан салдық. Таңға дейін ота жасау, көз ілмей күн-түн өткізген сәттер ойға оралса құдды кино тәрізді. Осы еңбегімізге сай марапат та алдық. «Құрметті азамат» деген атақ берді. Бұл халықтың бағасы деп қабылдадым. Себебі маған атақ емес, алғыс та жетеді, – дейді ол ағынан жарылып.
Иә, Владимир Шерғазин қай уақытта, қандай жағдайда болмасын алдына келген сырқаттардың жанын аман сақтап, өлім мен өмірдің арасына араша түсті. Қу жанын шүберекке түйіп келген адамдардың басындағы қара бұлтты сейілтіп, олардың кеудесіне үміт отын жақты. Өзінің еңбек еткен жылдарында Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қызылорда облысына 70 жыл мерекелік медальдармен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздік төсбелгісін иеленді. Қазақстан Рес­публикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды.
Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
06 ақпан 2021 ж. 830 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031