» » Ағайын тату болса...

Ағайын тату болса...

Сіз соңғы рет ағайын-туыс жақындарыңыздың үйін қашан араладыңыз? Ойланып қалдыңыз ба? Бәлкім ойша жақын тумаларыңызды түгендеп бір шолып шыққан да шығарсыз. Бұл сауалдың салмағы қазір ауыр тартып тұр, білем... Бұлай дейтінім қазір алыс-жақын туыспен араласудан қалып барамыз. Көре қалсақ «сізді бір жерден көрген сияқтымын» немесе «есіміңізді ұмытып тұрмын» дейтін халге жеттік. Бұрын жақынды бауыр тұтқан, туыстық тамырының бүлкілі де, күңкүлі де ортақ, қойы қоралас, өзені жағалас ел-жұрт едік, қазір қандаймыз өзі? деген бізді сұрақ жиі мазалап жүр.

Баяғыда дейміз ғой, өткен шақты. Бұрынғы үлкен кісілер алыстағы ағайын-туыс жұртына арқаланып, өзімен бірге бала-шағасын ертіп, жылына бір-екі мәрте арнайылап барып қайтатын. Балаларымыз ертең өскенде бір-бірлерін танымай қалмасын, осы бастан араласып-құралассын дейтін еді ғой шіркін. Тіпті әжеміздің етегіне жабысып, барған жеріне қалмай ілесіп, сөйтіп ағайын-туысты танып өстік қой. Қазір қалай? Мынау тұрған ағайынына қыдырып келуге бауырлардың қолы тимей, қоңыр тірліктің жетегіне кетіп, арада қанша күн өткенін де байқамай жүр емес пе? «Биыл қол тимей қалды, келер жылы арнайы барып қайтамын» деп таусылмас тірлікке жегілуде.
Ауыл арасында туысқанға баруға қол тимейді дегеннен шығады. Әнеугүні жақын ағам жұмысына шақырып алмасы бар ма? Іні көңілі жайдары деген тез-ақ жетіп бара қойдым. Содан жағдай сұрасып, бір марқайып қалдық. Көп созбай әлгі ағам шаруасын айтып бастады. «Жақын арада немеремнің тұсауын кестіріп, той жасамақ ниетім бар. Өзіңе мына шақыру қағазын туысқандарға таратуды тапсырсам деймін» деп он бес шақты қағазды қолыма ұстатты. Шақыру қағаздың бетіндегі тойға келуші есімдерді қарап «аға мына кісілердің біразын танымайды екем» дедім ішіме бүкпей. «Бір шаруамды ыңғайладым ба?» деген ағаның көңілін құрттым-ау кеп. «Танымаған несі, шынымен айтып тұрсың ба? Әкелші қағазды. Тәк, Ерназар ағаңды танымайсың ба? Анау, темір жол өткелінің сол жақ бұрышында тұратын. Қалдыбек ағаңды ше?» деді ол. «Жоқ танымайды екем» дедім ойланып. Ақ парақ қағазды алып бетіне қаламмен жол сыза бастады. «Мә, мына мекен-жаймен туысқандардың үйін өзің жобалап тауып бар. Сол жерден сосын ағаларыңмен танысасың» деп тапсырмасын нықтады. Ұятай... Мынадан кейін қатты ұялдым. Құдды туысқандармен араласпайтындай көріндім.
Ара-тұра үлкен кісілерді танығанымызбен басқаларын танымайтынымыз рас қой. Шыны керек қазір бұрынғының қариясындай ағайын-туысты араластырып, «мынау сенің жақының» деп таныстырып, жол көрсететін кісілердің қатары сиреді. Бармыз-ау, бірақ сәл басқалаумыз, басқамыз. Әйтпесе жақыныңмен араласып-құралас болудан қашатындай не көрініпті? Осыдан кейін кімге өкпелейміз?
Қазір қолымыздағы қалта телефонға әбден сенім арттық қой. Жылына бір рет ағайындардың үйін араламасақ та, әлеуметтік желі арқылы туысқандардың группасын түгендеп жағдайын сұраймыз. Сәлемдесіп, төбе көрсетсе «Ә-ә, аман екен» деп қоя саламыз. Тіпті кейбірін танымай «мынау кімнің баласы?» дейміз. Біз өзі ағайын болып араласудан алыстап қалған жоқпыз ба? Қазақ «Ағайын бір өліде, бірі тіріде керек», «Ағайынның қадірін жалалы болсаң білерсің, ата-анаңның қадірін балалы болсаң білерсің» деп бекер айтпаған. Осыдан кейін ойланайық...
Ерсін СӘДУҰЛЫ
26 қаңтар 2021 ж. 974 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031