» » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: кім қалай түсініп жүр?

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: кім қалай түсініп жүр?

Біз қазақ деген елміз... Айбыны асқақ, рухы биік, дұшпанға беріспес қайсар, досына ұлпадай мамық, Құдайы қонақ келсе, астындағы жалғыз атын сойып берер жомартпыз. Оған қоса, иінағаш тәрізді иіліп, кез келгеннің ығына жығыла қалатын, өзгелер қайда барса, бағыттан тайқып, бұрыла қалатын да ермелігіміз бар. Ерме дейміз-ау, кейде «сөйлеген деген осы екен» деп, тілде тиек жоқ екенін ұмытып кететініміз жасырын емес. Апыр-ай, сол аңғалдығымыз маңызы ғаламдық дүниелерге тең келер құндылықтарымыздан айырып жатқанына да мән бермейтін тәріздіміз. Әттеген-айымыз осы.
Рухани жаңғырамыз дедік. Жаңғыруын жаңғырып жатырмыз-ау, бірақ Елбасы айтқан рухани жаңғырудың тереңіне біз әлі бойлаған жоқпыз, оның тереңінде не жатқанын ойлаған жоқпыз. Әлемжеліде қызу талқыға түсіп кеткен бұл тақырыптың аясында біреулер «рухани қаңғыру» деп қағытса, енді бірі «бухани жаңғыру» деп бұрмалады. Сонда кім кімді мазақ етті? Сайып келгенде өзімізді өзіміз түйреудеміз.
Жаңғыру деген не өзі?! Қазақта сүйек жаңғырту деген бар. Ол да тегін емес. Алыстап кеткен ағайындықты жақындатып, қыз алысар тұсқа келгенде қылықтысын босағамыздан аттатып, бұрынғы туыстық қарым-қатынасымызды жаңғыртамыз. Әңгіменің әлқиссасы осы. Қыранның қанатымен теңесер биік рухымызды жаңғыртар дүниені түсінудің төтесі осы болып тұр. Біз қазақ бұрын қандай едік, бүгін қандаймыз?! Рухани жаңғыруды елге тәптіштеп айтпай жатып-ақ, осыны меңзейік. Турасын айтқанда кешегі жоғалтып алған болмысымызды қайта қалпына келтіру. Өзгелерден өзгеше, ерек болып тұратын бет-бейнемізді түзеу. Жайлауға кеткен жағамызды орнына қойып, етек-жеңімізді жию. Міне, сіз айтып жүрген рухани жаңғыруыңыздың түп-төркіні осында жатыр. Қазақты түп-тұқиянынан бастап білемін дегендердің өзі кейде ұлттық болмыс турасында тақырыптың тиегін ағытып, құрышыңды қандыра қоймайды.
Диоген күндіз көшеде шам ұстап жүріп, «Не істеп жүрсің?» дегендерге «Адам іздеп жүрмін» деп еді есіңізде болса. Қазір біз қолымызға шам ұстап «қазақ іздеп жүрмін» дейтін деңгейге жетіп қалдық. Өйткені, санамыз сансырап кетті, бір кездері тарыдай шашыраған қазақ бүгін өзін іздеп жүр. Неліктен деген сұрақ туа ма?! Туындаса айтайық, қазақылығымызды жоғалтып, өзімізді өзіміз танымай қалдық. Бар айтатынымыз, жетпіс жыл бодан болдық. Бізбен бірдей бодандықта болған Өз ағамыз деп арқасынан қағар өзбектердің өзі өз ұлтын іздеп жатқан жоқ. Ал, біз іздеу үстіндеміз. Өйткені, салт-дәстүр, әдет-ғұрып дегеніңізді қолданыстан шығарып, тұтастай жан-тәнімізбен орыстандық. Айтып айтпай не керек, Айт мерекесі күндері әр үйден бауырсақтың иісі шығып, төс қағыстырып, өлілерге құран бағыштайтын қазақ әр үйге кіріп, дастарқанынан ащысу іздейтінді шығарды. Бейіттің басына барып, «бақұл бол» деп тартып жіберуге жетпегенімізге шүкір.
Үстіңізге кигеніңіз итальяндық фирманың киімі, одан бері түріктің киімі, арзанқол болса да қытайлықтар дайын өнімін ұсынуда. Разы болып, батаңды беріп, киіп аласың. Ұят та болса айтайық, іш киіміңіздің өзі импортталып келеді. Қолымыздағы әрбір техника бәйгеден аты озып тұрған мемлекеттердікі. Оны да несиеден несібе айырамын деп, рәсімдедіңіз де қолға түсірдіңіз. Қазір осы сиқыңызбен шетелге барсаңыз, сіз өзіңіз айтпасаңыз, біреу сізге «қазақ екенсіз» деп келмейді. Өйткені, жан дүниеңіздегі ұлттық құндылықтың өзі рухани қызыл кітапқа еніп кеткен. Бір ғана өзгермейтін әдетіміз – ысырапшылдық. Қолыңызға сәл қаражат түссе зәулім сарай мен қымбат көлік сатып алып, кейіннен салығын төлей алмай жалға берер жан таппай жүргеніміз. Қолға түскен пайданы шашып жіберіп, артынан баспана таппай пәтер жалдап жүргеніміз. Міне, біздің бүгінгі кейпіміз осы.
Біз тұрмысымыз түзелмей, тірлігіміз кейін кетсе, еңбек етуге елден ұялып, қайыр тілейміз. Алақан жаюға арланбаймыз ғой сонда. Ал, тұрмысымыз түзеліп, пайдаға кенелсек, «жоқ» дегенді жадымызға жаттап, «жомарттың қолын жоқтық байлайды» деп отыра беретін болдық. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз». Қайырымдылық жасағанның өзінде соны суретке түсіріп, мақтанып, жұртқа «мен қайырымдылық жасадым» деп қуанатын болдық. Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесінді де естен шығардық. Ағайындылар араздасса, соттың алдынан бір-ақ шығатын болды. Ене мен келін, әке мен баланың мәселесін сот шешіп жатса, таңданбаймыз. Рухани жаңғырудың астарынан «Ағайын, біз қандай едік, қазір қандаймыз?! Ат айналып қазығына барушы еді, қазығымызды табайық» деген үнді естиміз. Шіркін-ай, соны бәріміз түсініп, жөнді бағытқа барсақ, қалай?! Ойланайықшы.
Тоқпақтай беріп қайтейік, тобықтай түйінін айтсақ, «жаһандануға жұтылып кетпейміз бе?» деп, маза бермеген ойдан арылып, астыңызға құлагерді мініп, үстіңізге қазақы ою-өрнекпен әрленген шапаныңызды, басыңызға бөркіңізді киіп, қолыңызға айфон, айпаттарды ұстап, «Мен – Қазақпын» деп кіріп барсақ, біреу басымызды алар ма? Ұлттық жаңғырудың ұлағаты осы секілді. Қазақ болайық, ағайын! Рухани жаңғырайық. Ел боламыз деп, ес жияйық, бесікті түзейік. Әлди айтайық, бесік жырын сәби құлағына сіңірейік.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
20 тамыз 2018 ж. 2 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 084

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031