» » Жұмыссыз, іссіз салбырап...

Жұмыссыз, іссіз салбырап...

3 желтоқсан (2020) күнгі "Сыр бойы" газетінде "Атакәсіптен неге алшақтаймыз" атты мақаланы оқып риза болдым. Автор Ержан Қожасов мал шаруашылығын жүргізудің мән-жайын талдап, оның ішінде қой бағатын адам табудың қиындықтарын айта келіп, оны шешудің жолдарын ұсынған. "Ит біледі сүйекті, шаруаны сұра малшыдан" (Базар жырау) дегендей, малшы болмасам да еңбек жолымды жұмысшылықтан (токарь) бастағасын осы мақала маған қатты ұнады, өзім екі қайтара оқып, үйдегілерге оқып бердім. Газеттің өзекжарды мәселелерге мән беріп, көпшілік назарын аударғаны қандай жақсы. Өзіміздің шаруаға қырымыздың жоқтығынан "Жұмыс жоқ" деген жаттанды сөзге үйірлігіміз, мамандық меңгеруге талаптанбай, қарауыл болуға құмарлығымыз жасырын емес. 40 пен 50 жастың арасындағы ер азаматтар үйінде жатып, әке-шешелері кеңсе жағалап ұлына жұмыс іздеп жүргендігі ақиқат. Өзім жиі естіп, көріп жүрген жағдайларды айтсам: – Мені жұмысқа орналастырып берсеңіз орамалым (ақшаны айтып отыр) дайын деп ағайын-туыстардың балалары келеді. – Сол қаражатыңмен крановщик, электрик, электрсварщик мамандықтарын меңгеруге неге ұмтылмайсың. Ертеде бір істі үйрену үшін шеберге бір бүйен сары май мен ыстық таба нан апарып, кәсіп иесінің қасында бірнеше күн болып өнерді үйренген. Сол ақшаңды берсең жоғары дәрежелі автокран жүргізуші немесе басқа кәсіп иелері сені орта дәрежелі маман етіп шығарады. Жұмысқа тұрып, біраз істегеннен кейін тәжірибе жинап толық маман боласың. Сонда сен ақшаны емес, ақша сені қуып жүретін болады. Аңдап қарасаң, газет беттері толғанкрановщик, электрик, электросварщик керек деген хабарландырулар, – деп шығарып саламын.
"Жұмыс жоқ" дегенге мен ғана емес, бүкіл жұмыс берушілер сенбейді. Өзімнің атымдағы серіктестікке жұмысшы табу мақсатымен қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмыссыздар тізімі жазылған қалың-қалың үш-төрт папкісін парақтап жұмысшылар таңдадым. 30-40 адамның мекен-жайларын, телефондарын алып хабарластым. Бір адам да жұмысқа тұруға келіспеді. Айтатындары "маған әкімдіктегі жұмыс керек. Күнделікті істегеніме қолма-қол ақша беріп тұратын жұмыс керек. Келісімшартпен, карточкама ақша аударып тұратын жұмыс қажет емес. Банкіге қарызым бар, менің жалақым өзіме тимей, банкінің талабымен сонда кетеді". Міне, ешбір жалғандығы жоқ – факт. Малшы болуға арланатын немесе мамандық игеруге талаптанбайтын көкжалқау жаңа қазақтардың кейпі осы және олардың саны жыл сайын артып келеді. Әке-шешелерін жұмыс іздетіп қойғандарына арланбайды. Осылай жалғаса берсе бұл ұлттық қасірет болғалы тұр. Қызылорда аяқ киім фабрикасын сатып алған інім Мұхамедке 1998-1999 жылдары "ұлыма жұмыс керек" деп талай ана келді. Ол болса, апа, мен күнімді көру, аштан өлмеу үшін Ауғанстанда көпшілік жүретін орындарда отырып аяқ киім тазаладым. Азын-аулақ ақша тауып, содан үнемдеп алғашында майда сауда-саттық жасадым, кейін орталау, содан ауқымдырақ саудамен айналыстым. Сіздің ұлыңыз неге осылай істемейді дейді ғой. Бұл әңгіме ол кісіге ұнаған жоқ. Сол үшін мына мысалды назарларыңызға ұсынамын:
Мұхаммед пайғамбарға бір мұсылман келіп, көмек сұрайды.
– Үйіңде ештеңе жоқ па, – дейді пайғамбарымыз.
– Бір жағын астымызға төсеп, екінші жағын жамылып жүрген жалғыз көрпеміз, су ішетін бір ыдысымыз ғана бар, – дейді.
Пайғамбар:
– Мына кісінің заттарын сатып алатын адам бар ма?
– Мен бір динар беремін, – дейді біреу.
– Одан көп беретін кісі бар ма?
– Мен екі динар беремін, – депті екінші бір адам.
Пайғамбар заттарды сол екі динарға сатып, әлгі адамға:
– Бір динарға отбасыңмен жейтін бір нәрсе сатып ал, тағы бір динарға бір балта сатып алып маған кел, – дейді.
Балтаны алып келген соң:
– Енді таудан отын кесіп әкеліп сат. Он бес күннен кейін келерсің, –дейді.
Он бес күннен кейін келген әлгі мұсылманның жүзі жадыраңқы көрінеді. Ол күніне бір динарға отын сатып, жартысын тамақ, жартысын киім етіпті.
Сонда пайғамбарымыз:
– Осылай еңбек етіп тапқан нәпақаң қайыршылықтан мың есе артық. Қолынан іс келетін адам тілемсектеніп, ақиретте жүзі қара болғанша, еңбегін сауып, адал өмір кешкені дұрыс, – депті.
Бұл мысал әр адамның есінде жүргені абзал.
"Алматы ақшамы", "Жас Алаш", "Ақмешіт ақшамы", "Сыр бойы", "Қазақ әдебиеті газеттерін жаздыртып алып оқимын. Мұны айтып отырған себебім, осы газеттерде және телеарналарда "жұмысшы қабылдаймыз" деген хабарламалардан көз сүрінеді. «Парадо́кс» емес пе?! (Ақылға сиымсыз, теріс әрекет пен теріс ұстанымдар).
Біз неге теріс жүреміз дегім келеді. Біз осы кімбіз? – деп неге өзімізге, өзіміз сұрақ қоймаймыз.
Аймағымызда ғана емес бүкіл Қазақстандағы құрылыс және басқа жұмыстарды өзбек мамандарының қолымен атқарғанымыз белгілі. Қазақ отырып алып, "міне өз қазағын жұмыспен қамтудың орнына өзбектерді жарылқап жатыр деп кінә артты. Өзбектердің бізге келетін мүмкіндіктері шектеліп еді, олардың атқарған жұмыстарын қазақтар мамандық дәрежелері жетіспегендігінен атқара алмай және жалқаулығынан құрылыс нысандарының жұмыстары баяулады, кейбірінде мүлдем тоқтап тұр. Тағы да парадокс.
Жалқаулыққа қатысты бір мысал. Жақында біздің көшелерге тротуар жұмыстары жүргізілді. Өзбектердің бір күнде атқаратын жұмыстарын қазақтар 4-5 күн істеді. Қимылдап жатқан кезі сирек, отырады да қояды. Осыны мына жұмыс қашан бітеді? «Бір дамбалды тіккеніме бір ай болды, әлі де ауы мен бауы бар» дегендей болды-ау, – деп әлеуметтік желіге салдым. Осыдан кейін қозғалыс болды, бірақ мандытқан жоқ.
Саққұлақ бидің айтқан «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі –талап, жолдасы – кәсіп, жолаушысы – ой, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық» - дегеносы қағидаты әрқайсымыздың моральдық кодексіміз болуы міндет. Олай емес, былай емес деп, қоғамның сырттай бақылаушысы болу оңай. Анам мені – Саңлаусыз болма, деп тәрбиелеген. Санамыздың сығырайған саңлауын кеңітейік.
Елімізде 250 мыңдай қазақстандық не жұмыс істемейді, не еш жерде оқымайды, деген деректі оқыдым. Осыған байланысты Кеңес кезеңі еске түседі. Жұмыссыз жүрген адамды, милиция арқылы бірінші ескерту жасап, оған жұмысқа тұруға мерзім берген. Сол мерзімде жұмысқа тұрмаса мәжібүрлеп жұмысқа орналастырған. Қармақшыдағы универмагтың үлкен терезесі әйнектерінің екі ортасына жұмысқа орналасуға құлықсыз әлгінің суретін іліп қойып «симулянт» деп әжуалап, қоғамның жағымсыз бейнесі ретінде оның жалқаулығын бетіне басатын, еді. Осы тәсілді әкімдіктер жасай алмас, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс жасап ретін келтірсе болатын сияқты көремін. Жұмыссыз, іссіз салбырап, маужырап жүргенді қазақ – Кәсіпсіз деп сөккен. Сілкінейік, кәсіптенейік, ағайын! Данышпан ақын Қадырдың «Еңбек» тақырыбына арналған мына шумақтарына назар аударыңыз. Мархабат.
Теріңді намыс сыдырсын,
Тіліп бір түскен қамшыдай.
Жотаңнан моншақ шұбырсын,
Әйнектен аққан тамшыдай.
Кеудеңді қуат кернесін,
Кернесін қуат ұдай кеп.
Уһ, деуге шамаң келмесін,
Жұмыстан шаршап құлай кет.
Жұмыссыз, іссіз салбырап,
Маужырап жүрсең сол азап.
Кетпеннен қарың салдырап,
Қалжырап жүрсең, ләззат.
Ләззат үшін төзгейсің,
Төзімің жетсе – нарлығың.
Шаршамай тұрып сезбейсің,
Он екі мүшең барлығын!

Сәпен АҢСАТОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
14 желтоқсан 2020 ж. 502 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 395

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 473

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930