» » Жасыл желекке де жанашырлық керек

Жасыл желекке де жанашырлық керек

Былтыр Бостан Қожахметұлы 60 жасқа толған мерейтойында 60 қаламша отырғызған болатын. «Ардагерлер аллеясында» қаз-қатар тізілген жас шыбықтар жақсы күтім алса, вандалдардың арам қолынан аман тұрса 3-4 жылда жемісін көреді деп едік. Алайда біз ойлағандай болмады.
«Туған жерімнің патриотымын. Ауылымның жасыл баққа оранып, көркейіп-гүлденгенін қалаймын. Мақсатым – туған жерімді түлету» деп еді жанашыр азамат сол кезде бізге берген сұқбатында. Саябақты түрлендіруді алдын ала ойлаған ол шие, қараөрік, қарақат, итмұрын сияқты жеміс ағашымен қоса, терек, үйеңкі, барлығы 60 түп отырғызған еді. Солай тұрғындар үшін жанға сая іздеген Бостан аға осы аралықта әр түп талды өзінің баласындай қызғыштай қорғап, мәпелей өсірді. Енді ғана еңсесін көтере бастаған шыбықтардың бірері кең жайылған бұтағынан «жараланып», сынып қалыпты. Жарқыраған шам, ыңғайлы орынтақ аман тұрмағанда, жас шыбықтың вандалдарға қандай қажеті болды екен дерсіз. Әрине, аллеядан әрлі-берлі өтсеңіз мұнтаздай тазалығына қарап таңданасыз. Сол жердегі қызметкерлер таң атқаннан тынымсыз тірлік етіп, қоқыстардан қору үстінде. Бірақ соның өзінде көріп тұрып қолындағысын жерге тастай салатыны бар. Мұның қасында қирата салу деген не тәйірі?!
Сонау 90-жылдары көшеге құрылыс жүргізу мүмкін еместей көрінетін. Салса қиратадының кері. Одан беріректе бұл да реттеліп, шектен шығу тыйылғандай болды. Демек сана да өзгерді деген сөз. Бірақ әлі де, әлі де мұндайын қоймайтындарды кім деуге болады? Өзіңіз де біліп тұрсыз ғой. Мұндай дәлдүріштердің ісіне қарап вандалдардың дәуірі әлі де өтпегенін анық аңғара алсыз.
Вандализм – көше қасіреті. Көшедегі сәнді жерлердің «шимай-шатпағын» шығаратын олар – аяушылықты білмейді. Ал сондай көше бұзақылары қайдан шықты? Әрине, вандализмнің тарихы әріде жатыр. Өкініштісі технологияның қарыштап дамыған заманында бұл қасіреттің әлі де тыйылмауы. Тентекті қашан тезге саламыз? Бұл да жауапсыз күйде.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар!» делінсе, олар: «Біздер ғана түзеуші» дейді. Сақ болыңдар! Шын мәнінде олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді» деп бұйырады. (Бақара сүресі, 11-12 аят). Мұхаммед пайғамбардың ардақты сахабалары өздеріне Мұхаммедтің «Соғыста балаларды, қарттарды жəне əйелдерді өлтірмеңдер, құрма ағаштарын, егістіктерді, жеміс беретін ешбір ағашты қиратпаңдар, өлтірілгендердің ағзаларын кеспеңдер» деп бұйырғанын жеткізеді. Демек шариғатта вандализм күнәға жатады. Сол үшін төбеден көзін сүзген камераға ілікпеймін дегенімен, жоғарыда тұрған Жаратушы бәрін бақылауда. Қызық көремін деп күнәмізді еселеп алмайық.
Түйін
Атасымен бірге тал еккен кішкентай балақай табиғатты аялауды сол мезеттен-ақ ұққан еді. Бүлдіршіннің санасында туған жеріне қамқорлық көрсету керегі сарнап тұр. Ал өзі еккен жас шыбықтың тіке өспегенін, өзгелердің оған қиянат жасағанын көрсе оны қалай қабылдайды? Енді ғана таза парақтан ашылған пәк сезім мен кіршіксіз таза көңілге дақ түспей ме? Сәл ғана ойланып көрейікші.
Айнұр ӘЛИ



01 желтоқсан 2020 ж. 505 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 389

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 466

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930