Аудан жастарының тұрғындарға үндеуі
Тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған ауданның таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Қазір аудан күн санап қарыштап даму үстінде. Қазақ халқы тазалыққа ерекше мән беріп, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын назардан тыс қалдырмағаны ертеден белгілі. Бұл орайда Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Әрбір қазақстандық өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы керек, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы қажет» деген болатын. Мемлекет басшысы биылғы жылды жалынды жастармен «Волонтер жылы» деп, барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктеді. «Тазалық - табалдырықтан басталады» дейді дана халық. Ауланы ретке келтіру, есік алдын көгалдандыру, оны ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, аудан тұрғындары тазалық мәселесіне бір ауыздан атсалысса, ауданымыз мұнан көркейіп, гүлденері анық. Құрметті аудан тұрғындары! Егер туған жеріміз жасыл желек жамылған, таза да көрікті аймақ болсын десек, бұл тазалық жұмыстарына науқандық шара деп қарамай, әр күн сайын ауламыз бен ауылымыздың тазалығына көңіл бөлгеніміз дұрыс деп есептейміз. «Таза ауланы бірге жасайық» атты экологиялық акциясына белсене қатысып, ауламызға тал егіп, таза ұстауға шақырамыз!