» » Сандық сыры

Сандық сыры

Күн суытып, аяз түсіп үлгерді. Жылдағы әдетімше, сандығымды ашып, ішінен қыстық киімдерді шығарып жатқан бетім еді. Соңымнан үлкен ұлым да ере кірді. Әлгі сандықтан құдды бір «қазына» шығардай қарап тұр. Төсекті де шашып тастай берген соң «шық» демесіме қарамады. Қызықтап жүр. Өзінің де киген иткөйлегін, бас киім мен жейделерін сақтап қойғанмын. «Мынау сенің бөпе кездегі киімің» деп көрсетіп қоямын. Анам да сандығына біздің бала күнгі иткөйлегімізді сақтап есейген соң көрсетті ғой. Мұның не әдет екенін білмеймін, бірақ өзім де балалы болған соң естелік деп
Өзіме сандық ашып жинаған қатты ұнайды. Бала күнімнен анам сандық ақтарса, жанына жетіп барып отыра қалам. Түйіншек-түйіншек орамаларды қарайды. Олардың ішінде не бары маған қызық. Содан анам ішіндегі заттың бәрін шығарып, қағып-сілкіп, бір тазартып алады. Керегін алып, қажетсізін тастайды. Әй, бірақ бәрі керек болар деп сандыққа үйе береді-ау...
Қажет болады дегеннен шығады ғой. Сандықты ақтарсам, ішінде бір қалтаны көріп ұлым:
–Анашым, мынау не?
–Бөкебай ғой, – деймін.
–Букебай?
Тілі енді ғана анық шығып келе жатқан ұлымның бұл айтқанына бір күліп алдым да:
–Басқа тағатын орамал ше...
Түсінбей аңтарылып қарайды. Бұрын-соңды көрмеген соң бұл зат оған таңсық болып тұр. Қазір баламның «мынау не?» деп сұрайтын кезеңі екенін жақсы білемін. Әлгі қалтаны ашып, бөкебайды басыма тарттым да, енді түсіндің бе дегендей кейіп таныттым. Ол да ұққандай басын изеді.
Бұл бөкебайдың жыры бір бөлек. Тұрмысқа шығар алдында анам екеуміз сандыққа салар деп киім-кешектің бәрін алдық. Ана деген баланың болашағын әріден ойлайды емес пе?! «Ол жақ сәл де болсын салқындау, сыртқа шыққанда басыңа ілетін бөкебай алсаңшы» деп қоймады. «Анашым, қажет емес» деп мен де қайтпадым. Ақыры алғызбадым.
Келін боп түскен алғашқы қыс қатты болды. Үйде жүрген соң кейде далаға жеңіл шыға саламыз. Ауылға бір барғанымда анам солбір бөкебайды сыйлап жіберді. «Ауру деген суықтан ұстайды, жылы жүресің, мынаны алып кет. Рақатын көресің» деп қоярда қоймай берді.
Айтса айтқандай, ызғарлы қыста қалың деген бас киімнен де суық ұрып кетеді. Ал сондайда бөкебайым көмекке келеді. Қыста далаға кіріп-шыққанда желең жүрмейін деп басыма іліп шығамын. Басыма таққан сайын анама ризашылығымды айтамын.
Кезінде «хит» болған бөкебайды қазірде көп тарта бермейді-ау. Көшеде бөкебайлы бірді-екілі апаны ғана кездестіреміз. Қош. Заманға сай түрлі бас киімдер шығып жатыр ғой. Десе де солбір бөкебайдың жылылығын бере алмас-ау, сірә...
Түйін. Өткенде жол жүріп пойызға отырғанмын. Атарбада саудагер де көп-ақ екен. Сапарлап шыққандардың керек-жарағы табылып жатыр. Саудагердің де қолы жүріп тұр. Ал бөкебай сатқан апаға тек «бағасы қанша?» дегеннен артық сұрақ қойылмады. Десе де ол үмітін үзген жоқ. «Бөкебай аламыз» деп вагон аралап кете барды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
25 қараша 2020 ж. 1 967 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 322

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930